«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УӘЛИХАНОВТЫҚ ДЕПУТАТТАР УӘДЕЛЕРІНЕ БЕРІК

Уәлиханов аудандық мәслихатының бесінші шақырылымында сайланған депутаттар демократия талаптарын қатаң сақтай отырып, өз қызметтерін заң аясында жүзеге асырып келеді. Олар “Нұр Отан” партиясының мүшелері ретінде түрлі қоғамдық-саяси шараларға бастамашы болуды игі дәстүрге айналдырған. Сөз арасында бүгінгі депутаттық құрам тынымсыз ізденісімен, іскерлігімен, нақты ұстанымымен ерекшеленетінін баса айтқым келеді. Араларында қайта сайланған, жоғары білімді, білікті мамандар аз емес.

Мәслихат аса маңызды мәселелерді күні бұрын белгілегенде, алдымен, депутаттар корпусына арқа сүйейді. “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” демекші, бұл қабылданған шешімдердің, біріншіден, мерзімінде орындалуға ықпал етері даусыз. Екіншіден, жауапкершілік салмағы жеке тұлға емес, көпшілік арқылы айқындалады. Үшіншіден, түпкі жұмыстың нәтижелілігі бақылауға алынады. Мәселен, сапалы тіршілік нәрі біз сияқты шалғай аудан тұрғындары үшін өте маңызды мәселелердің бірі. Соған орай “Ақ бұлақ” бағдарламасы қабылданғанда да, оның орындалу жайы талқыланғанда да түрлі санаттағы жұртшылық өкілдері кеңінен қатыстырылып, түйінді проблемалар күн тәртібіне шығарылды. Жауапты мекеме басшыларының есебі тыңдалып, өткір сауалдар қойылды. Сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша халықты жұмыспен қамту, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсету, бұқаралық спортты дамыту, жеткіншіктерді отаншылдық рухта тәрбиелеу, тұрғын үй құрылысының жай-күйі, жер ресурстарын тиімді пайдалану сияқты маңызды мәселелер кеңінен қамтылды. Экономика және қаржы бөлімі басшысының бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалғанда үнемделген қаржыны бірінші кезекте әлеуметтік салаларға бөлуге басымдық берілді. Аудан әкімінің өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдау барысында елді мекендер мен көшелерді көркейтуге, абаттандыруға қатысты салмақты пікірлер айтылып, ауылдық округ әкімдеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне, “Мөлдір су” мекемесіне нақты тапсырмалар берілді. Депутаттар тарапынан туындаған сұрақтар санитарлық тазалықты сақтауға, оның ішінде, аудан орталығы Кішкенекөл ауылының жолдарын күтіп ұстауға, грейдерлеу жұмыстарын жүргізуге, көшелерге жарық тартуға, істен шыққан шамдарды ауыстыруға қатысты айтылды. Аудан тұрғындарын ауызсумен қамту 94,2 пайызды құрағанымен, оның 4 елді мекенге әлі күнге тасып жеткізілетіні, мәселе шешілмеген күйінде қалып отырғаны сынға алынды. Сондай-ақ, игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге байланысты мәселе тағы көтерілді. Себебі, өткен сессиялардың бірінде бос жатқан тәлімі жерлерге базалық мөлшерлемелер 10 есеге дейін ұлғайтылған болатын. Алда атқарушы билік органдары мен салық басқармасының бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр. Бұл аудан бюджетін толықтырудың бірден-бір резерві екені рас. Қорыта айтқанда, 9 ай ішінде 41 мәселе қаралып, жұртшылықтың орынды сын-ескертпелері жан-жақты ескерілді.

Бюджет, экономикалық реформа, өндірістік сала, экология, өзін-өзі басқару, депутаттық өкілеттік және этика, азаматтардың құқығы мен заңдылықты сақтау және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиялар күнделікті жұмыстарында сайлаушылардың ұсыныстарын жете ескеріп отырады. Оларға Т. Оспанов және К. Жантілеуов секілді тәжірибелі депутаттар жетекшілік етеді. Биыл төрт бірлескен отырыс өткізіліп, қаралған мәселелер нақтылығымен ерекшеленді. Кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, тұтынушылардың құқығын қорғау, мүгедектерді әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясат шараларын мүлтіксіз орындау арқылы ғана белгілі нәтижеге жететінімізді халық қалаулылары талмай ұғындырып келеді.

Мәслихаттың көшпелі отырыстар өткізу тәжірибесі тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты. Үстіміздегі жылы көктемгі су тасқыны кезінде депутаттар Мырзағұл, Тілеусай ауылдарында болып, жергілікті жағдаймен жете танысты. Бөгеттерге уақытында жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты қарғын су шайып кеткені анықталды. Тұрақты комиссияның көшпелі отырысында плотиналарды, жолдарды қалпына келтіру туралы ауылдықтардың өтініштері қанағаттандырылды. Пошта қызметкерлерінің сапасыз жұмысы, электр қуатының жетімсіздігі, Мырзағұл ауылындағы клуб ғимаратын жөндеу жөніндегі өтініштері ескерілді. Тексеру барысында кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылып, кемшіліктер жойылды.

Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, маңызды мәселелерді билік орындарына жеткізудің жолдары көп. Солардың бірі – арнайы жасалған кестеге сәйкес сайлау округтерінде азаматтарды қабылдау. Бұрындары жұртшылықты көбіне жеке басқа қатысты мәселелер толғандырып келсе, енді тақырыптың басқа ауанға ойысқанын байқаймыз. Мұның өзі адамдардың қоғамдық белсенділігінің, саяси ой-жүйесінің артқанын, қоғамдық мәселелер бейжай қалдырмайтынын байқатса керек. Оған күн тәртібіне ауыларалық жолдарды тегістеу, мектеп ғимараттарын жөндеу, азық-түлік пен көмірдің бағасын тұрақтандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселелерінің шығарылуы дәлел. “Нұр Отан” партиясы филиалының қоғамдық қабылдауында айтылған ұсыныс-пікірлер де ескерусіз қалмайды. Осылайша депутаттар тиісті органдарға 48 сауал жолдап, олардың 35-і оң шешім тапты.

Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және “Мектепке жол” акциясы аясында 200 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлығында заттай, ақшалай, азықтай жәрдемдер жасалады. Әр депутат өз округі бойынша аз қамтылған жандарға, жалғызілікті қарияларға, көпбалалалы отбасыларға жем-шөп, қысқы отын әкеліп беруге көмектеседі.

Бауыржан КӘДІРОВ,

аудандық мәслихаттың

хатшысы.

 Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp