Тимирязев ауданы Тимирязев ауылындағы №18 өрт сөндіру бөліміне хабарласқан әйел Ленин ауылында жасы 80-нен асқан әкесі Ғабидолла Қасеновке шұғыл медициналық көмек қажет екенін, ал ауа райы жағдайына байланысты аудандық ауруханадан дәрігерлер келе алмайтынын айтқан.
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен анестезиолог дәрігер Абзал Бейбасынов жол талғамайтын “Нива Марш Бронто” көлігімен 60 шақырымдық жолға аттанды. Оқиға орнына келіп жеткен дәрігер төсек тартып, тілі күрмеліп жатқан қарттың ауруы тым асқынып кеткенін айтып, алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін шұғыл түрде ауруханаға жатқызуға кеңес берді.
Өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау прапорщигі Ескендір Көбеев аудандық аурухана жетудің өзі мұң болғанын айтады. Кейде қара жолмен, кейде жолсызбен жүре отырып ол бір жарым сағаттың ішінде науқасты ауруханаға жеткізген. Ғабидолла ақсақал көмек көрсеткен қызметкерлерге ақ батасын берді.