
Биыл елімізде қазақтың бағына туып, өлшеулі ғұмырларын келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған бірқатар айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілмек. Солардың ішінде Абайдың шоқтығы биік. Биыл данышпан бабамыздың туғанына 175 жыл толады. Ұлы ақынның мерейтойын өз деңгейінде атап өту мақсатында бүгіндері жер-жерде көптеген мәдени, тағылымды шаралардың шымылдығы түрілді. Осыған орай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Тайыр Мансұровтың құрастыруымен “Абай” деген атаумен Мәскеуде жарық көрген кітапты жағымды жаңалық қана емес, торқалы тойға тартылған сүбелі сый ретінде қабылдадық.
Қазақ театр өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан режиссер Асқар Тоқпанов бірде жазушы Мұхтар Әуезовтен: – Мұха, Абайды сарықтыңыз ба? – деп сұрапты. Сонда Мұхаң: – Пәлі, Абай мұхит емес пе?! Мұхитты кім сарқады? – деп жауап берген екен. Иә, Абай қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің сарқылмас қазынасы, “зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш”. Ғұламаның тұма бұлақтай мөлдір, таңғы шықтай таза шығармашылығы оқыған жанның санасын оятып, ойына ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, ақық армандарға, биік мақсаттарға жетелейді.
Жаңа кітап Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы ой толғамдарымен ашылған. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ұлт пен қоғамды дағдарыстан, шарасыздық жағдайынан дарыны мол, тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен, болашақты болжай білетін, ой-санасы таза, арыстандай айбатты перзенттері ғана шығара алады. Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі”, десе, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар аталатынын айтады. Автор да өзінің “Абай ұлы ақын және ойшыл” атты алғы сөзінде біраз жайттарды ақтарып, қаламгердің өміріне терең бойлай түскен. Абайдың орыс әдебиетіне айрықша көзқараста болғанын, Ресей ғалымдары мен жазушылары бағзы заманнан бері Абай шығармашылығына құрметпен қарайтынын дәттейді.
Қазақ даласында жазба әдебиеттің негізін қалаған Абай Құнанбаевқа жыр арнамаған, ой толғамаған ақын кемде-кем. Бұл туындыға солардың бірқатарының, атап айтқанда, Мағжанның “Атақты ақын сөзі алтын хакім Абайға”, Фариза Оңғарсынованың “Абайды іздеу”, Жарасқан Әбдірешевтің “Абай рухымен сырласу” атты өлеңдері енгізіліпті.
Абай Құнанбаевтың бізге жеткен өлеңдері аз да емес, көп те емес. Солардың қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларын да осы туындыдан табуға болады. Кітаппен таныса келе, ол аз уақыттың ішінде құрастырылды деп айта алмаймыз. Бұл туралы автордың өзі былай дейді: “Абай тақырыбы, оның шығармашылығы маған ғана емес, менің отбасыма да үлкен жауапкершілік жүктейді. 1992 жылы мен Абайдың “Книгу слов” және Шәкәрім Құдайбердіұлының “Записки Забытого” атты екі кітабын жүз мың дана таралыммен жарыққа шығардым. Бір жылдан кейін “Книгу слов” кітабы тағы сонша данамен баспа бетін көрді. 2010 жылы жарық көрген “Пушкин и Абай” туындысынан қос ақынның өміріне қатысты көптеген ортақ дүниелермен танысуға болады. Ұлы ақынның мол мұрасына ерекше сүйіспеншілікпен қарап, оны халыққа танытуды басты мақсатымыз санаймыз”.
Әсем безендірілген кітаптың мазмұнын Абай Құнанбаевтың бұрын еш жерде жарияланбаған суреттері де байытып тұрғанын айтуға тиіспіз. Олардың біразы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі мен Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы қорынан алынған.
Абайды тану үшін ең алдымен “мыңмен жалғыз алысқан” ақынның мол мұрасын мұқият оқып, зердемізге құюымыз керек. Ендеше, Абай сөзін ойлы оқырманға жеткізуді көздеген Тайыр Мансұровтың бұл еңбегінің әр жүректің төрінен орын алатынына күмән жоқ.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.