“Оқырманның жүрек сыры” айдарымен түрлі тағдыр иелері жайлы мақалаларды үзбей беріп келеміз. Осылай жан сырын жүрек түкпіріне, көңіл төріне бүккен қаншама кейіпкерді сөйлеттік. Шынымен де, өмірдің жүгі ауыр. Бұралаңы мен бұрылысы көп тағдыр соқпағында адаспай тура жол табу әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Кейіпкерлеріміздің арасында қиындықтың қамытын кигендер де, өмірдің тәтті сыйын көргендер де бар. Ал біздің мақсатымыз оқырманға ой салу. Өйткені, өмір көшінде сүрініп кетіп құлап жатқандар да, адасып жүріп дұрыс жол тапқандар да аз емес. Ендеше, өзгенің өмірінен сабақ алайық. Адамға бір-ақ рет берілетін ғұмырдың бағасына жетейік. “Оқырманның жүрек сыры” айдарының бүгінгі қонағы – Айбала Мәженова. Ол кісінің есімі облыс жұртшылығына жақсы мәлім. Құрбыларының алды болғанын, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенін, еңбегімен көпке жаққанын журналистер қауымы да талай рет сүйіншілеген еді. Ал бүгін Айбала Тоқпанқызы өмірінің өткен күндеріне көз жүгіртер жасқа жетті. Сондықтан да түйгені мен көргенін ортаға салып, ой бөліскісі келеді.
Айбала МӘЖЕНОВА,
еңбек ардагері:
“Уақыттан асқан билік жоқ,
Уақыттан озған жүйрік жоқ,
Адамға Алла бұйыртқан
Уақыттан қымбат сыйлық жоқ.
Жас өткен сайын кісілер,
Уақыттың сырын түсінер.
Азайып сенен үлкендер,
Көбейер сенен кішілер”, деген өлең жолдары өмірдің өткінші, уақыттың ұшқыр екенін ұғындырып тұр емес пе?! Біз де кеше ғана қос бұрымы желпілдеген жаста едік, бүгін алпыстың төріне озғанымызға илана алар емеспіз. Уақыт оқтай зымырайды, желдей еседі, көзді ашып-жұмғанша күн ұясына қонады. Әрине, тағдырға өкпем жоқ. Бірақ Алланың бізге берген аманаты – алтын уақыттың қадіріне жете алмағанымызды кеш түсінеміз. Адамды қартайтып, қаусатып тоздыратын уақыт біз үшін – ұстаз, тәрбиеші. Сонымен қатар уақыт – жан жарасын емдеп жазатын емші. Ой жүгіртіп, көңіл көзін кеңірек ашып қарасаңыз, бұл дүниеде уақыттан құдіретті не бар?!
Әрқашан алдымызға мақсат қоямыз. Өмір бойы сағым қуып, жақсылықтарға ұмтыламыз. Небір қиындықтарды еңсереміз. Бірақ соңында осының бәрі түкке тұрмайтын, алдамшы екеніне көзіміз жетеді. Адам ғұмыры көл бетіндегі толқын секілді. Кейде бізді жағаға ұрады, кейде көкке көтереді. Сөйтіп, әуре-сарсаңға салады. Уақыт жайлы бекерден-бекер сөз қозғап отырғаным жоқ. Уақытын өзіне, қымбат жандарға арнаған адам ғана бақытты. Мен бейбақ соны ардақты жұбайымнан айырылған сәтте ғана түсініп, қолымды мезгілінен кеш сермеп отырмын. Сондықтан да іні-сіңлілеріме қамшының сабындай қысқа ғұмырда отбасының орнын түсініп, бала-шағаның ортасында бақыттың бал дәмін тататын уақытты өткізіп алмаңыздар дегім келеді.
Күздің адам жанын тоңдырар күндерінің бірінде жұбайымнан айырылып қалдым. Оның мәңгілік сапарға аттанғанына, міне, қырық күн толып отыр. Өмірлік серігіңнің, айнымас досыңның, ең жақын адамыңның қайтып келмейтінін түсінгенде алдамшы ғұмырдың опасыздығына налисың.
Серік екеуіміздің қол ұстасып, арман жолына бірге аттанғанымыз кеше ғана сияқты еді. Ал бүгін ойлап отырсам, қырық жылдан астам уақытты артқа тастаппыз. Тағдырдың күңгейін де, көлеңкелі сәттерін де басымыздан өткердік. Ол күндер менің ең бақытты, аяулы шақтарым екен ғой. Жұбайымды ойлап жаным жабырқайды. Өткен күндердің естелігі ғана жүрек жарасына ем.
Серікті қандай қылығыммен баурағанымды кім білсін, өзі бір көргеннен жүрегін сезім оты шарпығанын айтып отырушы еді. Есіл ауданындағы Амангелді ауылына пионерлер ұйымының жетекшісі боп келгенде өмірлік серігімді осы жерден жолықтырам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мақсатым көп, арманым зор. Сондықтан да жігітпен көңіл жарастырып, киноға баруға немесе қыдыруға менің уақытым жоқ. Әрі әжемнің үйден шығарда айтқан ақылынан аттап кетуге болмайды. Өйткені, жас та болсам, сол кездің өзінде өмірдің сынағына тап болған пенденің бірі едім. Он екі жасымда анамнан айырылып, сол жылы екі бірдей сіңлімді де сұм ажал жалмап, жүрегіме жазылмас жара, өшпес із салды. Әжеміздің бауырында өстік, ақылын тыңдадық. Өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме бас-көз болуым керек. Иә, өмір мені ерте есейтті. Ал Серік болса, ешкімге көз қырын салмай, асқақ жүретін бойжеткенді сыртынан бақылапты. Бір күні сезімін білдірді. “Жоғары оқу орнына түсіп білім ал, еркелігіңді қой”, – деп өзімше ақыл айтып, жол сілтедім. Ешкімге есесін жібермейтін оның менің сөзіме иіле қаларына сенген жоқпын. Бірақ қателесіппін. Ол алтын уақытын босқа жібермей сол жылы Ресейдің Қорған қаласындағы машина жасау институтына оқуға құжаттарын тапсырып келді. Кейін емтиханнан да сүрінбей өтіп, студент атанды. Бұл 1973 жыл болатын. Бұдан кейін біздер хат алмасып тұрдық. Бір-бірімізге жеке басымыздағы жаңалықтарды жеткізуге асығамыз. Күнде болмаса да, күнара пошташы Серіктің сағынышқа толы хаттарын қолыма ұстатып кетеді. Мен оны оқығанша асықпын.
Жылдар жылжып, айлар өтіп жатты. Басшылықтың менің жұмысыма көңілі толса керек, бір күні маған сол уақыттағы жоғары партия мектебіне оқуға жолдама берді. Сонда бір жыл білім алғаннан кейін бізді Кеңес одағы тұсында өте танымал болған Қара теңіз жағалауындағы “Артек”, Ленинградтағы “Зубренок”, “Орленок” балалар лагерьлеріне екі жылдық келісімшартпен қызметке жіберді. Серік Қорғанда, ал мен алыстағы Қырымда, арамызды мыңдаған шақырымдар бөліп жатса да, жүрегіміз бірге еді. “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл”, – демей ме Абай атамыз. Бүгінгі күннің биігінен ой түйсем, сол уақыттағы жастардың адалдығына, тәрбиенің құлы болғанына сүйсінемін.
Біз 1975 жылы тамыз айында шаңырақ көтердік. Жазғы демалысқа елге келгенде үйлену тойымыз өтті. Ал үшінші күні ұшақпен қайтадан Қырымға ұштым. Серік әлі студент, ол да Қорғанға жол тартты. Екеуіміз екі жыл бойы елден жырақта, шетте жүрдік. Бір-бірімізбен сирек көрісеміз. Бірақ соның өзінде арамызға сызат түскен жоқ.
Қырымда пионер лагерінде қызметімді жалғастырып жатқан күндердің бірінде, бөлмемнің балконына шығып, кешкі табиғатты тамашалап, терезеден сыртқа қарап тұрсам, біреу “Айбала” дейді. Қарасам Серік. Мені іздеп келіп, енді қалай табамын деп тереземнің түбінде ойланып тұрған беті екен. Құдайдың құдіретін айтсаңшы, ғашық жүректі адастырмай алып келіпті. Әйтпесе, “Артекте” болғандар жақсы біледі, ол жерден іздеген адамыңды табу өте қиын. Өйткені, өте үлкен, бір шетінен екінші жағына жету үшін қаншама уақыт жоғалтасың.
Серіктен айырылып қалғаннан бері онымен бірге өткен тәтті күндер жиі есіме түседі. Қазақта “өлгеннің артынан өлмек жоқ” деген тәмсіл бар. Уақыт өзі емші ғой. Адамның жүрегіндегі қайғы-мұңды да уақыт қана емдей алады. Сондықтан адамдар көзі тірісінде бір-бірінің бағасына жетуі керек, сыйласып өмір сүруі керек. Алтын уақыттың қадірін білгені жөн.
1977 жылы елге оралдым. Ушинский атындағы педагогикалық институттың комсомол және партия кафедрасына қызметке орналастым. Ол да өз мамандығы бойынша еңбек етті. Бір жыл өтер-өтпестен партия ұйымына шақырту алдым. Жұмыстан бас көтере алмаймын, жауапты міндетті арқалап жүру үшін Серікке арқа сүйедім. Маған әрдайым қолдау білдіріп, қолпаштап отырушы еді. Енді ойлап отырсам, уақытымның денін қызметке арнаппын. Жұрт қатарлы өмір сүруге тырыстық, екеуіміз қосылған жылдары қазіргі нан-тоқаш комбинатында кешкі жұмысқа да жегілдік. Біз ылғи бір нәрсеге үлгере алмай қалатындай асығып жүреміз. Сөйтіп, жүріп өмірдің лезде өте шыққанын білмей де қалыппыз.
Ардақты жұбайымның тағы бір ерекше қасиетіне ылайым сүйсініп отырамын. Ол өз үйінің үлкені, мен де балалардың алдымын. Соңымыздан ерген іні-қарындастарымыз, сіңлілерім бар. Бүгінгі күні ойлап отырсам, біз 18 бауырымызды үйімізге тұрғызып, қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетіп, өмірден өз жолдарын табуына жәрдем берген екенбіз. Студенттердің ешқайсысына да қабақ шытқан күні жоқ. Кішкентай баладай аңғал, ақ көңіл еді.
Ол қызымыз Мәриямды ерекше жақсы көретін. Өте балажан болды, оның әрбір қадамына алаңдап, жанын шүберекке түйіп отыратын. Осы бертін дастарқан басында әңгімеден-әңгіме туды. Сол кезде ол “Ажал айтып келмейді, ерте ме, кеш пе бәріміз де мәңгілік сапарға аттанамыз. Мені туған жерім Амангелдіге апарып, әуре болмаңдар. Бескөл ауылының зиратына жерлерсіңдер. Өйткені, қызым Қызылжарға келе жатқанда көз қырымды салып, жолға қарап жатамын ғой” , – деді. Мәриямның жұбайы Жасұланға деген ілтипаты да өзгеше еді. Оның жақсы жігітке тұрмысқа шыққанын көріп, көңілі орнығып кетті.
Өте бір риза болған күндерінде атымды атамай “Айкен” деп еркелетуші еді. Мені әжем ғана осылай атайтын. Содан кейін осы сөз Серіктің ғана аузынан шықты. Оның осы бір-ақ ауыз сөзі менің жанымды жылытатын.
Дәм-тұзы таусылуға жақын қалған күндерінің бірінде оның түсіне менің әжем кіріпті. Таңертеңгі шай үстінде: “Әжем біздің үйге қонаққа келіпті. Қолында үлкен ақ орамал. Арба сүйретіп жүр. Мына көлікке сені салып алып кетуге келдім. Бірақ сен бұған сыймайтын сияқтысың. Одан да ұшақты тос, сені алып кетеді”, – деп түсінде көргенін баяндап берді. Мен оның әңгімесін жақсылыққа жорып, сырқатыңнан айықтың, еш нәрсені уайымдама деп жұбатқандай болдым. Сол уақытта оның небары төрт күн ғана өмірі қалыпты.
Екеуіміз соңғы төрт жылда облыс орталығының іргесіндегі Кривоозерка ауылынан үй алып, құс өсірейік, бау-бақша ұстайық деп шештік. Өйткені, өмір бойы еңбектен қол үзбеген адамның үйде отырып қалуы қиын ғой. Сөйтіп, Серік екеуіміз жаздыгүндері ауылдамыз, қыста қаладағы шаңырағымызға келетін едік. Осы күндер енді маған қалған ғұмырымда жүрегіме желкен, жаныма демеу болады. Өйткені, жастық шақта қызметтен бас көтере алмадық. Бір-бірімізге жанашыр, тілекші екенімізді енді түсініп, бұған дейін бірге өткізе алмаған күндердің орнын толтырып, алаңсыз тірлік кешіп жатқанда жұбайымнан айырылып қалдым.
Осындайда халқымыздың “уақыт деген ұлы патша ұрпағы”, деген сөзі ойға оралады. Өйткені, уақытты алтынға да сатып ала алмайсың. Құрметті оқырмандар, ханнан да қадірлі уақытты жақындарымызбен бірге өткізейік.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.