«Аntikor ortalyǵy» сервистік орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы Ернар Баянғазин онлайн-режімде полиция департаментінің жеке құрамымен жиын өткізді.
Онда сыбайлас жемқорлық қылмыстық істердің алдын алу, заңсыздықтарға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Кездесуде М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімі учаскелік инспекторына қатысты қозғалған қылмыстың істің қорытындылары мәлім етілді. Тергеу барысында полицияның учаскелік инспекторының қызмет лауазымын асыра пайдаланып, алаяқтыққа барғаны анықталған. 8 тамыз күні полицияның учаскелік инспекторы мен оның тәлімгеріне жергілікті сауда нүктелерінің бірінен шағым түскен. Дүкен иесі белгісіз біреудің өзін полиция майорымын деп таныстырып, 4200 теңге қарыз алып, бермей жүргенін айтқан.Тәртіп сақшыларынан қарызын қайтаруға көмектесуді өтінген. 10 тамыз күні полицияның учаскелік инспекторы мен оның тәлімгері «жалған майорды» тауып алған. Оның үстінен жазбаша арыз түспесе де, өтірік айтып, ақшаны қайтару, татуласу қажеттігін талап еткен. Қарыз сол күні қайтарылғанына қарамастан учаскелік инспектор «жоқ арызды» алға тартып, 150 мың теңге бопсалаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорыққан тұрғын оның заңсыз талабын орындауға амалсыздан келіскен. 11 тамыз күні полиция қызметкері белгіленген соманы қолма-қол алып жатқан кезде ұсталған.
10 қыркүйек күні сот учаскелік инспекторға қатысты үкім шығарып, 1 млн 125 мың теңге айыппұл төлеу жазасына кесті. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан және полицияның аға лейтенанты шенінен айырды.Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Полиция қызметкерлері жұмыс уақытында қызметтік көлікті жеке мақсатына пайдаланған. Ешкімге ескертпестен негізсіз жедел-іздестіру шараларын жүргізген. М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімі тарапынан пәрменді бақылаудың босаңсуы салдарынан осындай келеңсіз оқиғаның орын алғанын баса айтқым келеді», – деді департамент басшысы.
Заң талаптарына сәйкес аудандық полиция бөлімінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Басқосуда жеке құраммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімдерін жетілдіру бойынша сабақтар өткізіп отыруға және күнделікті жұмыс күнін нақты жоспарлауға ұсыныс енгізілді.