«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ХАЛЫҚ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕНІҢ БАРЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ»

Әмина Оспанова – Есіл аудандық мәслихатының №9 сайлау округі бойынша депутаты, әлеуметтік сала мәселелері, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі. Аудандық мәслихат жанындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының төрайымы. Асқар Игібаев атындағы орта мектептің директоры.

Не үшін депутат болдым?

Мен аудандық мәслихаттың соңғы үш шақырылымында депутат болдым. Жоғары жақтан депутат бол деген ұсыныс түспейтіні әу бастан белгілі. Өзім сайлауға түсіп, бағымды сынап көргім келді. Саналы адамда елге, халыққа қандай пайдамды тигізсем деген ой болады. Себебі осы өмірге келіп, білім алып, жұмыс істеген кезде өлшеулі ғұмырың босқа өтпегенін қалайсың. Оның үстіне, білім саласында еңбек ететіндер оқушылармен, ата-аналармен тығыз байланыста болғандықтан, қалай қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенін аңғармай қалады. Мектеп қалада да, ауылда да болсын қоғамдық, саяси, әлеуметтік, мәдени салалар тоғысатын жер ғой. Оның үстіне, тым болмаса өзім жұмыс істеп жатқан мектепке пайдам тисін деген мақсат та болды. Мен басқаратын мектептің салынғанына 40 жыл. Осы уақыт ішінде ғимаратқа тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Сондықтан «Рустикус» ЖШС-ның директоры Асхат Барлыбаевтың демеушілігімен қажетті екі жобалық-сметалық құжат дайындадық. Қазір мектептер реновация жобасы аясында жаңаланып жатыр. Реновацияға жобалық- сметалық құжаттарымыз дайын болғандықтан, легіп тұрмыз.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

№9 сайлау округінің құрамына Николаевкадан бөлек, Қаратал, Бірлік, Спасовка, Тауағаш ауылдары кіреді. Бес ауылдың тұрмыс-тіршілігінде оң және әлі де істелінуі тиіс кемшін тұстар бар. Осыған дейін тұрғындар жол, балабақша, интернат, мәдени-сауықтыру орталығы, ФАП-ты жөндеу, сапалы ауызсумен қамтуға байланысты мәселелер көтерді.

Ауылдарды көркейту, абат тандыруға қатысты мәселеден бөлек, тіршілік түйткілдерін де шешуге атсалысамыз. Себебі қарапайым ауыл адамы шеше алмаған мәселесін әкімге не болмаса депутатқа айтады. Бұл – сенімнің белгісі. Өткен жылы Бірлік ауылының тұрғындары сүт қабылдайтын кісі тауып беруімді өтінді. Таңғы бесте сүт тасымалдайтын көлікпен ауылға барғаным әлі есімде. Халықты толғандырған мәселені маңызды не болмаса маңызсыз деп бөлуге болмайды. Халық көтерген мәселенің барлығы толғақты және оның міндетті түрде бір шешімі болуы керек.

Қай уәдемді орындадым?

Мен он жылдан бері аудандық мәслихаттың депутаты екенімді айтып өттім. Есіл аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымында сайлауға түскен кезде Сарман ауылының тұрғындарымен кездесуге бардым. Тұрғындар «Жарық, су жоқ, жол ашылмайды» деген өтініш-тілектерін айтты. Ол кезде қысқы уақытта жолды қардан аршудың өзі қиын болатын. Қазір Сарманда су да, жарық та бар. Қыста жолдар уақытылы қардан тазартылады.

Сол кездері Николаевканың жолдары нашар болатын. Қазір ауылдың ішіне асфальт төселген. Өткенде тұрғындармен кездесу өткізгенде бір ағамыз орнынан тұрып: «Осы жолды 60 жыл күттім», – деді. 2023 жылы жөнделген жолдар – жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Сонымен қатар сол уақытта ауызсу мәселесі жиі көтерілетін. Қазір ауылдардың ішіне су кірді, енді тұрғындар үйлеріне тартып жатыр. Бір жағынан, сумен қамту жайы шешілгенімен, екінші бір мәселе туындап отыр. Қазіргі таңда судың қысымы төмен. Себебі кейбір тұғындар үйлеріне су айдайтын сорғыш қойып алған. Осының салдарынан су барлық үйге жетпейді. Су құбырлары аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына өткен кезде олардың әр үйді тексеретіндей құқығы болады.

Сонымен қатар Николаевка ауылының көшелерінде бір шам жанбайтын, түнде тас қараңғы болатын. Жанымыздағы Ильинка деген ауылдың жарығы көрініп тұратын. Бұл мәселені бір амалын тауып шешу керек болды. Округ әкімі, мектеп директоры, депутат сынды ел алдында жүргендер даланың көше шамдарын үйімізге жалғап қостық. Кейін бюджеттен қаржы бөлінді. Биыл көшелерді жарықтандыру толығымен шешілмек.

Мұның барлығын жалғыз мен істеп жатырмын дегеннен аулақпын. Айтпағым, мемлекет ауылдарды дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін түрлі бағдарламаларды іске асырып, көп қолдау көрсетіп жатыр. Әрине билік пен халықтың арасын жақындатар көпір болғандықтан, кейбір мәселелерді жоғары жаққа жеткізуде септігіміз тиіп жатқан шығар. Егер халықтың айтқан өтініші ескеріліп, мәселелер шешіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатса, бұл мемлекеттің қолдауының арқасы деп түсіну керек.

Бір мысал айтайын, Николаевка ауылының шет жағында жаңа үйлер салынған. Сол үйлерден балаларды мектепке жеткізу үшін арнайы автобус бөлінген. Бұл – қамқорлықтың белгісі. Ауылдарда қаншама құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мен «AMANAT» партиясының партиялық бақылауының құрамында болып, бірқатар жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстадым. Мектептің интернатына, ФАП-қа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл интернатта Есіл ауданындағы Қаратал, Бірлік, Спасовка және Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылынан балалар келіп оқиды. Интернаттың ішінде балалардың тұрмыс жағдайы үшін барлық жағдай жасалған. Іші кірсең шыққысыз, жарқырап тұр. Бірлікте де, Тауағашта да балалардың ойын алаңы орнатылды. Николаевка ауылына кіретін-шығатын жолдарды жөндеуге қаржы бөлінген. Ол ендігі жылы істелінеді.

Халық маған сене ме?

Халықтың көңілінен шығу қиын. Сондықтан халық маған сенеді деп кесіп айта алмаймын. Себебі халықтың маған сенетінін, не сенбейтінін білмеймін. Атқарып жатқан жұмысымның бағасын халық береді. Мен халықты өзіме сендіре аламын және олардың мені қолдайтынын сеземін. Депутаттың жұмысы алақандағыдай көрініп тұрады. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын қоғам қалыптасты. Қазір сайлаулардың әділ өтетініне сенімдімін. Егер халық сенбесе, дауысын бермейді. Әрі үгіт-насихат жұмысы да ашық, жариялы жүргізіледі. Тұрғындармен кездескеніміз фото, видеомен дәлелденіп, әлеуметтік желілерге салынады. Мен ана ауылға бардым, мына ауылдың тұрғындарымен кездестім деп өтірік айта алмайсыз. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, нағыз демократиялық қоғам құрарымыз анық.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Sailauşy pıkırı:

Әмина Оспанова – соңғы үш шақырылым бойы біздің депутатымыз. Николаевка ауылының тұрғындары оған сенім артады. Себебі жерлестерінің тағдырына бейжай қарамайды, қоғамдық жұмыста белсенді. Жұрт оны көпбалалы ана ретінде де таниды. Депутат ауылға оңтүстік өңірден көшіп келген ағайындарға қолдау көрсетіп, өтініш- тілектерін аяқсыз қалдырған емес. Үнемі көмектесіп, туындаған мәселелерді шешуге атсалысады. Сондықтан да ауыл тұрғындары Әмина Оспановаға сенім артып қана қоймай, қолдайды.

Адай ШҮКЕНОВ,

Николаевка ауылының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp