«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТЫҢДЫ УЫСЫҢНАН ШЫҒАРМА!

Құрбым құмсағат сыйлады. Содан бері менен маза кетті. Әлгі құмсағатқа көзім түссе болды, бір қасық құммен менің бүкіл ғұмырым өтіп жатқандай күй кешемін. Құм сусып түскен сайын ортасы ойылып, азая бастайды. “Осылай менің де өмірім өтіп жатыр-ау…”.

“Уақыт – жақсы ұстаз”, “уақыт – емші”, “уақыт – тәуелсіз”, “уақыт – таразы”, “уақыт – опасыз”… Қалай десек те, уақыт – біздің өмірлік серігіміз, мәңгілік бәсекелесіміз. Әр күнімізді қалай өткізіп жүрміз? Осылай өзімізге есеп беруге де жүрегіміз дауалай бермейді. “Есіл уақытым босқа өтіп барады. Өз орнымда, өз төбешігімде тұрып уақыт өткізсем, өкінбес едім”, – деген екен ақын Қасым Аманжолов. Көпшілігіміз осылай толғанбаймыз-ау. Өз орнын тауып, өз төбешігінде тұрып, келер күнді қарсы алғандарда арман жоқ шығар. Тас екеш тасты да тоздыратын уақыт бізге мейірімділік танытатындай бейқамдығымызды баланың аңғалдылығына балауға болады. Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Сол себепті дүниеде уақыт белгілегеннен артық демократия жоқ. “Қамшының сабындай қысқа ғұмырды” пайдалануымызға қарай біріміз төрге шықсақ, екіншіміз табалдырықтан әрі аттамаймыз. Әркім өз еңбегінің жемісін көреді. Мәселен, бүкіл әлемге танымал КСРО Ғылым академиясының академигі Отто Юльевич Шмидт 14 жасында өз өмірінің жоспарын егжей-тегжейлі жасаған көрінеді. Бұл жоспарында ол өз өмірінде қандай кітаптарды оқып бітіруі тиіс екендігін, қандай ғылымдарды игеруі, қандай мәселелерді шешуі керектігін және физикалық тұрғыдан даму жолдарын айқындап көрсеткен. Алайда, осының бәрін жазып-сызып, ойға алғанды толық жүзеге асыруға қанша уақыт кететіндігін есептеген кезде 900 жыл дөңгеленіп шыға келіпті! Оған осыншама ғұмырды кім берсін?! Жоспарын айтарлықтай ықшамдап, тағы да есептейді. Соның өзінде 500 жыл керек болады. Тағы да қысқартады. Ақырында 150 жылға саятын бағдарлама шығарады. Өз өмірін сағат, минутына дейін жоспарлаған ол манағы жоспарын толық орындайды. Ал ол неше жасында қайтыс болды? 64 жасында! Яғни, ол өз жоспарын 3 еседей артық орындаған!!!

Біздің арамызда Отто Шмидтей бесіктен белі шықпай жатып болашаққа көз тіккен, алдағы өміріне жоспар құрғандар бар ма екен деген оймен 18-20 жас аралығындағы студенттерге “Алдағы уақытқа жоспар құрдың ба?” деген сауал жолдаған едік. Жастардың дені жоспар құрмайтындықтарын, күнделікті атқаратын жұмыстарын ойша белгілейтіндіктерін айтты. Кейбірі: “Жоспар құрудың қажеті жоқ, әр нәрсе өз жөнімен болады”, “Уақытқа қарап, уақыт санағанды жек көремін” деген пікірлерін жеткізді. Осылай тек бірді-екілі жастың ғана болашағына жоспар құратынын аңғардық.

Бұған не себеп? Діліміз! “Уақыт көрсетер”, “Ертең де күн бар”, “Ештен кеш жақсы” деген жұбату сөздерді көп қолданып, “Алла бұйыртса”, “Құдай жазса” деген сөздерді көңілге медеу тұтамыз. “Құдай сәтін салсын!” деп білек сыбана кірісетін батылдық екінің бірінде кездесе бермейді.

– Пайғамбарымыздан жеткен хадистің бірі – “Адамдардың көбі білмей өткізіп алатын екі нәрсе бар, ол – денсаулық және бос уақыт”. Уақытты тиімді өткізудің қадірін ислам діні бүге-шігесіне дейін анықтап берген. Себебі, ақыретін ойлаған адам бұл өмірдегі әрбір минутын пайдалы өткізуге тырысады. “Бес нәрсені бес нәрсе келмей қадірін біл: кәрілік келмей тұрып жастықтың, ауру келмей тұрып денсаулықтың, қиындық келмей тұрып бос уақыттың, өлім келмей тұрып өмірдің” делінген тағы бір хадисте. Себебі, ең үлкен сырап дүние емес, ол – уақыт, – дейді қалалық “Нұр” мешітінің имамы Әбілхан Жәпішев.

Уақытты қадірлеу жөнінде ой толғағанда “мірдің оғындай” дана сөздерімізді тізіп айтудан алдымызға жан салмаймыз. Осы орайда табиғаттың мына бір құбылысына назар аударайық. Әлемде таң атқаннан кеш батқанға дейін ғана тіршілік ететін көбелектер бар. Арасындағы ең мықтысы 2 күнге шыдаса, рекорд болып саналмақ. Алайда, көбелек екеш көбелектің өзі сол екі күннің ішінде мыңдаған гүлдерді тозаңдандырып, бір күнде 1000 тұқымдай тастап кетеді екен. Кейбіріміз болашаққа құрған жоспарымызға өзімізді қамшылап жүріп қол жеткізуден гөрі, “уақыт тапшы” деген желеумен қолды бір сілтеуге дайын тұрамыз. Біз осылай ой толғап жүргенде Батыс елі минуттарды өзіне бағындыруға тырысуда. Біз де солар сияқты уақытты қадірлеп көрейікші. Ұтылмаймыз! Уақытымызды бар болғаны 5 пайызға тиімді ұйымдастыра білсек, онда 8,5 сағат уақытты үнемдейді екенбіз. Бұл бір жылда 435 сағатты құрайды. Осы орайда әр минутын пайдасына жаратқан елдермен бір деңгейде тұру үшін қазақша тайм менеджментімізді қайта қарастыруымыз керек сияқты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp