«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТПЕН ҮНДЕС

3 ақпанда Тайынша аудандық «Тайынша таңы» газетінің оқыр­ман қолына тигеніне 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында жергілікті басылым тайыншалықтардың өмір айнасына айнала білді.

Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіз мемлекетке айналған, бірақ әлеуметтік-экономикалық түйткілдер әлі де аз кездеспейтін кезеңде газет тілшілері қиындық­тарға өздерінің қуатты қаламын қарсы қоя білді, ел ырысын мо­лайту жолындағы ерен еңбектің, қажырлы қимылдың белсенді на­сихатшысы болды. Осылайша ау­данымыздың қайта түлеп, жаңғы­рып, жаңаруына өлшеусіз үлес­терін қоса білді. Уақыт талабымен үндескен, айтар ойы салмақты ма­қалалар жүйелі түрде жарияланып, басылымның өзіндік дәстүрі берік орнықты, газет тарихының жар­қын беттерінде жазылып қалды.

Басылым өзінің сара жолынан, ұстанған бағытынан тайған жоқ. Тәуелсіздік аясында өркендеген облысымыздың іргелі ауданы – Тайыншаның берекелі қазынасы мен құндылықтарын оқырман қауымға жеткізіп, талмай таныс­тырып келеді.

Мен газеттің тұңғыш редакто­ры ретінде 1000-шы санын оқыр­манға ұсынып отырғанымды ең бақытты сәтіме балаймын. Га­зетімізде Президент алға қойған міндеттер мен тапсырмалар, сон­дай-ақ ауданның әлеуметтік-эко­номикалық даму деңгейін көтеру бағытындағы іргелі ізденістер, жеткен жетістіктер, бағалы баста­малар, озық инновациялық бағ­дарламалар мен жобалар, бұдан бөлек, мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, тағы басқа мәселе­лер кеңінен қамтылуда. Басылым­ның мазмұнды шығып, уақытылы тарауына игі көмегін беріп отыр­ған аудан әкімі Берік Әлжановқа, мекеме, шаруашылық басшыла­рына, кәсіпкерлерге, бюджеттік сала жетекшілері мен қызметкер­леріне алғысымыз шексіз.

Заманауи технологиялар қа­рыштап дамыған және де жасанды интеллект пен ғаламтор үстемдік құрған қазіргі заманда журналис­терге қояр талап та, талғам да жо­ғары. Осы себепті қоғамдағы өзекті мәселелерді барынша жіті зерттеп, зерделеумен қатар ақпарат таратудағы жеделдік, ұшқыр­лық мамандыққа деген адалдық­пен, сергектікпен, ізденіспен ты­ғыз байланысты екенін жақсы түсінеміз. Осы үдерістер үдесінен көрінуге бар күш-жігерімізді жұм­сап келеміз.

Адам жанын жадырататын игі істермен қатар проблемалық та­қырыптар да аз емес. Солардың қиюын келістіріп, санаға сіңіріп, жүрекке ұялата білу әр тілшіден асқан жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Бұл орайда көпшілікті толғандыратын мәсе­лелелерді, өтініш-тілектерді әр­қилы мәнерде бере білудің мәні айрықша. Аудан, округ әкім­дерінің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерінде көтерілген проблемалық жайттардың қалай шешім табатыны, былайша айт­қанда, түпкі нәтиже анағұрлым маңыздырақ. Халық үніне құлақ асып, күрмеуі қиын күрделі мәсе­лелерді көтеріп жүрген мәслихат депутаттарының, жұмыс істеу тәжірибелері, жұмыспен қамту бағдарламалары, жаңашылдық­тар, әлеуметтік төлемдегі өзгеріс­тер, мемлекеттік қызмет көрсету, жастар бастамалары төңірегінде айтар ойымыз, ақпараттық-та­нымдық материалдар түгесіл­мейді.

Алдағы іс-қимыл жоспарымыз ауқымды. Жаңа айдарлар мен ар­найы беттер ашып, танымдық ма­қалаларды үзбей жариялауды көз­деп отырмыз. Мемлекеттік тапсы­рыс беру мөлшері көбейтілсе, га­зет тиражы да, сапасы да артары анық. Тәрбиелік жағынан мағына­лы мақалаларға еңбек адамы, қа­зақтың салт-дәстүрлері, өлкетану шежірелері арқау етілмек.

Журналистика – қызығы мен қиындығы қатар жүретін, асқан жауапкершілік пен кәсіби ше­берлікті, білімділікті, ізденісті қа­жет ететін сала. Жекелеген адам­дардың тағдыры арқылы да қо­ғамдық болмысқа баға беріліп жатады. Қалам тербеген кез кел­ген тақырып шынайы суреттелсе ғана діттеген межеге жеткенің.

Гүл НҰРАЛИНА,

«Тайынша таңы» аудандық

газетінің редакторы, «Ақпарат

саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Тайынша ауданы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp