Соңғы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі жан түршігерлік жағдайлар орын алғаны жайлы теледидардан көріп, газет беттерінен немесе ғаламтордан оқып жатамыз. Соның ішінде адамдардың қайғылы жағдайға ұшырап немесе үйінен шыққан қалпы үшті-күйлі жоғалып кетуі де жиі кездеседі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын бір жарым мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалады екен. Оның 20 пайызы – балалар. Біреулер бірден, ал келесілері бірнеше айлар мен жылдар өткен соң табылып жатады. Тіпті, мүлдем хабарсыз кететіндер де бар.
Осындай жағдайлар біздің өңірімізде де аз емес. Әсіресе, соңғы күндері әлеуметтік желіде туысының немесе танысының үйден шығып, қайтып оралмағанын айтып, суретін жариялап, тұрғындардан көмек сұраған адамдар көбейіп кеткенін аңғардық. Бірі үйлерінен жұмысқа кетіп, қайтып оралмаса, енді біреулер жақындарымен сөзге келіп қалғандықтан, үшіншілері жауапкершіліктің төмендігінен хабарсыз кетеді. Сондай-ақ, қайғылы жағдайға ұшырайтындар да бар.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жылдың жеті айында өңірімізде із-түзсіз жоғалған азаматтарға қатысты 90 факті тіркелген. Іздестіру шараларының нәтижесінде 58-інің жүрген жері бірден анықталды. Ал 32 азаматты іздестіру үшін іс қозғалғанымен, алтауы әлі табылмады. Өткен жылы осындай 104 факті тіркеліп, 49-ы бірден табылған. Ал қалған 55-іне қатысты іздестіру ісі қозғалып, 49 азаматтың жүрген жері анықталды.
– Бүгінгі күні облыстық ішкі істер департаментінде “із-түзсіз жоғалғандар” санаты бойынша 46 азамат есепте тұр. Оның ішінде 13-і – психикалық ауытқу немесе есте сақтау қабілетінен айырылған егде жастағы адамдар, 30-ы – ішімдікке салынған немесе тұрақты мекенжайы жоқ тұрғындар, – дейді облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Психолог мамандар мен тәртіп сақшыларының айтуынша, адамдардың із-түзсіз жоғалуына, негізінен, ішімдікке салыну, тұрғылықты мекенжайының болмауы, психикалық ауытқу, есте сақтау қабілетінің төмендігі себеп болады екен. Мәселен, жуырда облыс полицейлері 1969 жылы туған әйелге іздеу жариялады. Жоғалған азамат өңіріміздегі емдеу мекемелерінің бірінде есепте тұрған. Тағы бір мысал осыдан үш жыл бұрын жоғалған 75 жастағы зейнеткерге қатысты. Үйінен шығып, қайтып оралмаған қария туралы хабарды Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына оның туыстары берген болатын. Іздестіру шараларының нәтижесінде зейнеткер қалалық ауруханалардың бірінен табылды. Ол есте сақтау қабілетінің нашарлауына байланысты соңғы екі күнде не болғанын есіне түсіре алмапты. Хабар берілгеннен кейін туыстары оны ауруханадан алып кетті.
Жақындары іздеп жатқанын біле тұра, үйіне қайтып оралмайтындар да кездеседі. Оған 2016 жылы орын алған жағдайды мысалға келтіруге болады. Петропавл қаласының 26 жастағы тұрғыны ата-анасымен ұрсысып, үйінен кетіп қалған. Ұзақ уақыт бойы хабарласпаған. Оны іздестіру шаралары бір жылдан артық уақыт бойы жүргізілген. Облыстың криминалдық полиция мен Тайынша аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің тексеріс жүргізуімен жоғалған адамның аудандағы шаруа қожалықтарының бірінде еңбек етіп жүргені анықталды.
– Туған-туысқандары із-түзсіз жоғалған адамдар облыстық ішкі істер департаментіне ауызша, жазбаша немесе электронды түрде жүгіне алады. Шағымданушының баяндауы бойынша, оқиға орнына жедел-тергеу тобы барады. Оқиғаның уақыты, себептері мен мән-жайы анықталады. Жоғалған тұлғаның бөлмесі мұқият тексеріліп, жеке заттары алынады. Байланыс құралы арқылы ведомствоның кезекші наряды оның ерекше белгілерін, киген киімін айта отырып, толық бағыт-бағдар береді, – дейді облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Іздеу жарияланған адамдар қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында өткізілетін рейдтік іс-шаралар аясында да табылып жатады. Мәселен, былтырғы жылдың аяғында “Қаңғыбас” жедел-алдын алу шарасы барысында полицияға облыс орталығының бір тұрғынынан 33 жастағы ағасының жоғалғаны жөнінде хабар келіп түскен. Әйелдің айтуынша, туысқаны бір апта бойы байланысқа шықпаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде оның қаңғыбастармен бірге ішімдік ішіп жүргені анықталды.
Жақындарының телефон қоңырауына жауап бермейтін азаматтар да бар. Мұндай жағдайларда көпшілік жақынының амандығына алаңдаушылық танытып, полицейлерге жүгінеді. Мәселен, осы жылдың басында екі жасар жиенін бағып отырған қыз әпкесіне ескертпестен достарымен қыдыруға кетіп қалған. Тағы бір жас қыз ата-анасына айтпай, Түркияға демалуға кеткен. Уайымға салынған жақындары полицияның көмегіне жүгінген. Ал Мамлют ауданының тұрғыны Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Петропавл қаласына кеткен 21 жастағы қызынан қаңтар айының соңына дейін хабар ала алмағанын айтып шағымданған. Жоғалған қыз үйіне қайтып келді. Ол ата-анасына ескертпестен Астанаға жол жүріп кеткен екен. Ата-анасының, жақындары мен басқа да туған-туыстарының алаңдайтынын ескермейтін жасөспірімдер істің арты насырға шабуы мүмкін екенін ойламайды. Мәселен, өткен жылы Петропавл қаласында жоғалып кеткен оқушы қызды тәртіп сақшылары Мағжан Жұмабаев ауданындағы Молодежное ауылынан тапқан болатын. Белгілі болғандай, кәмелеттік жасқа толмаған қыз ғаламтор арқылы танысқан жігіттің үйіне қонып жүрген.
Кезінде майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен қандастарымыз көп болды. Алайда, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан бүгінгі заманда адамдардың із-түзсіз жоғалуы ақылға сыймайды. Айдың-күннің аманында адамдар неге ұшты-күйлі жоғалып кетеді? Осы орайда жоғалған адамды іздеумен ғана айналыспай, мұндай жағдайлардың басты себебін анықтап, алдын алуға мән берілуі тиіс сияқты. Яғни, есте сақтау қабілетінен айырылған адамдардың денсаулығына, жасөспірімдердің жүріс-тұрысына, тағы басқа жағдайларға баса назар аударуымыз керек. Құлдыққа салу, мәжбүрлеп жұмыс істету сияқты келеңсіздіктермен күресті де күшейткен жөн. Сіз не айтасыз?
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.