Елімізде халықтың 60 пайызының қаржылық сауаты төмен. Осының салдары болар, жеті миллионнан астам адам – несиенің «қамытын» киген. Қаржы саласы сарапшыларының айтуынша, елімізде ақша ұстауда әйелдерге қарағанда ер-азаматтар ұқыптылық танытады екен. Көп жағдайда 18-29 аралығындағы жастар мен 60-75 жастағы қариялар қаржылық қиындыққа көп кезігетін көрінеді.
Елде қарызға белшесінен батқандардың көптігі сондай, бұл мәселе мемлекет деңгейінде бірнеше мәрте көтерілді. Әр жылдары Үкімет несие алғыштардың қарызын жауып, қолдау көрсеткенімен, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Халықтың қаржылық сауаты көтерілмесе, бірреттік шаралардан келер пайда жоқ. Осы ретте елімізде «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы қолға алынды.
«Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы өткен жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Жобаның мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Өткен сегіз айда «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы бойынша облысымызда 7200 адам сауатын жетілдірген.
«AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зельдің айтуынша, жоба аясында зейнеткерлерден бастап, жас кәсіпкерлерге дейін көмек көрсетілген. Заңгер мамандар несиенің кестесін қайта жасау, банкрот деп жариялау, бұғатталған банктегі есепшотты ашу, жас кәсіпкерлерге пайызы төмен немесе пайызсыз кредит алып беруге жәрдемдескен.
– Мен жастайымнан ақшаның қадірін білемін. 90-шы жылдардағы таршылықты көріп өстік. Мектепте жүріп ақша табуды үйрендім. Ол кезде видеокасетамен кино көретін едік қой. Үйдегі видео аппаратты таныстарыма жалға беретінмін. Таныстарым өздерінің жақындарына айтады. Солай клиент көбейді, қалтам қалыңдады. Үйдің үлкені де, кішісі де менен қарыз алатын. Ақшаны оңды-солды жұмсамаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кесемін. Жыл сайын отбасыммен шетелге барып демаламыз. Шетелдіктер 100 доллар тұратын ұшақтың билетін бір жыл бұрын 1 долларға сатып алатынын білдім», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Дархан Хасенов.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1,5 миллион адамның банк картасы бұғатталыпты. Мәселен, Kaspi bank кредит төлемеген күннің ертесіне, Halyq bank 90 күнде картаны бұғаттайды. Осы уақыт аралығында коллекторлық қызмет күнде хабарласады. Көп жағдайда жастардың банк картасы бұғатталады екен. Мұндай ағаттықты коммуналдық қызметті уақытылы төлейтін аға буын өкілдері де жіберіп жатады. «2020 жылы пандемияның кезінде жұбайымның денсаулығы нашарлап, жүре алмай қатты қиналды. Сол уақытта несиені бірінен соң бірін алдым. 2023 жылдан бастап несиені төлей алмай, банк карталарды бұғаттады. Home Credit Bank зейнетақымның 50 пайызын ұстап қалады. Банктер несие кестесін екі-үш айға шегеріп бергенімен кейінгі айларда төлейтін кредиттің сомасын өсіреді», – дейді зейнеткер Алтыншаш Омарова.
Қаламыздағы белді банктердің халықтың қаржылық сауатын арттыруға қатысты пікірін білмек болып хабарласқанымызда, кейбірі «Үкіметтің «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысымыз жоқ» деп қысқа қайырды. Ал Home Credit Bank пен Центр Кредит банктің аталмыш мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқадық. Олай дейтінім, екі банктің ресми парақшасында азаматтарға арналған қаржылық сауаттылыққа қатысты тұщымды ақпарат алуға болады екен.
Несиенің қамытын киген қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын қалай көтеруге болады? «Қарызсыз қоғам» жобасы өзіне артылған міндетті толық орындай ала ма? Өңірімізге белгілі кәсіпкері «NEXT» қоғамдық ұйымының төрайымы Алма Мұстафинаның айтуынша, қаржылық сауаттылық отбасынан басталады. Оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап қаржылық сауаттылықты үйрету керек.
«2019 жылы Германияның қаржы мамандары Қазақстанның кәсіпкерлеріне сабақ өткізді. Шетелде әр тиынның, бір тамшы судың қадірін мектеп жасынан үйретеді екен. Сондықтан болар олар заң бұзбайды. «Әйелдер альянсі» қоғамдық бірлестіктігінің ұйымдастыруымен облыстық кітапханада «Ниет түзу болса, қарыз болмайды» деген тақырыпта қала тұрғындарымен кездесу өткіздік. Жақында Алматыдан арнайы қаржылық сауаттылықты үйрететін маманды Петропавлға шақырдым», – деген кәсіпкер өкінішке қарай қала тұрғындары немқұрайлылық танытып, кездесуге бес-алты адам ғана жиналғананын айтты.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та әлеуметтік желілерде халықты қаржылық сауаттылыққа үйретіп келеді. Instagram парақшасында «Қарызсыз қоғам» сабағы бар. Оның айтуынша, қаржылық сауаттылықты отбасылық бюджеттен бастаған жөн. Ал отбасылық бюджет кіріс пен шығыстан тұрады. Депутат сабағында бір айлық есеп-қисапты дәптерге жазудан бастау керек дейді. Сосын артық шығындарды қысқартып, қор жинауды үйрену керек.
Халықтың қаржылық сауатын ашатын түрлі әдіс-тәсіл болғанымен, діттеген мақсатқа әлі қол жеткізе алмай келеміз. Себебі білсем, көрсем, үйренсем, үнемдесем деген ниет аз. Осы бір мәдениет қалыптаспаса, несиені жай беріп жатқандай алатындардың қатары көбеймесе азаймайды. Қазақстан өзіміз қалағандай өркениетті ел болсын десек, әр азамат экономиканың тұрақты дамуына өз үлесін қосып, қалтасындағы қаражатын ұқсатуда ысырапшылдыққа бой алдырмай, сауатты болғаны жөн.
Перизат ӘМІР,
«Soltüstık Qazaqstan».