Елордада «Халықтың сүйіктісі – 2025» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Халықтың ықыласына бөленген ерекше жобалар мен әр саланың мамандары анықталатын жиын биыл 15-ші рет өткізіліп отыр. Үміткерлер «Жылдың үздік мұғалімі», «Жылдың үздік ғалымы», «Жылдың үздік спортшысы», «Жылдың мәдени жобасы» сынды аталымдар бойынша таңдалды.
Аталған жобаның қорытындысында екі аталым бойынша теріскейліктердің бағы жанды. Ботай мәдениетіне арналған ескерткіш «Елдің үздік мәдени жобасы» аталымында үздік деп танылды. Мәдени нысан былтыр ашылған болатын. Ботай мәдениеті жылқыны алғаш қолға үйретумен және көшпелі өмір салтының қалыптасуымен тығыз байланысты.
Салтанатты іс-шарада «Жылдың үздік спортшысы» атағы жерлес боксшы Наталья Богдановаға берілді. Бұл марапат – оның әлемдік деңгейдегі жетістігінің көрсеткіші. Желтоқсан айында «World Boxing» нұсқасы бойынша теріскейлік спортшы ресми түрде әлемнің үздік боксшысы деп танылған.
Бұдан бөлек, Асхат Аймағамбетов – жылдың үздік медиа-тұлғасы, Индира Сарыбаева үздік дәрігер, Қуаныш Асқарбеков – үздік параспортшы, Сұлтанбек Бекешев үздік жастар көшбасшысы атанды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».