Петропавл қаласының құрметті азаматы Степан Башкиров 20 қарашада 90 жасқа толды. Тың, сөзі нық. Сырт тұлғасына, жүріс-тұрысына қарап тоғыз белесті еңсерді деуге қимайсың. Әлі күнге дейін саламатты өмір салтын серік етіп, спортпен айналысудан, қоғамдық кездесу-жиындардан қала қоймаған. Біз сұхбаттасымызды әңгімеге тартып едік, шешіліп сала берді.
– Степан Федорович, жалғыз тұрады екенсіз? Ауыр соғып жүрген жоқ па?
– Зайыбым Екатерина Михайловамен бір шаңырақ астында 70 жыл тұрыппын. 90 жасқа үш ай қалғанда айрылып, содан бері қанатым қайрылғандай күй кешіп келемін. Жалған дүниеде күту мен жалғыздықтан асқан тауқыметтің жоғын анық сезінгендеймін. Шүкіршілік, жас тимуршылар көмектесіп тұрады. Ардагерлер кеңесі, биліктегілер жиі хабарласады. Адам алдымен өзіне сену керек. Күш-қайратым бойымда әзірге.
– Балаларыңыз Ресейде тұрады екен. Көрші елге көшу ойыңызда жоқ па?
– Катя екеуіміз үш қыз өсіріп, құтты жерлеріне қондырдық. Алды 69-ға келіп, немере сүйді. Талай шақырды. Шынын айтсам, ойыма кіріп те шықпайды. Туып-өскен жерім – Шал ақын ауданының Новопокровка ауылы. Петропавлға әке-шешем көшіп келіп, жастайымнан бауыр бастым. Алғашқы еңбек жолымды осында бастадым. Содан бері өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті. Қалған ғұмырымды онсыз елестете алмаймын. Менің бір ғана Отаным бар! Ол – Қазақстан! Жүзден астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті тұрып жатқан атамекенімді ештеңеге теңгермеймін.
– Еңбек жолыңыз басталмай жатып, қан майданға аттаныпсыз…
– Мектеп есігін кешірек аштым. 1942 жылы 8-сыныпты бітірген соң Петропавл атқарушы механизмдер зауытына жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін әскер қатарына шақырылып, Тамбов жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілдім. Суворов атқыштар дивизиясы құрамында пулеметшілер взводын басқара жүріп, соғыс жорығын Прага қаласында аяқтадым. Сосын әскери қызметім Прикарпатье әскери округінде жалғасып, 1947 жылы елге оралдым. Бұрынғы еңбектес әріптестерім құшақ жая қарсы алды.
– Сіздің бейбіт өмірдегі жанқиярлық еңбегіңіз талай мәрте атап өтелгенін білеміз …
– Атақ қуғаным жоқ. Жұрттан қалмауға, намысты қолдан бермеуге тырыстым. Саналы ғұмырымды бір ғана өндіріс орнына арнадым. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары темір жонушы ретінде “Сапа үздігі” атағын алған алғаш марапатымды ұмытпаймын. Талай жаңашылдықтарды өндіріске енгізіп, бір қауым ізбасар дайындап шығардым. Өңіріме тағылған Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, Ленин ордендері бейнет пен зейнетке толы қимас күндерім жайлы ғажайып сырлар шертеді. “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атандым. Азды-көпті еңбегімнің ескерілгеніне, бағаланғанына шүкіршілік деймін. Қазір ғой еңбектің де, еңбек адамының да қадір-қасиеті азайып, материалдық құндылықтардың алға шығып кеткені…
– Немере-шөберелеріңіз хабарласып тұратын шығар?
– Әрине. Хат-хабар алудың нағыз кемелденген заманы ғой. 4 немере, 5 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Айтпақшы, 6 шөпшегімнің ең кішісі – қазақ. 3 жаста. Камила деген шөберем қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазір Алматыда тұрады. Отбасымыз – көпұлтты. Мәселен, бір шөберем – ұйғыр, келінім – татар, күйеу балам – кәріс…
– Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті жайлы ағынан жарылып, ақтарыла айтып жүрсіз. Осы ойларыңызды газет оқырмандарымен де бөлісе отырсаңыз.
– Ол бір ғажап сәттер ғой! Мемлекет басшысының облыстағы сапарлары кезінде жүздесіп, ауызба-ауыз сөйлесіп, жанымыз жадырап қалатын. Солардың ішінде үш кездесу жадымда жатталып қалыпты. Алғашқы жүздесуім егемендігіміздің елең-алаң шағындағы қиындықтармен тұспа-тұс келді. Кеңес Одағы ыдырап, ел ішін ауыр тұрмыс жайлаған кез. Еңсемізді тіктей алмай, іштей торығу, келешекке сенімсіздік басым. Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерге тән болмыс-бітімін терең танып-білгендей болдым. Алысты болжай білетін сұңғыла саясаткерлігі, байсалды да салмақты шешім қабылдай алатын жедел әрекеті, адамдарды иландыра білу қасиеті ерекше тәнті етіп, соңынан қалай еріп жүргенімізді де білмей қалдық. Сол жолы солтүстікқазақстандықтармен ашық, емен-жарқын әңгімелесіп, алдағы жоспарлармен, бағдарламалармен ой бөліскен. Әр сөзі сенімді шықты. Жағдайды анық білетінін, көбімізге таңсық, енді ғана сөздік қорымызға енген нарық заңдарын терең игергенін байқатты.
Тағы бір жұмыс сапарымен Қызылжар өңіріне келгенде қаһарлы қыс әлі кәріне мініп, күш алып тұрған. Соған қарамастан, петропавлдықтар Президентімізді құшақ жая қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті. Өйткені, Елбасымызды сөз бен істің адамы ретінде әбден танып қалған едік. Қарапайым жұртшылыққа ең керегі – тамақтың тоқтығы, көйлектің көктігі. Экономикамыз қарқынды дамып, өркениетті елдер көшіне қосылуға бет алуымыз болашаққа деген берік сенімді бекемдей түскені аңғарылмай қалмаған.
Елбасымызбен соңғы кездесуім вокзал жанында бой көтерген Мағжанның алып ескерткіші түбінде өтті. Алдымен ардагерлер сапына аялдап, менің қасыма тоқтай қалды. Қол беріп амандасқаннан кейін хал-жағдайымды, отбасымның амандығын сұрады. Жасымның 87-де екенін, дене шынықтырумен айналысатынымды айтқанымда ризашылық кейіппен қос қолымен қапсыра құшақтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Көпшілік атынан білдірген алғыс сөзімді мұқият тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев – уақыт тудырған тұлға. Елбасымен әр кездесуден тағылымды ойлар түйдім.
Мен үшін мемлекеттік мерекелердің қай-қайсысының болсын орны бөлек. Өзгелер секілді, Тұңғыш Президент күнін әр кез асыға күтемін.
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл қаласы.