
Ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жоғары дамыған ел кез келген өркениетті мемлекеттен оқ бойы озық тұратыны шындық. Өйткені, мәдениет – қоғам дамуына, ұлттың рухани кемелденуіне ықпал ететін маңызды сала. Ал рухани мерейімізді қандырып, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларымызды жаңғырта дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.
Бұл орайда өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды табуға ықпал еткен “Рухани жаңғыру” бағдарламасының алатын орны ерекше. Аталмыш бағдарламаның аясында ауданымызда ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Отанға құрмет туған жерге жанашырлықтан басталады емес пе? Осы орайда Тимирязев ауданынан шыққан Құртай би мен Сәбит Мұқанов сияқты есімдері ерекше аталатын жерлестерімізді мақтан етеміз. Еліміздің дамуына еңбек сіңірген осындай азаматтардың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі рухани шаралар өткізіліп тұрады. Олардың есімдерінің аудандағы саябақ, көшелерге берілуінің өзі туған жер төсінен түлеген тұлғаларға деген құрметті аңғартады емес пе?
Қазір ауданымызда 34 мәдени нысан жұмыс істейді. Соның ішінде он бес Мәдениет үйі мен он тоғыз кітапхана бар. Олардың барлығы да өздеріне артылған сенімді ақтауға тырысуда. Десе де, бұл салада жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей отырғаны жасырын емес. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында келесі жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақсы көбейетінін айтты. Бұл осы салада қызмет етіп жүрген жүздеген маманның көңіліне қуаныш ұялатты. Кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің алдында үлкен жауапкершілік, толағай жұмыс тұрғаны анық.
Кітапхана – рухани қазына ордасы. Оқырман үшін тәрбие мектебі болып саналатын кітапханада өскелең ұрпақты кітап оқуға тарту ғана емес, олардың бойында патриоттық сезім қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Аудандағы кітапхана жүйесіндегі қорда 135706 дана кітап бар. Жыл басынан бері 5755,2 мың теңгеге екі мыңнан астам жаңа кітап сатып алынды. Аудандық орталық кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жерлесіміз Сәбит Мұқановқа арналған коучинг өтсе, Москворецк, Степной, Дзержинский, Мичурин ауылдық кітапханаларында түрлі тақырыптарда зияткерлік ойын, викторина, поэзиялық марафон, шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Степной ауылдық кітапханасында тақырыптық альбомдар сериясы жүргізілді. Кітапхана қорындағы бай әдеби және иллюстрациялық материалдар, отбасылық мұрағаттардан алынған фотосуреттер мен ауыл қарттары, оқиға куәгерлерінің естеліктерінен өлкетану жазбалары жинақталды. Туған өлкенің тарихына оқырмандар үлкен қызығушылық танытты. Ал Интернационал ауылдық кітапханасы “Руханият. Дәстүр. Мәдениет” атты кітап көрмесін өткізді. Халқымыздың руханияты мен дәстүрі, мәдениеті көрініс тапқан көрмеге ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылды.
Сары мен Сүйір батырлардың ескерткіші облыстық киелі жерлер картасына енгізілгенін айтып өткен жөн. Түрлі сала мамандары мен жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері үшін Ақжан ауылдық округіндегі Меңдеке батырдың, Докучаев ауылдық округіндегі Сары мен Сүйір батырлардың ескерткіштеріне, Дмитриев ауылдық округіндегі Қайран қорғанға экскурсиялар ұйымдастырылды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, “Асыл мұра” ғылыми-зерттеу орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының өкілдері ғылыми-зерттеу экспедициясын жүргізіп, біздің заманымызға дейінгі бесінші ғасырға жататын қорғанда болды.
Халқымыздың әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ақын-жазушылардың есімдерін ұлықтау – ұрпақ парызы. Олардың шығармашылығын насихаттау “Рухани жаңғыру” бағдарламасының басты мақсаты саналады. Өкінішке қарай, көптеген тарихи есімдер ұмыт қалуда. Текті атадан тараған Сегіз серінің де тарихта алатын орны ерекше. Бірақ оған қатысты дерек аз. Алайда, зерттеушілер сазгердің денесі Докучаев ауылдық округінің аумағындағы Дос көлінің жағасында жерленген деген болжам айтуда. Ғылыми-зерттеу экспедициясының мүшелері де сол жерде болып, тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытты.
Біздің ауданымызда он тоғыз этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Мәдениет, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында жыл сайын “Салт-дәстүр” облыстық этномәдени фестивалі өтеді. Биыл ауданымыздың намысын қорғаған түрік этномәдени орталығы облыстық байқауда бірінші орынға қол жеткізсе, өткен жылы аудан делегациясы көрмеде бас жүлдені жеңіп алды. “Өнегелі құндылықтар” жобасы бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, “Плоггинг” марафоны өтті. “Туған елге тағзым” атты қайырымдылық акциясы аясында оқырмандарымыз кітап сыйлап, өздерінің тарту-таралғыларын жасады.
Бүгінде ел көлемінде қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіруде жүйелі жұмыс атқарылуда. Латын графикасы әлемнің 100-ден астам елінде қолданылады. Жобаға біздің ауданның тұрғындары да бірауыздан қолдау білдірді. “Ұлттық код және латын әліпбиі”, “Латын әліпбиіне көшу” атты тақырыптарда кеңес, “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі латын қарпіне көшу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға педагогикалық еңбек ардагерлері, партия ұйымдарының өкілдері, ұстаздар мен колледж студенттері қатысты.
Келесі жылы елімізде Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Сәбит Мұқанов сияқты замана заңғарларының мерейтойлары аталып өтпек. Одан бөлек, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 25 жылдықтарына арналған іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Бүгінде ауданымыздағы мәдениет саласы қызметкерлері осынау шараларға дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Раушан МЕДЕТОВА,
Тимирязев аудандық
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы.