Қыркүйек айының ортасында елімізде “Учаске” жедел-алдын алу шарасы бастау алды. Оның барысында учаскелік инспекторлар қалалардағы үйлерді және пәтерлерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олар туралы мәлімет жинап, өздерін таныстырады.
Облыс орталығында 79 мыңнан астам пәтер және 14 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. 15 қыркүйектен бері Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 17 мыңнан астам пәтерді аралады. Әр шағынауданда орналасқан 13 полиция қосынында 96 учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаруда.
Петропавл қалалық полиция басқармасындағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты – тәртіп сақшыларының өздері қызмет атқаратын аумақтардың тұрғындарымен жақынырақ танысып, деректемелер және маскүнемдік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы ақпараттық парақшаларды тарату. Сондай-ақ, тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларының суреті, ұялы және жұмыс телефондарының нөмірлері беріледі.
Осы шара басталғаннан бері мамандар ішкі істер органдарының тіркеуінде тұрған, тұрғылықты жері жоқ 1200-ден астам тұлғаны анықтады. 582 қару иесі тексеріліп, 12 бұзушылық анықталды. Ювеналдық полицейлер жүргізген тексеріс нәтижесінде 66 құқық бұзушылық тіркелді, оның 42-сі кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 23.00-ден кейін үйден тыс жерде болуына байланысты. Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша 3568 шетелдік тексерілді. Жалпы, операция бастау алған уақыттан бері құқық бұзған 1600-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның 539-ы алкогольді сусындарды ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру, сондай-ақ, тіркеусіз не құжатсыз тұрудың 342 фактісі.
“Учаске” операциясы 10 желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Іс-шара соңына дейін учаскелік полиция инспекторлары әр петропавлдықтың үйіне барып, әлеуметтік желілерде өз байланыс телефондарын барынша таратуды жоспарлап отыр.