«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Тілдің дамуы қай кезде де қоғамның назарынан тыс қалған емес. Олай болса, біз жаңалық ашып отырған жоқпыз. Латын әліпбиіне көшу – бұл уақыт талабы, әлемнің көптеген елдерінің таңдауы.

Біз алдымызға ұлы мақсаттар қойып отырған елміз. Мәңгілік Ел болу үшін әлемдік өркениет көшінің бел ортасынан өз орнымызды ойып тұрып алуымыз керек. Бұл ретте, әрине, қоғам дамуының рухани негізі болып табылатын туған тіліміздің халықаралық мәртебесін көтерудің маңызы өте зор. Міне, сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілін дамыту мәселесін ұдайы назарда ұстап, оның мәртебесін өсіруге, қолданыс аясын кеңейтуге қамқорлық жасап келеді. Біз оның нәтижесін анық көріп отырмыз. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында да қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны айтарлықтай өсті. Бұл салада басқа да тілге тиек етерлік оң өзгерістер аз емес. Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Осыған орай Мемлекет басшысы жаңа әліпбиге көшу мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл ретте уақытты соза бермей нақты шаралардың қолға алынуы қуанарлық жай.

Парламенттік тыңдауға қатысушылар Елбасымыздың тапсырмасын жүзеге асыруға жұмылған білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасағанын, бұл қадамның уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келетінін, жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің сан ғасырлық жазба тарихы зерделенгенін, латын қарпін енгізу еліміздің рухани болмысын жаңғыртатынын, бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор екенін атап көрсетті.

Шынына келсек, біз өткен кезеңде сөз арасын бөтен сөзбен былғап алдық. Латын жазуына көшу – осы тұрғыдан алғанда да, зор мүмкіндік. Жаңа әліпби арқылы біз озық технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз, тіліміздің тазалығын, дербестігін қамтамасыз етеміз. Латын қарпін қазақ емлесі арқылы бір ізге түсіру түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді.

Біздің елімізде латын қарпі қазірдің өзінде электронды ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен қолданылуда. Міне, осының өзі-ақ дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға қоғам тарапынан сұраныс бар екенін көрсетеді. Олай болса, ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті әрі қажетті жобаны жүзеге асыруды созбақтай берудің еш реті жоқ. Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деп аталатын мақаласында атап өткендей, латын әліпбиі – бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қалыптастыратын басты құралдың бірі. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Жазу-сызуға реформа жасау – еріккеннің ермегі емес, өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі.

“Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы” пар­ламенттік тыңдау өткізген еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында Мәңгілік Ел мұратын тұ­ғырлы ететін тарихи таңдау жасалды деп нық сеніммен айта аламыз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp