Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов учаскелік полиция инспекторларының есепті кездесулеріне қатысып, тұрғындармен жүздесті.
Есіл, Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың полицейлері қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және уақытында ашу жайын баяндады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Евгений Гребневтің айтуынша, жергілікті жерде жағдай қалыпты, ауыр қылмыстар тіркелмеген. Десек те, бүгінгі таңда мал ұрлау мәселесі өткір тұр. Осы орайда малшылардың түлік жоғалса жауапты болуын қарастыратын үшжақты келісімге 40 тұрғын қол қойған. Ал Есіл ауданының Петровка ауылдық округінде 20 маскүнем есепте тұр. Тәртіп сақшылары 150-ге жуық студент оқитын аграрлық-техникалық колледждегі жағдайды да қатаң бақылауға алған. Жыл басынан бері аталмыш оқу орнының студенттеріне түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты 13 хаттама толтырылған. Ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов есептік кездесу өткен Петровка орта мектебіне 1993 жылы қызметтік міндетін атқару үстінде қаза тапқан Анатолий Добрыниндей ержүрек ұлды оқытып, тәрбиелегені үшін алғыс айтып, теледидар сыйға тартты. Бүгінде аталмыш мектептің жанында оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз
қызметінің аға испекторы.