Соңғы жылдары автокөлік құжаттарын электронды түрде рәсімдейтін қазақстандықтар саны біршама артқан. Электронды үкімет порталы арқылы көлігін тіркеп, жүргізуші куәлігін ауыстырған жүргізушілер онлайн жүйенің тиімді екеніне көз жеткізуде.
Былтыр онлайн әдіспен рәсімделген жүргізуші куәліктерінің саны 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 есеге, ал қайта тіркеуге қойылған көліктер саны 20 есеге артты. Егер 2018 жылы 19409 қазақстандық жүргізуші куәлігін онлайн түрде рәсімдесе, өткен жылы жүргізуші куәлігін электронды өтініш арқылы ауыстырғандардың саны 153 мыңнан асқан. Сондай-ақ, онлайн түрде көлікті қайта тіркеуге қою қызметтерінің көрсеткіші де жоғары болған. Бұл қызмет 2019 жылы 100 мың рет пайдаланылған. Ал 2018 жылы тек 5 мыңды құраған еді.
Көлігін онлайн түрде тіркеген тұрғынның бірі – Қайырбек Қорабаев. Сатушы Нұр-Сұлтан қаласында болғандықтан, көлікті электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеген. Азамат осылайша халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрмай-ақ мәселесін шеше алған.
Ерназар НҰРҒАЛИЕВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы.