Ақ қайыңдар өлкесінің қытымыр қысы даламызға сән беріп, табиғатты ажарландырып қана қоймай, кейде «ұшпадай бөркін оқшырайтып киіп» алып әлек салатынын жерлестеріміз жақсы біледі. Кейде төпелеп жауған қар мен ұйытқыған боран коммуналдық қызмет мамандарын да әбігерге салып жатады. Көшелердің толассыз жауған ақ ұлпадан лезде тазартылуы – қарапайым еңбек адамдарына жүктелген міндет. Бұл жұмыстың қызығымен қатар қиындығы да бар. «Благоустройтво-Север» ЖШС-ның трактор жүргізушісі Ерболат Жармағамбетовтің жанында бір күн жүріп, коммуналдық қызметтің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Екі ауысымдағы еңбек
Сағат тілі кешкі алтыны көрсетпестен қала көшелерінде кептеліс орын алды. Тұрғындардың бірі жұмыстан үйіне бет алса, енді бірі балабақша мен мектепке жетуге асық. Коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы дәл осы жұрт жұмыстан үйге қайтқан сәтте қыза түседі. Өйткені таңалагеуімге дейін қалың қар басқан көшелерді мұнтаздай етіп тазалап, тұрғындардың қиындықсыз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау қажет. Уақытпен санасуды білмейтін еңбек адамдарының бұл жұмысы қандай құрметке болсын лайық.
– Боранды күндері екі ауысымда жұмыс істейміз. Бірінші топ кешкі сегізден таңғы алты-жетіге дейін көшені қардан тазаласа, екінші топтың жұмысы таңғы сегізде басталып, кеш қарайғанға дейін жалғасады. Шыны керек, қыс мезгілінде түнде сирек ұйықтайтынымды жасырмаймын. Таңғы уақытта тұрғындардың қозғалысына ешқандай кедергі болмауы керек, – дейді Ерболат Жармағамбетов.
Ерболат Бауыржанұлы 1974 жылы Есіл ауданындағы Талапкер ауылында дүниеге келген. Әкесі ғұмыр бойы механизатор болып жұмыс істепті. Жастайынан әке жолын қууды армандаған кейіпкеріміз мектепті тамамдағаннан кейін арнаулы оқу орнында білімін жетілдірген. 20 жылдан бері трактор тізгіндеп келеді. «Благоустройтво-Север» серіктестігінде еңбек етіп келе жатқанына биыл он жеті жыл.
«Біз автогрейдерлердің соңына ілесіп отырамыз. Қарды көліктің алдындағы күрекшемен қырып, артындағы сыпырғымен сыпырамыз. Содан кейін жолдың ортасына жиналған қар арнайы машиналарға тиеледі. Асфальттағы жол белгілері анық көрінуі үшін үстінен қайта сыпырып шығуға тура келеді. Бір жұмыстың сәт сайын қайталана бергені жүйкемізге салмақ салмай қоймайды», – дейді ол.
Адамдар қайда асығады?
Сағат түнгі он шамасында Жамбыл көшесінің бойын қардан тазалау туралы тапсырма түсті. Бірден сол жерге аттандық. Кейіпкеріміз, ең алдымен, көшеге қар тазалау жұмысы жүргізіліп жатқанын көрсететін арнайы белгілерді қойып шықты. Содан кейін негізгі жұмысына кірісе бастады. Трактордың ішінде отырып байқағанымыз, жолдың тазаланып жатқанын көре тұра жол белгілерін елемей ерсілі-қарсылы жүйткитін көліктер көп. Осы ретте жазушы Оралхан Бөкейдің: «Қазіргі адамдардың бәрі асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқандарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой», – деген сөзі ойға оралады.
Кейіпкеріміз жұмыс барысында түрлі төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардың орын алатынын бүгіп қалмады. Қар күреп жүрген тракторлардың алды-артынан өтіп кетпек болған талай көлік коммуналдық қызмет машиналарымен соқтығысқан. Сағат он бірге қарай «темір тұлпарлардың» қатары азая бастады. Дәл осы кезде коммуналдық қызмет маманы алаңсыз жұмыс істеуге кірісіп кетті.
Ауласын тазаламайтындар бар
Петропавл қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанның айтуынша, қала көшелерінің жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Коммуналдық қызмет мамандары қыс мезгілінде көшені жоспарлы тазалау үшін облыс орталығын тоғыз секторға бөледі екен. Тоғыз учаске бойынша жолдарды қысқы тазалау мен күтіп-ұстау жұмыстарына 170-тен астам техника жұмылдырылады. Қысқа дайындық барысында 5 мың текше метр құм-тұз қоспасы мен көктайғаққа қарсы 250 тонна реагент дайындалған. Қар тазалау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Алдымен магистральдық көшелер, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға кіреберістер тазалануы тиіс.
Ерболат Жармағамбетов жұмыс барысында қаланың шеткі «Солнечный», «Жұмысшы», «Береке», «Ойқала» шағынаудандарына да жиі барады. Оны жер үй тұрғындарының өз аулаларына салғырт қарайтыны алаңдатады. «Жер үйлерде тұратын азаматтар өз баспаналарының маңайын тазалауға келгенде көп жағдайда енжарлық танытады. Әрине біз жалғыз тұратын, жасы егде тартқан жандарға өкпелей алмаймыз. Тепсе темір үзетін жігіттердің қар тазалайтын тракторлардың жолын тосып тұратынына қайран қалмасқа амал жоқ», – дейді ол.
Отанды сүйсең — таза ұста
Ерболат Бауыржанұлының жанында өткізген уақытта оның өз жұмысына адал екенін ұққандай болдым. Түнгі үште тракторы істен шығып, оталмай қалды. «Басшылыққа «Сынып қалды», «Анау жоқ, мынау болмай тұр», «Уақыт жетіспейді» деген сылтауларды айтқым келмейді. Шамам келсе өзім жөндеуге тырысамын», – дейді ол. Қар тазалаушы екеуіміз тек жұмыс жайын ғана әңгіме өзегіне айналдырған жоқпыз. Жастар, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер, отаншылдық тақырыбында да тереңнен ой қаузадық. Ол әңгіме барысында жуырда Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатын оқып шыққанын айтты. Мемлекет басшысының: «Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондықтан айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек», – деген сөзін жаттап алғанын, оны реті келгенде әріптестеріне де айтып беретінін жеткізді. Ішімнен риза болып, сүйсінгенімді жасырмаймын.
Ерболат Жармағамбетов өзі тізгіндеген тракторды аптасына бірнеше мәрте жуып, тап-таза қалпында ұстайды екен. Жүргізуші отыратын кабинаны құдды бір шағын бөлме дерсің. Жүргізушіге қажетті заттардың барлығы өз орнында, айнадай жылтырап тұр.
Сағат тілі таңғы бесті көрсеткенде кейіпкеріммен қимай қоштасып, үйге қарай бет алдым. Ал ол жұмысын жалғастырып жатты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».