«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ХАЛЫҚ МАРКАСЫ” ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлерге “Халық маркасы” жобасы таныстырылды.

Астана қаласынан арнайы келген “Халық маркасы” жобасының авторы Римма Тәжібаева жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылатын жәрмеңке-көрменің өткізілу барысына кеңінен тоқталды. Бұл жобаның басты мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау және өз өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Римма Тәжібаеваның айтуынша, үстіміздегі жылдың 6 шілдесі күні Астана қаласында Елбасының қатысуымен жәрмеңке-көрме ресми түрде ашылады. Сауда павильонының жалпы аумағы – 5 мың шаршы метр. Отандық кәсіпкерлердің фармацевтика, тұрмыстық заттар мен туризм, азық-түлік, қолөнер бұйымдары бойынша 7 секцияда өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынуға мүмкіндіктері бар. Бірақ қатысуға ниетті компаниялар “Халық маркасы” белгісін алған соң ғана, 60-100 шаршы метр көлемінде тегін орынға қол жеткізеді. Ал аталмыш белгі 300 мың теңге тұратынын жоба авторы жеткізді. Жәрмеңке-көрмеде сатылатын өнімдер қазақстандық тұтынушыларға қолжетімді болмақ. Бұл көрме бір жыл бойы өтеді.

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді көрмеге шақыра келген жоба авторы бүгінгі таңда біздің өңірден 50 компания бұл шараға қызығушылық білдіргенін, негізінен, жеңіл өнеркәсіп пен азық-түлік өнімдерін өндіретін, жиһаз жасаумен айналысатын компаниялар тарапынан қызығушылық басым екенін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp