«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УӘДЕНІ ОРЫНДАУ — ПАРЫЗ

 

Облыс әкімі Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңес марапаттаудан басталды.

Шара барысында ұзақ жылғы адал еңбегі және мемлекеттік қызметке қосқан зор үлесі үшін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевке, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Юрий Наумочкинге, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Марат Жамалиевке, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Владислав Орловқа және облыс әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы Бибігүл Құлымоваға “Үздік мемлекеттік қызметші” ведомстволық төсбелгісі табысталды.

Одан кейін отырыс барысында “Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын мерекелеу туралы” Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 28 наурыздағы Жарлығын Солтүстiк Қазақстан облысында жүзеге асырудың қорытындысы және 2016 жылы тұрғындармен есеп беру кездесуi барысында көтерiлген мәселелердiң iс-шаралар жоспарының орындалуы, сондай-ақ, өңiр аудандарының әкiмдiктерi өткiзген азаматтардың өтiнiштерiн қарастыру мәселелерi күн тәртібіне қойылды.

Бiрiншi мәселе бойынша облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова баяндады.

– Қарашаның 21-і мен желтоқсан айының 15-і күні аралығында өткен “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясы аясында мерекені лайықты атап өту үшін облыс әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын жасады. Еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктерін насихаттауға, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға бағытталған акция барысында патриоттық, көпшілік сипаттағы бірқатар ауқымды шаралар қолға алынды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу барысында желілік жоспарға сәйкес Петропавл қаласы мен аудандарда 650-ден астам ауқымды мәдени-бұқаралық, әлеуметтік маңызды шаралар ұйымдастырылып, оған 350 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан. Iс-шараларды өткiзуге “Нұр Отан” партиясының, ҮЕҰ-ның, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкiлдерi тартылды, – деді басқарма басшысы.

Жыл басынан бері облысымызда әлеуметтік маңызы бар 300-ден астам нысан пайдалануға берілген. Олардың ішінде көппәтерлі тұрғын үйлер, жатақханалар, балабақшалар мен шағын орталықтар, өндірістік және қайта өңдеу кәсіпкерліктері бар. Мерекеге орай, аудандарда да бірнеше нысан бой түзеді. Атап айтқанда, Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында “Данияр-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қымыз өндіретін және сүт сатып алу мен қайта өңдейтін цех ашты. Осы ауданның Корнеевка ауылында жергілікті кәсіпкер Михаил Тушин “Семейное” дәмханасын іске қосты. Уәлиханов ауданында да қос бірдей жаңа нысан пайдалануға берілді. Кішкенекөл елді мекенінде “Қызылағаш” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Асылхан Бейсенов “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында ағаш өңдеу цехын ашқан. Бидайық ауылының тұрғыны Алмагүл Жакина ойын-сауық орталығын іске қосты.

Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 55, 75, 90 және Жәлел Қизатов пен Семашко көшелерінің қиылысындағы 126 және 72 пәтерлік тоғызқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Аққайың, Мамлют, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында 18 пәтерлік төрт жатақхана, Тайынша ауданындағы Ильичевка ауылында “Тайынша-май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 300 мың тоннаға дейiн майлы дақылдарды өңдейтiн жаңа кәсiпорны іске қосылды.

Өңір басшысы Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруда жауапкершілік танытқан басшылар мен аудан әкімдеріне ризашылығын білдірді.

Үстіміздегі жылы барлық деңгейдегi әкiмдердiң есеп беру кездесулерi барысында тұрғындардан келіп түскен өтініш-ұсыныстардың орындалу барысы және 2017 жылғы есеп беру кездесулерiн өткiзуге дайындық туралы облыс әкiмi аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет баяндады. Оның айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы барлық деңгейдегi әкiмдердiң тұрғындармен 656 есеп беру кездесуі өткізіліп, оған 56 мыңға жуық адам қатысқан. Келесі жылы да 656 кездесу ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Үстіміздегі жылы 1951 ұсыныс енгізіліп, оның 803-і бақылауға алынды. Қалған 1178-і бірден шешілді және олар бойынша тиісті түсініктемелер берілді. Бүгінде бақылауға алынған мәселелердің 787-сі шешімін тапты. Сонымен қатар, соңғы 11 айда облыс әкімінің аппаратына тұрғындардан 867 өтініш түссе, 241 азамат облыс басшысының жеке қабылдауында болды.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қаралған мәселелер бойынша облыс аудандарының және Петропавл қаласының әкiмдерiне назарға алынған мәселелердiң барлығын уақтылы және сапалы шешiп, келiп түскен ескертпелер мен оған берiлген жауаптарды тұрақты түрде жергiлiктi ресми сайттарда жариялап отыруды мiндеттедi.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp