Қоғамымыздың ертеңгі болашағы – мектеп жасындағы жас жеткіншектер. Қазақ мектептерінің алдында ұлттық сана-сезімін оятып, тәрбиелеп қана қоймай, халықтық педагогиканы ғасырлар бойы қалыптасқан тіл, дін, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгі-өнегені оқушы бойына сіңіріп, күнделікті тіршілікте пайдалана білуге үйрету міндеттері тұр. Халықтық педагогиканың озық үлгілері балаларды имандылыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаздар халықтық педагогиканың үлгі-өнегелерін сабақта және сабақтан тыс тәрбиелеу мәселесінде тиімді қолдана білудің әдіс-тәсілдерін зерттеп, пайдалану қажет.
Физика грек тілінен аударғанда “табиғат” деген ұғымды білдіреді. Олай болса сабақ мазмұнымен байланыстырып, оқушыларды ата-бабамыздың тарихи даму барысындағы айналадағы құбылыстар жөніндегі дүниетанымымен таныстырып отырған жөн. Көшпелі елдің барша тіршілік болмысы табиғатпен тамырлас. Көне заманда қазақтар қоршаған табиғаттың бәрін де жанды деп санап, өздерінің тағдырын, істерін осылардың күші деп табынған. “Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа” деген сөздер осының куәсі. Қазақтар отты, Күнді қасиетті санаған, құрметтеген.
Есеп шығарғанда халық даналығының, нақыл сөздерінің, мақал-мәтелдерінің тәрбиелік мәнін және ұлттық ойындарды физика тұрғысынан түсіндіруге, пайдалануға әбден болады. Мысалы, “Арбаның дөңгелегін майламаса, арбакештің шайы қайнамайды” мақалы арқылы “Арбаның дөңгелегі неге майланады, майламаса, не болар еді?” , “Бұл жерде арбакеш үйкелістің қандай түрімен жұмыс істеп тұр?” деген сұрақтарды қоюға болады. Сондай-ақ, “Мылтықтан оқтың атылуы қандай физикалық құбылысқа мысал болады және бұл жерде қандай физикалық заң ескеріледі? Алтыбақан және көкпар ойындары арқылы қандай физикалық процестерді кездестіре аламыз?” деген қызықты сұрақтар мен ойындарды сабақ барысында ұтымды пайдалана аламыз. Осылайша физиканың негізгі заңдылықтары мен құбылыстарын өмірмен байланыстыра қызықты етіп беру жолдарын қарастыруға болады. Мұндай тапсырмалар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларға физика заңдылықтарын өмірде кеңінен қолданылатынын да ұғындыруға мүмкіндік береді. Осы үлгідегі оқытудың әдістәсілдері оқушылардың есте сақтау қабілетін арттырып, оларды жинақылыққа, дәлдікке, шығармашылыққа баулуға көмектеседі деп ойлаймын.
Еренгүл АХМЕТ,
жалпы білім беретін
қазақ мектеп-интернатының
физика пәнінің мұғалімі.
Тимирязев ауданы.