БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде уағыздар орыс тілінде де айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсініктеме беруді жөн санадық.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған “дөңгелек үстелде” жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселені министрлік емес, осы шараға қатысушылардың бірі көтерген болатын. Жиын барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылған соң Дін істері және азаматтық қоғам министрі түсініктеме берген.
Министрлікке ел азаматтарынан исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы өтініштер түседі. Сондай-ақ, өтініштерде діндарлар осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдарды ұстанушылардан алуға мәжбүр екендігі туралы айтылады. Осы орайда өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибе бойынша мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндіруді ұсынады. Аталған мәселе көпэтносты елді мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.
Министрлік азаматтардан түсетін кез келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерін шешу министрлік құзыретіне кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталған мәселе бойынша шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуларыңызды сұраймыз.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отыра, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің баспасөз қызметі.