“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы екінші ай ғана жұмыс істеп жатқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (МХҚО) партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейд ұйымдастырды. Аталмыш шара барысында МХҚО-ның қызмет көрсету үдерісіне және бірыңғай қызмет көрсету жүйесінің тиімділігіне, қызметтің сапасы мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге, сол сияқты тұтынушы-азаматтармен кері байланыс орнатуына назар аударылды.
Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы “Береке” шағынауданында орналасқан. Аталмыш мекеме таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін аптасына 6 күн үзіліссіз жұмыс істейді. Онда теориялық сынақ тапсыруға арналған емтихан сыныбы, операциялық залдар, жол полициясы, салық, әскери комиссариат қызметкерлеріне, көлік құралдарын тіркеуге және жүргізуші куәліктерін әзірлеуге арналған мекенжай, нарколог және психолог дәрігерлердің кабинеттері, төлемдердің барлық түрлерін қабылдайтын “Қазпочта” бөлімшесі бар. “24 терезе” электронды кезек тәртібімен қызмет көрсетеді. Сонымен бірге азаматтардың медициналық байқаудан өтуі және “083-у” анықтамасын алуы үшін жаңа жылдан бастап сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін “жүргізуші комиссиясы” жұмыс істейді.
Кешен аумағында агрегаттарды салыстыру қосыны (АСҚ), жол жүру ережелерінен сынақ тапсыруға арналған автодром, жеңіл және жүк автомобильдеріне, мүгедек жүргізушілер көліктеріне арналған тегін автотұрақ орналасқан.
– Аталмыш орталықтың жұмыс істегеніне екі айдай ғана уақыт болды. Қазірдің өзінде “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалына көлік иелерінен шағым түсуде. Олар, негізінен, АСҚ-дан өтуге кезектің көптігі, “жүргізушілер комиссиясының” нашар жұмыс істейтіндігі жайында. Көліктің көптігі Ресейден сатылып алынып жатқан арзан машиналарға байланысты туындап отырған жағдай. Ал “Жүргізушілер комиссиясы”, шынында да, жұмыс кестесін сақтамайды екен. Жол жүру ережелерінен сынақ алатын кабинетте болдық. Барлығы электронды түрде бақыланады. Астанамен қосылған байланыстың бейнетаспасы 6 айға дейін сақталатын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, сынақ қабылдауда жемқорлық мүлдем жоқ деуге болады, – деді БАҚ өкілдеріне өз пікірін білдірген “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайран Хамзин.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Евгений Зубковтың айтуынша, соңғы кезде толассыз жауған қар қиындық туғызуда. Сондықтан бірінші кезекте жол жүру ережелеріне жаттығуға және сынақ тапсыруға арналған автодром қардан тазаланады. АСҚ ғимаратының екі жақ боксына бірден 8 жеңіл автокөлік енгізіледі. Олардың әрқайсысын тексеруден өткізуге 15-20 минуттай ғана уақыт кетеді. Орталық қызметін пайдаланушылар 2 сағаттың ішінде көліктерін тексеруден өткізіп, тиісті құжаттарын рәсімдеп, жаңа нөмір алып үлгереді. Таңертеңгідей емес, түстен кейін кезекке тұрғандар саны мүлдем аз болады.
– Мен таңғы сағат 8.30-да ғана келдім. Бір сағаттың ішінде кезегім келіп қалды. Бәріне үлгеремін. Ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Таңғы сағат 5-тен кезекке тұрып, дүрлігіп жүргендер – көлік иелерінің өздері. Оған АСҚ қызметкерлерін кінәлауға бола ма? Түн ортасында кезек алғандар асып кетсе, бір-екі машина ғана алда тұрады. Онымен ұтқандары шамалы, – деді ескі көлігін жол полициясының тіркеуінен шығаруға, жаңа көлігін тіркеуге қоюға қос автомобильмен келіп тұрған Сергей Гудник.
Рейдке қатысушылар МХҚО-ның операция залдарында, сынақ алу, медкомиссия кабинеттерінде болып, орталықтың жұмысын сырттай бақылады, мамандармен және тұтынушылармен кеңесті.
Нұротандықтар мен БАҚ өкілдерін осынау шараға бастап келген партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ақжүніс Мұсырман рейд соңында:
– Халыққа қызмет көрсетіп жатқан мамандардың аты-жөні, қызметі жазылған бейджиктердің, кабинеттердің қызмет түрлері көрсетілген маңдайшалардың жоқтығы, кабинеттердің тиісті материалдармен әлі де толық жабдықталмағандығы, дәрігер мамандардың кешігетіні сияқты мәселелерді атап айттық. Ондай кемшіліктер тез арада жойылады деп ойлаймыз. Ал кезек мәселесі халықтың психологиясына байланысты сияқты. Орталық басшысының айтуына қарағанда, агрегаттарды салыстыру қосынынан бір күнде 150-160 автокөлік өтеді. Орталық басшылары әр күні өтуге үлгере алмай қалған не қызмет көрсетілмеген көлік иелері жоқ деп отыр. Бүгінгі рейдтің қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жіберіп, оның орындалуын жіті қадағалайтын боламыз, – деді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.