
Облыс аумағында қыркүйектің 15-нен өткізіліп жатқан «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасының басты мақсаты – халықпен байланысты нығайту.
Облыс орталығында 96 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсететін 13 учаскелік қосын бар.
“Біздің міндетіміз – әр үйде болу. Қаламыздың кез келген тұрғыны өз учаскелік полиция инспекторын, оның байланыс телефонын білуі тиіс. Подъездерге инспекторлардың суреті мен байланыс телефондары көрсетілген парақшалар жапсырылуда. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің белгілі әлеуметік желілердегі аккаунттарына да учаскелік полиция инспекторлары жайлы ақпарат салуды жоспарлап отырмыз”, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы полиция майоры Әлібек Ғабдуллин.
+7-708-432-46-00 нөміріндегі WhatApp мессенджері – адамдармен өзара қарым-қатынастың жаңа формасы. Бұл – Әлібек Ғабдуллиннің нөмірі. Көрсетілген нөмір бойынша қалалықтар учаскелік инспекторлардың жұмысын ұйымдастыру жайлы ұсыныстар айтып, олардың байланыс телефондарын біле алады, сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы хабарлауларына болады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тұрғындардың белсенділік танытқаны жөн. Адамдарға ыңғайлы болуы үшін полицейлер қарым-қатынас жасаудың барлық түрлерін пайдалануға тырысуда.
«Учаске» іс-шарасы аясында есепте тұрған тұлғалар тексеріліп, рейдтер жүргізілуде. Екі рейд барысында 38 саяжай қоғамы тексеріліп, онда тұрақты мекенжайы жоқ 302 тұлға ұсталды. Шатырларды, жертөлелерді, қоқыс орындарын, жылу құбырлары бойын тексеру барысында осындай тағы 136 тұлға ұсталып, қабылдау-тарату орнына жеткізілді.
Анықталған 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың басым бөлігі, атап айтқанда 711-і – ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру. Сорақысы сол, мас күйінде ұсталғандардың 31-і – кәмелетке толмағандар. Бұл деректердің барлығы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, алкогольдік өнімдерді сатуда бірқатар ережелер бұзылғаны анықталып, ішімдік тәркіленді. Мәселен, қаладағы базарлардың бірінен 192 литр әр түрлі алкогольдік өнім және 1 мың литрден астам сыра заңсыз айналымнан алынды.
«Учаске» жедел алдын-алу шарасы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.