Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, спорттың осы түрінің облыстағы жай-күйімен танысты.
Бүгінде өңірімізде бұқаралық спорт жыл сайын қанат жайып келеді.1197 бала аудандық және қалалық спорт мектептерінде футболмен айналысса, оларға 52 жаттықтырушы “Миллиондардың ойыны” атанған футболдың қыр-сырын меңгертуде.
Футболға ден қойған облыс жастары 32 стадион, 363 футбол және шағын футбол алаңы, жасанды жамылғысы бар 4 стадионда жаттығу мүмкіндігіне ие. Өңірімізде футбол инфрақұрылымын дамыту – басым бағыттардың бірі. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен 2014-2015 жылдары 213 футбол және шағын футбол алаңы, ал Петропавл қаласында жасанды жамылғысы бар 35 шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған топ “Жастар” стадионындағы облыстық балалар мен жасөспірімдердің “Қызылжар” футбол спорт мектебінде болып, жас футболшыларға жасалған жағдаймен танысты. Бұл жерде 30 топқа бөлінген 346 жеткіншек жаттығады. ҚФФ басшысы осыдан екі жыл бұрын бюджеттік қаражатқа жөнделіп, қайта іске қосылған ғимараттың балаларға арналған жатын және тамақтанатын орындарын аралады.
Осыдан кейін жұмыс тобы “Қарасай” стадионында және “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде болды. Футбол секциясындағы 16 топта 116 баланы жаттықтырып жүрген “Жеңіс” мектебінің жаттықтырушылармен болған әңгіме барысында аймақтағы балалар және жасөспірімдер футбол инфрақұрылымын дамытудың жолдары жайлы әңгіме қозғалды. Ал сапарының соңында федерация президенті Спорт сарайында болып, балғындармен кездесті.
Жұмыс сапары барысында Ерлан Тоқтарханұлы футболдың қазіргі жағдайы мен еліміздегі нөмір бірінші спорттың болашағы жөнінде бірқатар мәселелер бар екендігін атап айтып, оны шешу жолдары қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
– 2022 жылға дейін Қазақстан футболын дамыту бағдарламасының ең басым бағыты – балалар мен жасөспірімдер футболының инфрақұрылымын дамыту. Бұл үшін федерация сапасы жоғары жасанды жамылғысы бар алаңдар мен жабық футбол манеждерінің санын арттыруға көмектеседі. Атап айтқанда, Қазақстан Футбол федерациясы бірнеше облыс орталықтарында 6 манеж құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Олардың бірі Петропавл қаласында салынатын болады. УЕФА бөлген қаражатқа тұрғызылатын жабық футбол манежі, ең алдымен, балалар-жасөспірімдер арасында осы спорт түрін дамыту мақсатына пайдаланылатын болады, – деді Ерлан Тоқтарханұлы.
Ал іссапардың екінші күні Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Спорт сарайында футбол орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Орталықтың тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев шараға қатысқан жас футболшыларды жаңа жаттығу орнымен құттықтады.
– Елбасы 2020 жылға қарай спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға жеткізу міндетін алға қойды. Футбол орталығында тәрбиеленетін балалардың саны айтарлықтай өседі. Орталықтың басты міндеті – футболшыларды дайындау. Олар болашақта облыс командасының және ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғайтын деңгейге дейін жетуі тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазақстан Футбол федерациясының президенті жаңа орталықтың талай дарынды спортшының бағын ашатындығына сенім білдіріп, бұл мекемеде жас футболшылардың интеллектуалдық жағынан да дамуына зор мән берілетінін ерекше атап өтті.
Орталықта 7 жас тобында 207 бала футболмен шұғылданатын болады. Алдағы уақытта үздіктер арасында іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.