«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖУРНАЛИСТЕН АРТЫҚ ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ»

Не үшін депутат болдым?

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда ауқымды саяси реформалар қолға алынғанын бәріңіз білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың ұсынысымен еліміздің басты заңы – Конституцияға жалпыхалықтың референдум арқылы өзгерістер енгізілді. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті, Мәжілістің де­путаттық корпусы аралас сай­лау жүйесі бойынша құрылатын болды, облыстық мәсли­хаттар депутаттарының жарты­сы партиялық тізім арқылы, қалғаны бір мандаттық сайлау округтері бойынша таңдала­тын талап енгізілді. Аудандық және қалалық мәслихаттар де­путаттары түгел мажоритарлық жүйемен сайлана бастады.

Саяси партиялар да қайта жаңғырды. Бір сөзбен Мемле­кет басшысының Жаңа Қазақстан құру идеясы жүзеге ас­қанын көзіміз көріп, өзіміз де соған атсалыссақ деген ой туды. Атақты неміс канцлері Отто Бисмарктың «Сен саясат­пен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген қа­натты сөзі бар. Сондықтан «жас келсе – іске» деп сайлауға қатысуды ұйғардым. «Жалғыз­дың үні, жаяудың шаңы» шық­пас дейді атам қазақ. Бұл саяси бәйгеге еліміздегі ең ықпалды саяси күш – «AMANAT» пар­тиясының құрамында ат қосу­ды ұйғардым. Сайлаушылар­дың көпшілік дауысымен жеңіске жетіп, «AMANAT» партиясының партиялық тізімі бойынша облыстық мәслихат­қа депутат болып сайландым.

Солтүстік Қазақстан об­лыстық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы депутаттар тізіміне қарайтын болсақ, құрамы жаңарғанын көруге болады. «AMANAT»-тан басқа «Ақ жол», «Ауыл» және «Республика» партиясы­ның өкілдері бар.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

«AMANAT» партиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы облыстың барлық аудандарын, ірілі-ұсақты ауылдарының көбін аралап, тұрғындармен кездесті. Мен де сол топ құра­мында сайлаушылармен жүз­дестім. Партияның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын та­ныстырдық. Ол бес бөліктен тұрады. Негізгісі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру. 2027 жылдың соңына дейін об­лыс бойынша кемінде 30 мың жұмыс орнын, соның ішінде кемінде 14 мың тұрақты жұмыс орнын құру, сондай-ақ орташа жалақыны 222,6 мың теңгеден 339 мың теңгеге дейін көбейту, облыс экономикасындағы ша­ғын бизнестің үлесін ұлғайту, осылайша халықтың жұмыспен қамтылуын және табыс дең­гейін арттыру көзделген.

Өңір тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 1,5 есеге ұл­ғайтуға, 300 мың гектардан ас­там жерді мемлекет меншігіне қайтаруға, сол арқылы жайы­лымдарға деген қажеттілікті 2 есеге қысқартуға болатыны бағ­дарламада көзделген. Бұдан бө­лек, баспанамен қамту, халық­тың өзге жаққа көшіп кетуін азайту, экологиялық жағдайды жақсарту, жол сапасы, интер­неттің жылдамдығын арттыру, ауызсумен қамту және тағы басқа мәселелерді шешу жайлы сайлаушылармен кездесулерде айтылды.

Қай уәдемді орындадым?

Партиялық тізім бойынша сайланған депутат болғандықтан «AMANAT» партиясының сай­лауалды бағдарламасы – менің де берген уәдем болып есепте­леді. Соны жүзеге асыруға қазіргі таңда бәріміз атсалысып жатыр­мыз. Ауылда тұратын ағайын­ның тұрмысын жақсартуды көз­дейтін партиялық жобалардың ішінде ең тиімділерінің бірі – «Ауыл аманаты».

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша сол­түстікқазақстандықтардың 236 өтініші мақұлданды. Оларға биз­нес-жобаларын жүзеге асыруға берілген қаржының жалпы со­масы 1,8 млрд. теңге. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығы мен егіншілік және қызмет көр­сету саласы бойынша жобалар ұсынғанын айта кеткен жөн. Кейінгі жылдары қаржы бөлін­бей бұл жоба тоқтап тұр, менің ойымша, оны қайтадан қолға алу керек.

Кезінде қолдарында билік барда заңсыз басып қалған жер телімдерін мемлекетке қайтару, кейін оны халыққа беру жұмысы да депутаттардың жіті назарын­да. 2024 жылы 115,1 мың гектар, 2025 жылдың басынан 40 мың гектар алқап мемлекет меншігі­не өтті. Бұл жұмыстың бәрі пар­тияның «Жер аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, халықты қаржылық сауатты­лыққа үйрететін «Қарызсыз қо­ғам» партиялық жобасының да пайдасы мол екенін аңғаруға бо­лады. Бұл айтылғандардан бөлек, әрбір депутат сайлаушылар­мен кездесіп, тұрғындарды қа­былдап, олардың өтініштері негізінде депутаттық сауалдар жолдайды. Мен жол сапасының төмендігі мен белгілердің жоқ­тығы, әуежай қызметкерлерінің жалақы бойынша қарызы, пош­та қызметі мен интернет сапасы­ның нашарлығы, темір жол және автовокзалда мемлекеттік тілде ақпарат беру, қуыршақ театры ғимаратының тарлығы, орыс тілді мектептерде қазақ сыны­бын ашу, ауылдағы қаламгер­лердің мұражайларын облыс ор­талығына көшіру туралы және жеке сайлаушылардың өтініш­тері бойынша депутаттық сауал­дар жолдап, көбі оң шешілді.

Халық маған сене ме?

Облыстық мәслихаттың қазіргі құрамына көз жүгіртсек, түрлі сала өкілдері бар екенін байқайсыз. Ауыл шаруашылы­ғы, денсаулық сақтау, білім беру салаларының өкілдері, білікті заңгерлер мен экономистерден құралған бұл топта журналистің болғаны орынды деп ойлаймын. «Журналистика – қоғамның ба­рометрі» деген тіркес бекер ай­тылмаса керек. Халықтың жағ­дайын қалам ұстап, үнемі ел ара­сында жүретін тілшілерден ар­тық ешкім білмейді. Әділетсіздік көрсе көмек сұрап келетін адамы да – журналист.

Ал өзім басқарып отырған «Soltüstık Qazaqstan» газетіне ке­лер болсақ, Мәлік Мұқанов, Жарасбай Сүлейменов және Кәрібай Мұсырман кезінде об­лыстық мәслихат депутаты бол­ды. Соңғы екі ағамыз Парламент төріне дейін жетіп, елдік мәселе­лерді көтергені кеше ғана. Де­мек, халық қаламгерлерге сен­гендіктен өз дауыстарын берді деп ойлаймын. Сол сенімге сел­кеу түсірмеуіміз керек.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp