«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨСКЕЙГЕ ТҮЛІК ТОЛАДЫ

Өтіп бара жатқан жылдағы ауыл кәсіпкерлерінің көңілінен шыққан қаржы нарығындағы игі бастамалардың ішінде, әсіресе, “Құлан” және “Алтын асық” бағдарламаларының маңызы зор болды. Ол төрт түлік мал асырап отырған ауыл тұрғындарына осыған дейін қара мал басын көбейтуге септігін тигізіп келген “Сыбаға” бағдарламасы сияқты жылқы және қой өсіруді дамытуды көздейді. Оларды жүзеге асыру “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдинг” АҚ-ның еншілес ұжымы – “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ға жүктеліп отыр.

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Серік Ахметбековтың айтуынша, аталмыш жаңа бағдарламалар өңірде кең өріс тауып, ауыл кәсіпкерлерінің қызығушылығын туғызуда. Оған республикалық жоспарлы көрсеткіштердің асыра орындалып отырғаны дәлел. Мысалы, облыста жылқы шаруашылығын дамытуға “Құлан” бағдарламасы бойынша 37 қарыз алушыға сомасы 311,6 миллион теңгенің несиесі берілді. Ауыл фермерлері мен жылқы өсірушілері бұл қаржыға 869 бас бие және 68 бас айғыр сатып алды. Осының өзімен-ақ республикалық жоспарлы көрсеткіштің 145 пайызға асыра орындалғаны оның болашағы мол екенін аңғартса керек.

– Бағдарламаның жеті айдың ғана көлеміндегі толық емес алғашқы жылындағы бұл көрсеткіш тіпті де жаман емес. Ауылда жылқы өсіріп, оны табыс көзіне айналдырғысы келетіндер көп. Бірақ олардың көпшілігі әлі осы “Құлан” бағдарламасынан құлағдар емес. Бұл орайда алдағы уақытта осы бағытта аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізуіміз керек. Ол ықтимал қарыз алушыларға бағдарламаның мақсатын түсіндіруден басталады. Қаржылық қордың несиесі жас биелер мен айғырлар сатып алуға беріледі. Несиелік қарыздың ең төменгі сомасы 4,5 миллион теңгеден басталады, несиелеу мерзімі – 10 жылға дейін. Жылдық сыйақы ставкасы – 14 пайыз, ал оның 7 пайызы демеуқаржымен жабылатындықтан, іс жүзінде 7 пайызды ғана құрайды. Сонымен бірге үш жылға дейін негізгі қарыз бойынша жеңілдік кезеңі бар. Оны ай сайын да, тоқсан сайын да, жарты жылда және жылына бір рет айып салынбаған несиелеу мерзімі ішінде жаба беруге болады. Қарыз алушыға қойылатын басты талап – оның қолында кемінде алатын малының 30 пайызы көлемінде жылқысы, ал ол болмаған жағдайда сондай сомаға шақталған қосақтап қаржыландыратын қаржысы болуы керек, – дейді Серік Мәркенұлы.

Яғни, ауыл кәсіпкерінде 100 бас жылқы алуға қаржылай көмек сұрауы үшін кемінде 30 бас өз жылқысы немесе соған баламалы ақшалай қаржысы болуы талап етіледі. Әрине, қалтасынан қаржы салып, несие алатындар табыла қоймас. Бірақ 30-50 бастан жылқы ұстайтындар жетерлік. Бағдарлама, міне, солардың қаржылай қолдау алып, жылқы үйірін көбейтуіне жағдай жасайды.

Аздаған айырмашылықтары ғана болмаса, “Алтын асық” бағдарламасының талаптары да осыған ұқсас. Мұндағы жеңілдік кезеңі – екі жыл. Сатып алынатын ұрғашы тоқтылар мен саулықтардың жасы 12-ден бастап, 36 айдан аспауы керек. Еркін ұрықтандыруда 30 бас қойға – бір қошқар, қолдан ұрықтандырғанда 50 басқа – бір қошқар, ал ұрық арқылы ұрықтандырғанда 500 басқа 10 қошқар талап етіледі. Сатып алынатын бір саулықтың қаржыландырылу көлемі 25 мың теңгеден аспауы тиіс.

Алдағы жылы бұл бағдарламаның асығы алшысынан түседі деп ойлауға болады. Әсіресе, жылқы мен қой малына жақын халқымыз осы өткелі тұрған жылда бастау алған бұл бағдарламаларды дер кезінде қолға алынған игі шара ретінде қабылдап, қой табынын көбейту үшін несие ала бастады. “Алтын асық” бағдарламасы бойынша 2014 жылы өңірдегі 31 шағын шаруашылыққа 134,6 миллион теңгенің несиелік қаржысы бөлінді. Олар оған өздеріне қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, 5083 бас ұрғашы тоқтылар мен саулықтар және 138 бас қошқар сатып алды. Қаржы орталығы қаржыландыру бағдарламасының бұл түрі бойынша да нәтижелі жұмыс жүргізіп, республикалық тапсырысты 102 пайызға орындады.

Өтер жылдың осы айшықты екі маңызды тапсырмасын ойдағыдай атқарған қаржы ұйымы өз әріптестерінің “Сыбаға” бағдарламасын сәтті жалғастырып әкетті.

– Ұлттық басқарушы холдинг шағын кәсіпкерлік құрылымдарына ірі қара өсіруге қолдау жасайтын “Сыбаға” бағдарламасын жүргізуді “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-дан алып, бізге тапсырды. Енді біз осы бағдарлама бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне несие береміз. Аудандардағы кредиттеу серіктестіктер жүйесі арқылы қаржыландырсақ, ең төменгі қарыз сомасы – 1 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін, ал өзіміздің “Аграрлық несие корпорациясы” арқылы қаржыландырсақ, ол 8,5 миллион теңгеден басталады. Несиелеу мерзімі – 10 жыл, жылдық сыйақы ставкасы 6 пайызды құрайды. Мұнда да жеңілдік кезеңі – 2 жыл. Қарыз алушыларға қоятын ерекше талаптарымыз – етті тұқымды селекциялық жас мал алуға тырысу, – дейді қор филиалының директоры.

Жыл аяғына дейін осы бағдарлама бойынша 75 қарыз алушыға 693,6 миллион теңгенің несиесі бөлініп, оған 3517 бас саулық мал және 134 бұқа сатып алынды. Аталмыш бағдарламалар бойынша облыс мал өсірушілерін қаржылай қолдау жұмыстары алдағы жылы одан әрі дами түседі деп ойлаймыз.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp