Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің форумы өтті. Айтулы жиында Мемлекет басшысы елді мекендерді өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындап, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы бұл жиынға еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері арнайы шақырылғанын атап өтті.
– Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасына Солтүстік Қазақстан облысындағы 149 елді мекеннің әкімдері қатысты. Елімізде 2334 ауыл әкімі жұмыс істейді, соның 186-сы біздің өңірде. Олар күн сайын тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, ауылдағы өмір сапасын жақсарту бағытында еңбек етіп келеді.
Форумда бірқатар ауыл әкімі сөз алып, елді мекендерді дамыту, бюджеттің игерілуі, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу сияқты маңызды мәселелерді көтерді. Форумда сөз сөйлеген Қызылжар ауданындағы Вагулин ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина осындай алқалы жиындар елді мекендерде тұратын жүздеген мың адамды толғандырған түйткілдерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Мені, ең алдымен, ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізе алмай отырғандығы алаңдатады. Бұл мәселе дұрыс шешімін тапса өзім сияқты ауылдық округ әкімдерінің жұмысы біршама жеңілдер еді. Шекара маңындағы ауылдарды дамыту мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Заңды тұлғалардан алынған кейбір салықтар елді мекендерге бағытталса, ауылдардың әлеуеті артар еді», – деді Ирина Шишкина. Президент бұл мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасының алаңы арнайы панельдік отырыстармен жалғасты. 1800-ден аса ауыл әкімін біріктірген платформада Үкімет мүшелері олардың сұрақтарына жауап берді. Әкімдердің басым бөлігі «Өңірлік саясат: халықтың табысын арттыру, ауыл әкімдерінің рөлі мен міндеттері» тақырыбындағы сессияға ағылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.