Сірә, адамды сыртқы кескін-келбетіне қарап бағалау жөн емес. Өр тұлғалы, қайтпас қайсар рухты болып көрінетін кейбіреулермен жақынырақ таныса келе, сырт кейпі алдамшы екеніне көз жеткізесің. Сызданып сырт көзге сыр бермегенімен, сырласқан кезде өзі отырған биіктен анағұрлым төмендігін, батылдығынан боркеміктігі басым екенін сезесің. Ал кейбіреулер, керісінше, алғашқыда қарапайым көрінгенімен, өмірдің сан соққысына тойтарыс бере білетін, жандүниесі бай адам болып шығады. Әлбетте, мұндай адамдар мақтан сөзге мұздай еріп, асып-таспайды, байыптылығынан ешқашан таймайды. Біздің кейіпкеріміз де сондай жандардың бірі. Шалғайдағы қазақ ауылынан түлеп ұшқан қарапайым қыз. Аты-жөні – Дина Жанұзаққызы Әбілмәжінова. Көпшілікке таныс есім. Өйткені ол облыс орталығындағы Оқушылар сарайының басшысы.
Ол кісімен осыған дейін бір-екі мәрте жұмыс барысында кездескеніміз болмаса, шешіліп сөйлесе қойған жоқ едік. Телефон шалып, сұхбаттасқым келетінін айттым. Ол қарсылық білдірмеді.
Дина Жанұзаққызы – бір әулеттің сүт кенжесі екен. Алдында үш апасы, бір ағасы бар. Әке-шешесі дүниеге ұл келеді, ағасының соңынан ерер, тынысын ашар інісі болады деп күтіпті. Торсық шекеден үмітті әкесі қыз балаға онша қуана қоймапты. Керісінше, нағашы жағының құты түсіп, жас сәбиді шешесінің ағасы бауырына басқысы келеді. Ата-анасы көнгендей еді, бірақ атасы: “Түсімде бұл бала өскесін үлкен үй салып жүр екен, ешкімге бермейсіңдер”, – деп қарсылық білдіріпті. Үлкеннің сөзін аттап кетер заман қайда, жастар үн-түнсіз көнеді.
Ол бала кезінен қайсарлығымен, бірбеткейлігімен ерекшеленді. Мектеп қабырғасында тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, оқу үлгерімін ақсатпады. Оның тәртіпті, білімге құштар болып өсуіне анасының мұғалім болғаны да әсер еткен шығар, бірақ кейіпкеріміздің мінезінің қалыптасуына жол ашқан басқа да жайлар бар. Соның бірі – бала күнінен бойына сіңген іштей өзін-өзі қайрауы. “Әкем қатал болған жоқ. Бірақ аға-әпкелеріммен салыстырғанда маған деген көңілі басқаша еді. Мектептегі жетістіктеріме қуанудың орнына, керісінше, “мамаңның арқасы, ертең университетке түссең, сонда көреміз” деп күліп отыратын. Осы сөздері маған қатты батушы еді. Бірақ намыстанып, одан да жақсы оқуға тырыстым. Әкем бұл сөздерді мені жігерлендіру үшін айтатынын кейін түсіндім”, – деп еске алаған ол қимас кезін.
Оған өмір жолы тақтайдай тегіс болып көрінетін. Бірақ бұл ойының алдамшы екеніне кешікпей көз жеткізді. Осылай мектепті тамамдаған соң өзі таңдаған жоғары оқу орнына түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деген арманының күлі бір-ақ күнде көкке ұшты. Аттестаты қолына тиесімен Петропавлдағы педагогикалық институтқа құжатын тапсырып, даярлық курсына жазылды. Күні-түні дайындалып, емтиханды ойдағыдай тапсырғандай болған. Сол күні ауылдан келген анасы танысы арқылы сұрап, жоғары ұпай алғанын да хабарлап үлгерген еді. “Кешке анам кішігірім той жасады. Бәрі құттықтап жатыр. Ертеңіне университетке барсам, оқуға түскендер тізімінде мен жоқпын, қайта-қайта қараймын, сене алар емеспін. Содан жылап үйге келдім, ағам сол күні деканға апарды. Бірақ бәрі кеш еді”. Ол өмірдің тек қана жеңістерден тұрмайтынын, жеңіліс те, әділетсіздік те болатынын осылай түсінген еді. Тауы шағылса да, мақсатынан қайтпайтын қайсар қыз, араға бір жыл салып, өзі қалаған жоғары оқу орнына түсіп, студент атанды.
Тоқсаныншы жылдардың орта кезіндегі тоқырау мен қиындықтар кейіпкеріміздің жастық шағына дөп келді. Қызық пен қуанышқа толы студенттік өмірі зыр етіп өте шыққанын өзі де байқамай қалды. Университет пен жатақхана, жатақхана мен кітапхана арасын жалғаған жылдар да артта қалды. Дипломдық жұмысын сәтті қорғады. Бірақ қолына құжатын алғасын ауылға бармай, қалада қалуды жөн көрді. Тамыр-таныс болмаса шаһар мектептерінен орын бұйыра қояр ма екен деген күдік те жоқ емес. Тағдыр деген тылсымның адамды өз ыңғайына икемдеп отыратын күші бар екенін ол кезде Дина Жанұзаққызы білген де жоқ. Қазақ бұны бұйрық дейді. Борки кентіндегі кішкентай ғана мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасуы да жаратқанның оған жасаған сыйы ма дерсің?!
Қыркүйек айының шуақты күндерінің бірі еді. Демалысты пайдаланып, орталықта тұратын туысқандарына барып қайтпақ болып автобус аялдамасына шыққан. Қоғамдық көлік келе қоймады. Шеткерірек тұрған бұған жақындап келіп сәлем берген үлкен кісі:
– Қалқам, амансың ба, қай жақтың баласы боласың, бұрын көрмеп едім ғой сені? – деді.
– Сәлеметсіз бе! Осы мектепте мұғаліммін, ата, жуырда орналастым, – деді ол кішкентайынан санасына сіңірген қазақы қарапайымдылық пен табиғи ұяңдығына салып.
Аз-кем жөн сұрасқанша автобус та келіп, асығып кетіп қалады. Бірақ сол күннен бастап таяғына сүйеніп сырбаз басқан ақсақалды осы маңда жиі кездестіретін болды. Күн артынан күн, ай соңынан сырғып ай өтті. Наурызда күнде көріп жүрген атасының мектепке іздеп келмесі бар ма?
– Қалқам, сені үйге қонаққа шақырғалы келдім, ертең уақытың бола ма? – деді ол күлімсіреп.
Абдырап, не айтарын да білмей қалды:
– Рақмет, ата, әуре болмаңыздар…
– Айналайын, жасымды сыйласаң келесің. Ол мән-жайды түсіндірмек болып еді, ақсақал сөзінің ар жағын тыңдаған жоқ. Бұл ол күтпеген жай еді. “Бейтаныс адамның үйіне қалай бармақ?”.
Осылай ертеңіне не барарын, не бармасын білмей тұрғанда атайдың өзі де көрінді. “Қалқам, мына шал неге жабыса қалды деп ренжіме. Көршіге дәм ұсыну қазақтың дәстүрі ғой, көп уақытыңды алмаймыз, бәрі дайын тұр”, – деді ол жылы ұшырап. Енді шегінерге жер жоқ, бұл үн-түнсіз ақсақалға ере берді. Кірсе төргі бөлмеде бір топ қонақ отыр екен. Үлкен ас дайындалған. “Бір көргені болмаса мені танымайтын атайдың аяқ астынан қонаққа шақыруының мәнін осы арада ғана түсінгендей болдым. Бір кездескенде немересі бар екенін айтқан. Көздегені екеуімізді таныстыру екен. Дастарқан басында Қуанышпен таныстым. Біраз отырғасын рақметімді айтып, үйге қайтпақ болып, жинала бастадым. Қуаныш үстел басынан тұрмай отыра берді, сол-ақ екен атай оны таяғымен нұқып қалды. Шығарып сал дегені. Осылайша өзімнің өмірлік серігімді кездестірдім. Алты айдан соң Қуаныш екеуіміз отбасын құрып, шаңырақ көтердік. Бүгінде егіз ұл мен қызымыз бар. Былтыр мектеп бітіріп, студент атанды”, – деп өмірінің қызықты да бақытты кезеңін күліп еске алды ол.
Дина Жанұзаққызы мектепте қызмет етіп жүргенде қатты ауырып қалады. Омыртқада жарық-шақ пайда болып, ота жасатуға тура келді. Отадан кейін әзер дегенде қалпына келген ол жұмысын ауыстыруды ұйғарады. “Өзімді басқа салада байқап көргім келді. “Қазақстан халқы ассамблеясы” жанынан ашылып жатқан “Қоғамдық келісім” мекемесіне қызметке орналастым. Өзіңді, отбасыңды ұмытып, уақытпен санаспай жұмыс істеу керек болды. Бұл маған, ең бастысы, отадан кейін қалпыма келуіме, күйзелістен арылуыма көмектесті. Адамды алға жетелейтін күш – жауапкершілік екенін ұқтым”, – дейді ол.
Адам тұрақтылықты қалайды. Яғни, үй мен жұмыс арасындағы өмірге бейімделеді. Мақаламыздың кейіпкері болса, керісінше, өзгеріске, жаңашылдыққа құштар. Қызылжардың көркін ашып, шаһарымызда балалар шығармашылығына дем берген Оқушылар сарайына қызметке ауысуының да себебі сол. “Бұрын өңірімізде мұндай үлкен шығармашылық орталығы болмаған, кімнен ақыл-кеңес сұрарыңды да білмейсің. Болашақ шәкірттерді іріктеуге арналған кездесуге жүгіремін, ол жұмысым бітпей жатып, қондырғылар келгені жайлы хабар түседі. Қоймаға қарай шабамын. Одан құрылыс барысын бақылаймын, тіпті жарықты жағатын тетіктердің қайда тұратынына дейін қабырғаға сызып қоятынмын. Сол еңбегім ақталды, бүгіндері мұнда қаламыздың мыңдаған баласы тәлім алып, би билеп, домбыра тартып, робототехникамен айналысып жүр. Қазақстан мен Ресей Президенттері қатысқан үлкен жиын да осында өтті, еліміз үшін маңызды құжаттарға осы жерде қол қойылды. Сол шараның ортасында жүргенімнің өзі мен үшін үлкен абырой”.
Адамның жеткен жетістігіне қарап, жолы болған екен дей саламыз, ал сол биікке апарар жолда қандай қиындықтар бастан кешкеніне назар аудармаймыз. Әркімнің жүріп өткен жолы – өмірінің айнасы. Алдыңа мақсат қойып, еңбектене білсең, алынбайтын асу жоқ. Тек мақсатың айқын болуы керек.
Әңгімеміз әрі кетсе жарты сағатқа созылатын шығар деп топшылағанмын, екі сағатқа жуық отырыппыз. Менің жұмыс уақытым аяқталды. Ал Дина Жанұзаққызының шаруасы әлі шаш етектен. Себебі балалар күндіз сабақта, үйірмелердің көбі кешке басталады. Жұмыс сол кезде қызады. Есік алдына шыққасын Қызылжардың мақтанышына айналған “Оқушылар сарайына” тағы бір мәрте көз жүгірттім. Тұсауы кесілгені кеше ғана сияқты еді. Аз уақытта қаншама дарынды жастың бағын ашты, әлі талайы түлеп ұшатыны анық. Іші-сырты құстың ұясындай тап-таза. Ұжым да тату, балалардың да жүздерінде күлкі. Кім білсін, мүмкін Дина Жанұзаққызының атасы түсінде көрген үлкен үй осы болар?…
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.