«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛҒАН ЖОҚ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, жаңажылдық мереке күндері өңір аумағында орын алған төтенше оқиғаларды баяндады. Баспасөз мәслихатында айтылған деректерге сүйенсек, биыл алдыңғы жылдарға қарағанда төтенше жайттар аз тіркеліп, бір қайғылы оқиға орын алған. Былтыр Жаңа жылды тойлау кезіндегі төтенше жайттан үш адам қаза тапқан болатын.

Биылғы Жаңа жылды мерекелеу күндері департаменттің диспетчерлік қызметіне 24 оқиға бойынша дабыл қағылған. Он оқиға өртке байланысты хабар берсе, тағы он жайт бойынша апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Екі келеңсіз жайтқа және қар құрсауында қалған екі автокөлікке құтқарушылар дер кезінде жеткен.

Жылдың бірінші күнінің іңірінде Петропавл қаласының Жамбыл көшесіндегі тоғызқабатты үйдің жетінші қабатынан өрт шықты. Оқиға барысында бір адам мерт болып, үйдің 40 тұрғыны лаулаған от пен қою түтіннен біраз әбігерге түскен. Бұған дейін, дәлірек айтсақ, өткен жылғы 16 наурыз күні осы пәтер өртенген кезде үй иесін құтқарушылар аман алып қалыпты. Ол сол оқиғадан сабақ алмаса керек, бұл жолы өмірімен қоштасты. Ішімдікке жақын марқұм өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған деген тұжырым жасалып отыр. Бір бөлмелі пәтердің іші толықтай күйген, жетінші қабаттың жоғары жағындағы пәтерлер түтінге ысталып, зардабын тұрғындар әлі күнге дейін тартуда.

Өңір аумағында өткен жылдың соңғы күні басталған бұрқасын бүгінге дейін саябырсымай тұр. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 23-30 метрге дейін жетіп, далалы аумақтарда боран басылар емес. “Тұрғындарға ұялы телефондар арқылы ауа райының қолайсыздығы туралы хабарламалар ұдайы таратылып тұрғандықтан, жол үстіндегі төтенше оқиғалар жылдағыдан әлдеқайда азайды”, – дейді бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы Рүстем Жұмағалиев.

Осы демалыс күндері жолда қалған 25 көліктің жүзге жуық жолаушысына құтқарушылар көмек көрсетті. Жол үстінде адамдардың өмірі мен денсаулығына зардап келетіндей оқиға орын алмаған. Тек Тимирязев пен Сергеевка, Саумалкөл мен Новоишимка ауылдары арасындағы тасжолдардың кейбір бөліктерінде көліктер бүгінге дейін тұрып қалуда. Құтқарушылар ол жолдарды ашу үшін сол аумақтардың жергілікті билігі қолдан келер көмектен тартынып отырған жоқ дейді. Бірақ жел бәсеңдемей тұрғандықтан, тазартылған жолдарды қайтадан қар алып қалуда.

Қуаныштысы – биылғы жаңажылдық мереке күндері пиротехникалық заттардан зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp