«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

Білім – тұлға, қоғам және мемлекет дамуының басты стратегиялық ресурсы. Оның мақсаты – шығармашылыққа, өзгермелі заман жағдайында өз тағдырын өзі шешуге қабілетті әлеуметтік құзыретті тұлға қалыптастыру.

Еліміздің 30 мектебі 2016-2017 оқу жылынан бастап Педагогикалық шеберлік орталығы және Кембридждің халықаралық емтихан кеңесімен бірлесе отырып әзірлеген жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Басқа мектептер де біртіндеп осы жүйеге көшетін болғандықтан, жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнымен таныстыру, тәжірибеге кезең-кезеңмен енгізу бүгінгі күннің жоспарында. Сондықтан “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында конференция, дәріс, оқу семинарлары, онлайн вебинарлар өткізіліп, мұғалімдерді кәсіби даярлау, бағдарламаның мазмұнымен таныстыру, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастыру белсенді жүргізілуде.

Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне оқытудың теориясын, әдістемесі мен философиясын терең меңгерту арқылы жаңартылған бағдарлама аясында оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту мәселелерін де қарастырдық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген функционалдық сауаттылықтың мақсаты – оқушылардың білімдерін өмір­де тиімді қолдануға үйрету. Со­нымен қатар, ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбе­гейлі өзгертудің негізі болып табылады. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары білім беру жүйелерінің барлық салаларында қарқынды жүзеге асуда.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктерінің бірі – оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту. Жаңартылған білім беру мазмұнындағы қазақ тілі мен әдебиетінің оқу бағдарламасында оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы оларды тілдік нормаларды сақтауға, оны құрметтеуге, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету көзделген. Оқушылардың қазақ тілін жетік меңгеруі арқылы барлық ғылым салаларында білімді игерулеріне мүмкіндік жасау қарастырылған. Бұл өз кезегінде оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамытудың тиімді жолдары деуге болады.

Білім беру мазмұнын жаңарту жұмысын ізгілендіру басты 3 құжат: пәндік бағдарламалар, оқу жоспарлары және бағалау бойынша нұсқаулар негізінде жүргізіледі.

Қазіргі таңда әрбір оқушы үшін тілдік қарым-қатынас өзекті. Оқушылардың тілдік қарым-қатынасы білім алатын ортасы арқылы іске асырылады. Яғни, қазақ тілі пәнін оқу арқылы оқушылар тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметін таниды, тіл мәдениетінің қоғамдық мәнін түсінеді, әдеби тілдің лексикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, грамматикалық, стилистикалық және пунктуациялық нормаларын меңгереді. Сондай-ақ, өз ойын, көзқарасын еркін, нақты жеткізу идеяларын меңгереді, коммуникативтік дағдыларды жағдаятқа сай дұрыс қолдана білуді үйренеді. Осы ретте қазақ тілін жетік меңгерте отырып, оқушының оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып түсінуіне, өзіндік таңдау жасауға, деңгейлік тапсырмалар арқылы танымдық, шығармашылық қабілетін дамытуға, интерактивті оқытуды белсенді жүргізуге мүмкіндік жасау қажет.

Бағдарламада оқушыларға түрлі медиа құралдарын қолданып сыныптастармен, мұғалімдермен, басқа да әлеуметтік ортада ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа түсудің жолдары қарастырылған. Айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым дағдылары арқылы оқушының коммуникативтік дағдыларын дамыту көзделген. Айтылым мен тыңдалым дағдыларын дамытуда мәтіндегі ақпаратты тыңдау, түсіну және жеткізу; өз ойын, көзқарасын басқалармен байланыстыру; сөздердің балама мағынасын табу, ажырату және сөйлемде қолдана білу; өз пікірін басқаның көзқарасымен салыстыру; оқылған материалдың тілдік қолданысын ажыратуға баса мән беріледі.

Оқылым дағдыларын дамытуда оқулық, газет-журнал, ғаламтордан алынған материалдан таныс және таныс емес ақпараттарды оқиды және түсінеді; мәтіндегі, көркем шығармадағы берілген сөздердің мағынасын ашып, көркемдегіш құралдарды ажыратады. Жазылым дағдыларын дамытуда ережені қолдана отырып дұрыс жазады, таңдаған тақырыбы бойынша жанрлары мен стильдерін түрлендіре отырып, өзіндік көзқараспен эссе жазады; жазуда көркемдегіш құралдарды пайдаланады, т.б.

Осындай төрт дағды арқылы қазақ тілін жетік меңгертуде оқу нәтижелерін бағалаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ тілі пәнін оқып үйрену нәтижелері критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім жүйесінің алдына: ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуды, жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізуді, түлектердің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуін, тілдерді оқыту нәтижесі бойынша оқушылардың сындарлы ойлауын, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игерулерін міндет етіп қойды. Елімізде бұл үдеріс белсенді жүргізілуде. Алға қойылған міндеттерді шешуде біз де өз үлесімізді қосудамыз. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесін шешуде отандық және шетелдік тәжірибелерді талдау, зерттеу арқылы оның принциптері мен негізгі үдерістерін анықтау қажет. Мұғалімнің педагогикалық қызметінің сапасы артпай, оның кәсіби шеберлігі шыңдалмай, білім беру жүйесінде мақсатты өзгеріс болмайды және оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мүмкін емес. Сондықтан осы бағыттағы өткізіліп жатқан жұмыстарды жетілдіруде, әлі де оқып-үйрену, тәжірибе алмасу өз жалғасын табады.

Балғаным ОСПАНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалы

деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp