Соңғы жылдары Петропавлдағы көше жолдарының сапасына жиі сын айтылуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сәйкес өткен жылы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі құрылған еді. Сонымен қатар “Халықтық бақылау” желісінің де түрлі келеңсіздіктерді жоюға ықпалы зор. Жобалық кеңсенің жетекшісі Екатерина Старостинаның айтуынша, қазірдің өзінде “Халықтық бақылау” желісіне солтүстікқазақстандықтардан жеті мыңға жуық фото мен сын-ескертпелер түскен.
– Соңғы үш жылда облыста 1900 шақырым жол жөнделіп, 128 ауылдағы жолдың сапасы жақсарғаны белгілі. Биыл тағы 705 шақырым жол жөнделмек. Тұрғындардың да жолдардың сапалы жөнделуін қадағалап, қоғамдық бақылауға атсалысуға мүмкіндіктері бар. Бұл бастама қала тұрғындары тарапынан қызу қолдауға ие болуда, – деді Екатерина Старостина.
“Халықтық бақылау” желісіне түскен хаттарды облыстық әкімдіктегі азаматтардың өтініштерін қабылдау секторының мамандары тіркейді. Сектор меңгерушісі Раушан Байзақованың айтуынша, бұл желі 2015 жылы іске қосылған. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында желіге қала тұрғындарынан 21 мың өтініш түскен. Олар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер пайдалану және жер учаскесiн беру, тұрғын үй кезегі, еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтiк қамтамасыз ету, лауазымды тұлғалардың теріс әрекетi немесе әрекетсiздiгi мәселесіне қатысты.
Сайтқа келген әр хатта автордың электронды сандық қолтаңбасы, ЖСН-і мен байланыс нөмірі болуы керек. Кейін сауалдар жауапты орган басшыларына жіберіледі. Бұл желіде қаладағы жолдардың жалпы ахуалы туралы ақпарат бар. Сайтқа кірген тұрғындар соңғы бес жылда қала көшелерін жөндеуге қанша қаражат бөлініп, қалай игерілгені жайында мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, хаттың жауабымен танысады.
– Биыл облыстағы бір мың шақырымға жуық жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісінше, атқарылып жатқан жұмыстарға қатаң бақылау қажет. Осы орайда қоғамдық бақылауды да күшейту керек. Сапасыз салынып жатқан жаңа жолды фотоға түсіріп, “Халықтық бақылау” желісіне немесе “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің сайтына жіберуге болады, – дейді әкімдік мамандары.
Бүгіндері түскен арыздардың бірқатары бойынша нақты шаралар қабылданған. Әсіресе, кепілдік мерзімі өтпей жатып қайтадан бүлінген көше жолдары жіті назарға алынған. Мәселен, “Халықтық бақылау” желісінің арқасында “Береке” шағынаудандағы Әбу Досмұхамбетов көшесінде жөндеу жұмыстары басталды. Бұл көше осыдан екі жыл бұрын орташа жөндеуден өткен болатын. Алайда, кепілдік мерзімі өтпей жатып, жол шұрық тесікке айналған. Мәселе қалалық әкімдік пен қоғам белсенділерінен тұратын жедел топтың назарына алынғаннан кейін мердігер компания оны қайта қалпына келтіруге міндеттелді.
– Қазіргі уақытта “Дорожник Ашық Аспан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Әбу Досмұхамбетов көшесінің ой-шұңқырларын жамап, кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде 1,2 шақырымдық жолдың ені 6 метрден 9 метрге дейін кеңейтілетін болады. Ал “Жол Құрылыс” ЖШС-і Ухабов көшесінде дәл осындай жұмыстарды жүргізуде. Барлық жұмыстар бір айдың ішінде аяқталады деп күтілуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль ;жолдары , өлiмiнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта шағынаудандағы Ысқақ Ыбыраев-Гагарин көшелерінің 1,3 шақырым учаскесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, мердігер компания Н.Болатбаев-Жуков көшелерінің қиылысында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: учаске шебері В.Мелконян; “Береке” шағынауданындағы Ухабов көшесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысынан көрініс.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.