
Бүгіндері облыс диқандары жаз бойы маңдай терін төгіп, қажетті агротехникалық шараларды жүргізіп, өсірген мол астықты уақтылы және сапалы жинап алу жолында бар күш-жігерлерін жұмсап, күзгі жиын-терім жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізіп жатыр. Ауа райының әрбір қолайлы сәтін ұтымды пайдаланып қалуды мақсат тұтқандар уақытпен санаспай еңбек етуде.
Сәрсенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов жұмыс бабындағы сапармен Шал ақын, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болып, күзгі орақ науқанының барысымен танысты. Облыс әкімінің жұмыс сапары «АзкоЖаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабынан басталды. Бұл шаруашылық жеті жоғары өнімді комбайнның көмегімен 17 тамызда егін орағына кірісіпті. Жіті қимылдың арқасында бір апта ішінде арпа мен сұлы толық жинап алынған. Бүгіндері «Омбы 36» сұрыпты бидай дестеге түсірілуде.
– Шал ақын ауданында биыл 186,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілді. Осы күнге дейін астықтың үштен бірі жиналып алынды. Гектар берекелігі 14,4 центнерден айналуда. Ауа райы қолайлы болса қыркүйек айының екінші онкүндігінде орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Астық қабылдау кәсіпорындары мен элеваторлар жұмысқа сақадай сай дайындалған, – деді Шал ақын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Раисов.
Егін басында диқандармен әңгімелескен өңір басшысы синоптиктердің болжауынша қыркүйектің үшінші онкүндігінде ауа райының қолайсыз болатынын ескертіп, егін орағын уақытпен санаспай жүргізу және сапалы аяқтау қажеттігін атап көрсетті. Өйткені, уақыт найқалуды күтпейді.
Сергеевка қаласында облыс әкімі орталық қазандықты орнату барысымен танысты. Жаңадан орнатылатын екі қазандықпен қыс айларында балабақша, орта мектеп, әкімдік пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимараттары, төрт көпқабатты үй жылытылатын болады.
«ТрансАгроИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл қызылша өсірудің жаңа технологиясын қолдануда. Шаруашылықтағы қызылшаның «Кристелла» сұрыбынан қант өндірілетін болады. Ауданда қант зауыты салынып жатыр. Зауыт пайдалануға берілген соң 84 жұмыс орны ашылмақ. Биыл шығымдылығы жақсы қызылшаны жинау 10 қыркүйекте басталады, оның әр гектарынан 75 тоннадан өнім жиналмақ.
Ерік Сұлтанов «Гермес-Агро» ЖШС-нің егістік алқабының басында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездескен соң Волошинка – Сергеевка – Тимирязево автомобиль жолының бөлігін жөндеу жұмыстарымен танысты. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде бұл жолдың бір километрге жуық бөлігі көлік қатынасы үшін жарамсыз болып қалған еді. Қазір жолдың осы бөлігі тегістеліп, ағынды судан қорғайтын бөгесінмен қоршалған. Келесі жылы жол жабындысы көтеріліп, су өткізетін құбырлар салынып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Қазір нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
Тимирязев ауданында өңір басшысы «Атамекен Агро Тимирязево» ЖШС-нің егістік алқабында болып, орақ барысын көрді. Ерік Хамзаұлы гектар берекелігін 25,5 центнерге жеткізген диқандардың еңбегіне жоғары баға берді.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан облысымыздағы ең астықты өңірлердің бірі болып саналады. Бұл ауданның агроқұрылымдары да астықтан мол өнім алу, орақты уақтылы аяқтау жолында уақытпен санаспай еңбек етуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.