Қоғамда күйзелісте жүрген жандар аз емес. Мамандар, тіпті, соңғы жылдары жан күйзелісі екінің бірінде кездесетінін айтып, дабыл қағуда. Жалпы күйзеліс немесе депрессия дегеніміз не? Одан құтылудың жолы бар ма деген сауалдар әр адамды мазалайды.
Психология саласын зерттеп жүрген маман Дмитрий Агапов дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша депрессия кең тараған психикалық ауытқу екенін айтады. 2018 жылы әлемде 264 миллион адам осындай сырқаттан зардап шеккен. Дамыған елдерде бұл бірінші орында тұр. Аталмыш ұйым 2020 жылы әлемде барлық аурулар бойынша депрессия бірінші орынға шығатынын болжаған. Ал соңғы жылдары күйзелістен құтылу жолдарын насихаттайтын психологтардың кітаптарына сұраныс артуына қарағанда, стреспен күресіп жүргендердің қатары қалың екенін аңғару қиын емес.
– Күйзеліс бір-екі аптаға созылуы мүмкін. Кейде одан да көп. Осы уақыт аралығында адамның көңіл күйі болмайды. Өмірге деген құлшынысы төмендейді. Сондай-ақ, өзіне деген сенімі жоғалады. Тығырыққа тірелген адам болашағына күмәнмен қарай бастайды. Оны диагностикалау мен емдеу, ең алдымен, психиатр мен жалпы тәжірибе дәрігерлеріне жүктеледі, – деген психолог Дмитрий Агапов аурудың алдын алуға болатынын айтады.
Жас ұрпақ арасында стреске бейімділік жиі кездеседі. Соның нәтижесінде өзіне-өзі қол салып, өмірмен қоштасқан жеткіншектердің қатары көбеюде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 3,8 мың суицид тіркелген. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,4 пайызға артық. Бесіктен белі шықпай жатып, жасөспірімдерді мұндай қадамға итермелейтін қандай жағдай? Бұл жерде мамандар аяғы ауыр әйелдің көңіл күйі жатырдағы балаға әсер ететінін дәлелдегенін айта кеткен жөн.
– Мұндай жағдайға әрбір адам тап болуы мүмкін. Дұрыс ойлап, кез келген мәселенің шешімі болатынын санаға сіңіру қажет. Өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Әр жамандықтың артында жақсылық болады. Уақытша сынаққа сынып кетпеу керек. Қиындықтан қорытынды шығарып, ой түйген абзал, – дей келе Дмитрий Агапов күйзелістен қанағат пен мейірім құтқаратынын жеткізді. Психологтардың айтуынша, қарапайым нәрселерге қуану адам жанын рақатқа бөлейді. Оның көмегімен жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Сондықтан жаман ойдан аулақ болу қажет. Ал мамандар адам өзін жайсыз сезініп, өмірден құлазып, көңілі тыныштық таппаса, дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Күйзеліспен күресу қажет. Бұл туралы ата-бабамыз “Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің” деп бекер айтпаса керек.
Жасыратыны жоқ, еуропалықтармен салыстырғанда, біздің қоғамда психологтың көмегіне жүгінуге әлі де тартыншақтайтындар аз емес. Қиын жағдайға тап болғанда іштегі сырды ақтарып, біреудің ақылына жүгінудің несі айып? Сондықтан қоғамда қалыптасқан кереғар түсініктен арылатын уақыт жетті.
Көптен көріспей кеткен жақынымызды көргенде құшақтассақ, сағынышымыз басылғандай әсерде боламыз. Ғалымдардың айтуынша, құшақтасқан кезде адам бойынан жылулық пен мейірім шуағы бөлінеді екен. Сондықтан күйзелістің алдын алу үшін бір-бірімізді қуанта білуіміз, өзіміз де қуана білуіміз қажет.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.