«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Шара барысында департамент қызметкерлері қаламгердің өмірімен және шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды.

Ұжым мүшелері әзірлеген кеште Әбіш Кекілбаевтың туған жері туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Департамент қызметкерлері жазушының шығармалары туралы да білімдерін толықтыра түсті. Өлең жазуға құмар бір топ қызметкер Әбіш Кекілбаевқа арналған “Дана дария” атты бөлімде өз өлеңдерін оқып, жиналғандарға жазушы жайында бейнефильм ұсынды. Жиылғандар одан Әбіш Кекілбайұлы шығармашылық жолын поэзиядан бастағанын білді. 1962 жылы “Алтын шуақ” деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрген екен. Содан бергі уақытта жазушы проза, әдеби сын, көркем аударма, көсемсөз, драма және көркем аударма саласында жемісті еңбек еткен. “Елең-Алаң”, “Үркер” және “Шыңырау түбінде” атты тарихи романдар циклі үшін жазушыға 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Кеш барысында департамент бастығы әділет полковнигі Бөкенбай Жүсіпов мұндай шаралардың маңызына тоқталып, ұжым ішінде танымал қаламгерлердің шығармаларымен танысу жалғасатынын атап өтті. “Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көр­кем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін дөп басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманның да жан жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды”, – деді Бөкенбай Өтегенұлы.  

Сурет https://kk.wikipedia.org сайтынан алынды.

 сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp