
Өз ана тілінде еркін сөйлеп, сауатты жаза алатын және терең меңгергендер ғана халықтың рухани болмысын ғасырдан-ғасырға сақтап, тіл жанашыры ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе алады. Осындай салиқалы ұрпақ тәрбиесі алдымен отбасында беріліп, кейіннен білім беру мекемелерінде жалғасын табады. Оған балабақшадағы тәрбиешіден бастап, мектеп, орта, жоғары оқу орындағы ұстаздар барынша атсалысуға міндетті.
Педагог К.Ушинский: “Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана – мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтасымен оның мұғалімдігі де жойылады”, – деген болатын, сондықтан да ұстаздар қауымы күнделікті өмірде болып жатқан өзгерістерге тез бейімделіп, жаңа заманауи талаптарды жылдам меңгеруі керек деп ойлаймын. Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқытушылары да уақыт талабының үдесінен шығуға тырысуда.
Бүгінгі күні университеттің профессор-оқытушылар құрамының 25 оқытушысы “Өрлеу” біліктілікті арттыу орталығының облыстық филиалында “Латын графикасына көшу жағдайында жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының кәсіби құзыреттілігін арттыру” тақырыбындағы екі апталық онлайн курстан өтіп жатыр.
Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру” кафедрасының аға оқытушысы, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тренер Қарашаш Жамантаева мен “Гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар” кафедрасының дәріскері Гүлзат Әлжанова онлайн сабақты заманауи әдіс-тәсілдер арқылы түсінікті түрде жеткізуге тырысуда. Цифрлық білім беру ресурсын тиімді қолданып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, оны түрлі деңгейлік, шығармашылық тапсырмалар негізінде бекітуде. Дәріскерлердің әр сабаққа үлкен дайындықпен келетіндігі сезіледі. Тыңдаушылар теориялық біліммен қатар әдістемелік жағынан да біліктіліктерін арттыруда. Курс барысында жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін, оны үйретудің әдістемесін де игеріп жатырмыз.
Университетімізде “Мәдени мұра”, “Мәңгілік ел”, “Рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” атты халық руханиятын сақтауға арналған тарихи-мәдени бағдарламалар аясында қыркүйек айында “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты танымдық сабақ жүргізілді. “Тілдерді білу – қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі факторы” атты аймақтық полиглот сайысы, тіл және әдебиет институтында “Жаңғыру жазудан басталады” атты диктант жазу ұйымдастырылды. Қазан айында “Ұлы дала бетбұрысы” атты эссе байқауы өткізілді. Осылайша ұстаздар қауымы жастарды сабақта және одан тыс уақыттарда да түрлі патриоттық шараларға қатыстыру арқылы отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісіне өз үлестерін қосуда.
Самал ЖУАНЫШПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің практикалық қазақ
тілі кафедрасының доценті.