«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ СЫНЫНА – СЫНДАРЛЫ ЖАУАП

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында: “Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады”, – деп атап айтып, алдағы уақыт сынына сындарлы жауап болып табылатын жаңа экономикалық саясатты ұсынды.

Елімізді өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың қиын кезеңінен аман-есен алып шығып, тәуелсіз даму жолына түскен жас мемлекетімізді дүниежүзіне танытқан Тұңғыш Президентіміздің келешекті көрегендікпен болжап, ықтимал тәуекелдердің алдын алу мақсатымен құрған Ұлттық қордың игілігін халқымыз алғаш рет 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде көріп, өзге көптеген мемлекеттер қиыншылық құрсауында қалған уақытта Елбасымыздың басшылығымен жасампаздық істерді жалғастыра түскен болатын. Енді, міне, бүкіл әлем жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп, жетекші державалардың санкциялық саясаты қай елге болсын салқынын тигізбей қоймайтыны белгілі болып, сын сағаты қайта соққан шақта Мемлекет басшысы “қауіпсіздік жастықшасы” болып саналатын Ұлттық қордың мол қаржысын тағы да ұтымды пайдаланып, Мәңгілік Ел болу мұратына жұмсауды ұйғарғандығын жариялады. “Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсе­­­ріп, экономикамыздың өсімін ынта­­­­ландыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқамерзімдік шаралар­ға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айт­қанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасының тапсырмасымен келесі жылға арналған рес­публикалық бюд­жет­тің пара­­метрлері қайта қара­лып, Үкіметтің алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Бұл алдағы уақытта халқымыздың әл-ауқатын төмендетуге жол берілмейді деген сөз.

Өз Жолдауында Президентіміз өмір өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі ретінде жол мәселесіне айрықша көңіл бөліп: “Барлық ай­мақ­тар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға ай­налуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, эко­но­микалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – Жолдаудың ең басты түйіні болмақ”, – деп қадай айтты.

Елімізде алдағы кезде т ек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны ашылмақшы. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын елеулі түрде жақсарта түседі, жүк тасымалы да жеделдетіліп, ұлғайтылады, адамдар республикамыздың кез келген өңіріне тез және қауіпсіз жететін болады. Осы орайда біздің Қызылжар өңірінде де ауқымды жұмыс атқарылмақшы. Бұрындары жылына көп дегенде жалпы ұзындығы 200 километрдей ғана автомобиль жолдары жөнделіп келген болса, облыстың жаңа әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың бұл игі іске бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін кемінде 50 пайызға ұлғайту есебінен жылына 700 километрден астам жолды қалпына келтіруді ұйғарып отырғандығы – қуана құптарлықтай бастама. Облыста биыл жол жөндеудің инновациялық технологиялары қолданыла бастағандығы көздеген межеге жетудің бір тиімді жолы болмақ.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар құру мәселесін ойластыруды тапсырды. Туристік инфрақұрылымды дамытуды жеке бағыт етіп белгіледі. Бұл ретте Қызылжар өңірінде де қолға алынып жатқан жақсы бастамалар бар және олар лайықты жалғасын таппақшы. Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы шеңберінде Индустрияландыру картасына біздің облыстан сомасы 38 миллиард теңге болатын 31 жоба енгізілген болса, келесі жылы басталатын екінші бесжылдықта жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын 70-тен астам жобаны жүзеге асыруға ұсыныс жасалып отырғандығы – көңіл сүйінтерліктей ұмтылыс. Осы орайда жуырда облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде алғаш рет “Қызылжар Инвест – 2014” халықаралық инвестициялық форумы өткізілгендігін Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындауға бағытталған тың қадам деп білеміз. Алыс және жақын шетелдер өкілдерінің қатысуымен өткен бұл форум облысымыздың экономикасын дамытуға оң серпін берері, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемін тигізері анық.

Табиғаты тамаша Қызылжар өңірінде туризмді дамытуға бүгінгі заман талабына сай жабдықталған демалыс аймақтарының болмауы және оларға баратын автомобиль жолдарының нашарлығы кедергі болып келгендігі жасырын емес. Осыған орай алдағы уақытта облысымыздың көрікті жерлері орналасқан Айыртау, Шал ақын, Қызылжар және Есіл аудандарының туристік инфрақұрылымын басымдықпен дамытуға ерекше назар аударылып отырғандығын айта кеткен жөн. Соның ішінде “Бурабай” Ұлттық табиғат саябағының аумағына кіретін Айыртау ауданына баратын барлық жолдар алдағы 2 жылда қайта жаңартылмақшы. Ал 2015-2016 жылдары инвесторлардың қаржысы есебінен 60-қа жуық туристік нысан салу жоспарланғандығы көңілге үлкен үміт ұялатады. Осындай зор жоспар іске асырылса, өңірімізде туризм саласы өркендеп, облыс қазынасын толықтыра түсетін табыс көзіне айналары, жүздеген адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етері айқын.

Елбасы өз Жолдауында еліміздің көптеген тұрғындарын толғандыратын ең көкейкесті мәселелердің бірі – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Алдағы кезде баспана алуға қажет бастапқы жарнаның талап етілмейтіндігі және несиенің төмен пайыздық мөлшерлемемен берілуі кез келген адам үшін елеулі жеңілдік болары сөзсіз. Осы мақсатпен Президентіміз 2015-2016 жылдарда жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемін қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Мұның игілігін солтүстікқазақстандықтар да көретін болады. Өйткені, Елбасының қамқорлығы арқасында облысымызда кезекте тұрғандар үшін пәтер беруді жоспарланғаннан бір жарым есеге дейін (513-тен 747 пәтерге дейін) көбейту көзделіп отыр.

Президент жаңа Жолдауында да әлеуметтік саланы дамытуға баса көңіл бөлді. Бұл бағытта Үкіметке, ең алдымен, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді міндеттеп, осы мақсатқа қосымша 70 миллиард теңге қаржы бөлуді тапсырды. Демек, біздің облыстағы оқушыларды үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отырған Новоишим ауылы мен Тайынша қаласындағы қазақ мектептері ұжымдарының басты мұқтаждығы да оңынан шешілетін күн алыс емес.

Елбасы Жолдауы бүгінгі өміріміздің ең өзекті мәселелерінің бәрін қамтып, ертеңгі күнге деген үмітіміздің отын лаулатып, жарқын келешекке жетуге құлшындыра түсті. Біз – Тұңғыш Президентіміз белгілеп берген Нұрлы Жолмен нық қадам басып, ұлы мұратымыз – Мәңгілік Ел болуға ұмтылып отырған бақытты халықпыз. Тек сол бақытымызды бағалай біліп, алдымыздағы сын кезеңде “Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара білетін” ынтымақ-бірлігімізді сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Серік БІЛӘЛОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp