«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ

 

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған пошта қызметі заманға сай жетілдірілуде. Жер шарының кез келген нүктесінен хат-хабар алмасып, сәлем-сауқат жіберу әдеттегі іске айналды. Елімізде ең көп филиалдық желісі бар компания қызмет көрсету аясын кеңейтіп, жаңашылдықтарға бетбұрыс жасап жатқаны және байланыс торабының жұмысы жайлы “Қазпошта” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиевтен сұрап білдік. 

– Бекжігіт Лесұлы, “Қазпош­таның” бүгінгі тыныс-тірші­лігі­не тоқталып өтсеңіз. Заман ағынына ілесе алып отыр­сыздар ма?  

– Электронды коммерцияның дамуы әлемдік трендке ай­налды. Қазақстанда да онлайн сау­да жылдам дамуда. “Қазпош­та” бұған белсенді түрде атсалы­суда. Қазақстандық кәсіпкерлер интернет арқылы неғұрлым көп сауда жасаса және ел тұрғын­дары сәлемдемелерге көп тапсы­рыс берсе, біздің ісіміз соғұрлым табысты болады. 2019 жылдың сәуір айының басында интернет-дүкендер үшін халықаралық кеден құжаттарын рәсімдеуді жеңілдететін заң қабылданды. Сарапшылардың болжамы бойынша бұл жаңашылдықтар қазақстандық тауарларды шетелге сату үшін пайдалы және электронды коммерцияның өсіміне серпін береді. Жыл сайын “e-commerce” саласында жұмыс іс­тейтін кәсіпкерлердің саны өсу­де. Оған “Қазпошта” белсенді үлес қосуда. Мәселен, облыс әкім­дігі, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры мен “Атамекен” кә­сіпкерлер палатасының қол­дауы­мен үстіміздегі жылдың қыр­күйек айында Петропавл қала­сында электронды  коммерция бойынша кеңес өткіздік. Оған жүзден астам кәсіпкер қатысты. Кеңесте интернет-дүкенді оңай әрі жылдам ашу,  тұтынушы­лар­ды тарту, танымал тауар плат­фор­ма­ларында тауарды сату, сатып алудың орташа тауар чегі, бизнес нәтиже, Қазақстан бойын­ша тауарды мерзімінде жеткізу мә­селелері талқыланды. “Қаз­пош­та” сарапшылары компа­ния­ның интернет-дүкендерді құру шарт­тары, тауарлардың жеңіл­детілген экспорты қызметі және әлемдегі ең ірі интернет-сайт­тар­мен ынтымақтастық байла­ныс орнатудың ерекшеліктері ту­ралы әңгімеледі. Филиалдағы мұндай шаралар кез келген өңір­де өткізілетінін айтқым келеді.
– Пошта байланыс саласы­нан бөлек қаржылық қызмет­терді де жүзеге асырады. Жұ­мыс түрінің, ауқымының кеңдігі қызмет сапасына ке­дер­гі келтірмей ме? 
– Әрине, қаржылық қызмет­тер­дің ауқымы кең. Бұл – комму­налдық, салықтық және өзге де төлемдер. Балабақша жарнала­ры, екінші деңгейлі банктердің пай­дасына қарыздарды өтеу жә­не басқа төлемдерді жүзеге асы­рамыз. Сондай-ақ, пошта бай­ланысы бөлімшелері арқылы тұр­ғындар жер, көлік, жылжы­май­тын мүлік пен тағы басқа салықтың 7 түрі бойынша төлем жасай ала­ды. Пошта бөлімшесі жалақы, зей­нетақы немесе жәрдемақыны облыстың әр елді мекеніне жет­кізеді, сол арқылы зейнеткерлер мен жалдамалы жұмысшыларға тұрғылықты жері бойынша қыз­мет көрсетіледі. Зейнеткерлер мен бюджеттік ұйымдардың қыз­меткерлері үшін тегін төлем кар­та­ларын рәсімдейміз. Төлем кар­тасын жасату үшін пошта байла­нысының кез келген бөлімшесіне өтініш беруге болады.
Қазір біз агенттік қызметтерді белсенді дамытудамыз. Елімізде “Қаз­поштаның” барлық бөлімшеле­рінде сақтандыру, банктік несие, депозит рәсімдеу, әуе, теміржол билеттерін, жеке несие есептерін алуға болады. Біздің өңір бойын­ша қалалық және ауылдық жер­лерде 51 несиелік пункт бар. Біз тұр­ғындарға “Альфа-Банк”, “Азия Кре­дит Банк”, “Еуразиялық Банк”, “АТФ Банк” пен “Хоум­Кредит Банкі” бойынша несие береміз. Сонымен қатар “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” мен “ХоумКредит Банкінің” депозиттік қызметтері де танымал. Бұған дейін ауыл тұрғындары теміржол билетін сатып алу немесе банк несиесін төлеу үшін аудан орта­лы­ғына баруға мәжбүр еді. Енді мұның бәрін ауылдық пошта бө­лімшесінде істеуге  болады.
– “Қазпошта” тек өзінің бө­лім­шелерін ғана емес, соны­мен қатар серіктестік желісін дамытуда. Бұл қандай жүйе және оның артықшылығы бар ма?
– Бұл – келісімшарт негізінде өнімдер мен қызметтерді, марке­тингтік технологияларды пайда­ла­ну құқығын беретін бизнесті ұйымдастырудың моделі. “Қаз­пош­таның” пошталық және қар­жылық қызметтерін ұсыну арқы­лы кәсіпкерлер қосымша табыс таба алады.
Бүгінгі таңда Қазақстан бо­йын­ша “Қазпоштаның” серіктес­тік желісінің 400 сатылым нүктесі бар. Біздің өңірде осындай 9 бө­лімше ашылды. Олардың жетеуі ауылдық жерде орналасқан. Кәсіпкерлер “Қазпошта” қызмет­терін өз дүкендерінде, автокөлік салондары мен бизнес-орталықта­рында жүзеге асыруда.  Осы­лайша, кәсіпкер пошта қызметте­рінен ақша табады және өз дү­кеніне тұтынушыларды тартады. Біз үшін мұндай ынтымақтастық байланыс орнату тиімді. Өйткені, тұтынушыларға қолжетімді қыз­мет түрлерін көрсетудің маңызы зор.
– Облыстық филиалдың жұ­мы­сында тағы қандай жаңа­лықтар бар?
– Биыл біз онлайн қызметтер ұсынуға ерекше басымдық бер­дік. Порталды белсенді түрде да­мытып, post.kz мобильдік қосым­шасын ыңғайлы етуге тырысуда­мыз. Поштаны бақылаудан бас­қа, коммуналдық және салық тө­лемдері, картадан картаға ақша аудару қызметтері, ұялы байла­ныс төлемдері қолжетімді.        “E-com­merce”, “AliExpress” сияқты “Қазпоштаның” онлайн төлем кар­та­ларын алуға болады. Ол үшін бөлімшеге келудің қажеті жоқ. Біздің тұтынушыларымыздың ара­сында заңды тұлғалар ба­сым. Олар партионды ақша ау­да­рымдарын, гибридтік элек­трон­ды пошта, тапсырыс хатта­рын жіберу қызметтерін белсенді пайдаланады. Айтпақшы, тіркел­ген хаттарды бөлімше операто­рының көмегін пайдаланбай-ақ, post.kz сайты арқылы да жібе­руге болады. Ол үшін бөлімше­лер­де өз-өзіне қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді.
– “Қазпошта” АҚ-ның Сол­түс­тік Қазақстан облыстық филиалының инфрақұрылы­мы қандай? Өндірістік желінің ауқымы жайлы не айтасыз?
– “Қазпошта” АҚ-ның Солтүс­тік Қазақстан облыстық филиа­лы өзінің арсеналында орталық операциялық бөлімі бар үлкен және ауқымды желіге ие. Облыс­тық филиалда он үш аудандық, тоғыз қалалық, 89 ауылдық пош­та бөлімшесі, 21 жылжымалы бөлімше байланысы, 27 пошта байланыс пункті, 19 төлем қа­был­дау пункті, облыстық арнайы байланыс қызметі, поштаны өңдеу және сұрыптау бөлімі және автокөлік цехы бар. Облыста зейнетақы мен жәрдемақыны алушыларды карточкалық қыз­мет көрсетуге тарту мақсатында 29 банкомат пен 212 pos-тер­минал жұмыс істейді. Мұндай артықшылықтар тұрғындар мен корпоративті клиенттерге пошта қызметінің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
 
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp