«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ФЕРМЕРЛЕР БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлде мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған семинар өтіп жатыр. Оны Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ұйымдастырды. Іс-шараға өңірдің 40-қа жуық маманы қатысуда.

– Облыста соңғы жылдары сүтті бағыттағы мал шаруашылығы дамып келеді. Өңірге шетелден мал әкелініп жатыр. Бұл малдың әлеуеті жоғары болғанымен, біз оны толық пайдалана алмай отырмыз. Мәселен, көпшілік бұл сиырлар 20-25 литр сүт береді деп ойлайды. Бірақ олардың 40 литрге дейін сүт берер қауқары бар. Ондай сүт алу үшін беретін жемшөбіміз дұрыс болуы қажет. Жемазыққа пайдалануға болатын түрлі шөп бар. Бірақ оның ішінен қажеттісін, сапалысын таңдай білуіміз керек және оны өңдеп, сосын ғана малға берген жөн, – дейді ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдуллаев.

Семинарға қатысушыларға өңірдегі «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің мал азығын дайындау, өсіру, өңдеу, жемшөпті дұрыс сақтау тәжірибесі көрсетілді. Қандай сұрыптарды Солтүстік өңірде өсірген тиімді болатындығы айтылды.

Қатысушыларға ресейлік ғалым Иван Виноградов дәріс оқып, мал азығын құнарлы етіп дайындаудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, тың идеяларын ортаға салды.

– Жемазық жүйесіндегі соңғы инновациялар жайында, шөп шүйгін және экономикалық жағынан тиімді болуы үшін қандай тұқымға басымдық беру керек екенін айттық. Ал етті бағытқа келер болсақ, мысалы ангус тұқымы, егер алдындағы жемшөбі дұрыс болса, тәулігіне 1,5 келіге дейін қосады, – дейді К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының өсімдік шаруашылығы және шалғындық экожүйе кафедрасының доценті Иван Виноградов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp