“Әділет органдарының қызметкерлері” деген мамандық жоқ, оны жоғары оқу орындарында да оқытпайды. Әділет органдарында жұмыс істеп, тәжірибе мектебінен өткеннен кейін ғана осы саланың нақты маманы атануға болады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Әділет органдары атқарушылық билік органы ретінде мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету міндетін жүзеге асырады. Азаматтардың, лауазымды тұлғалардың және мекемелердің заңды мүдделерін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Әділет органдары атқаратын қызметтің түрі көп. Соның ішінде нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуге ерекше көңіл аударылады. Барлық қоғамдық құқықтық қатынас үшін нормативтік құжаттардың сапасын жоғарылату маңызды. Себебі, нақты бір адамның және бүкіл қоғамның құқығы, бостандығы және заңды мүддесінің қорғалуы соған байланысты.
Үстіміздегі жылдың өткен 9 айында әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуге – 406 нормативтік-құқықтық акт келіп түсті. Соның 366-сы мемлекеттік тіркеуден өтті, 12-сі қабылданбады, 4 нормативтік-құқықтық акті қайтарылды. Осылайша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес емес құжаттарға әділет органдары сапалы заңды сараптама жүргізуде.
Сонымен қатар, біздің құқықтық мониторинг жүргізуіміз азаматтардың құқықтарының қорғалуының кепілі болып табылады. Құқықтық мониторинг жүргізу дегеніміз қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің ескіргендігін, тиімсіз жүзеге асырылатындығын немесе олардың қолданыстағы заңнамаға қайшы келетінін және сәйкестендіруді қажет ететінін анықтау үшін жасалады. Осы жұмыстың аясында үстіміздегі жылы 23 актіге қатысты 13 ұсыным және 24 актіге қатысты 22 ақпараттық хат енгізілді. Нәтижесінде, азаматтардың бостандығы мен құқығына қатысты 47 акт, қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіруде өткізілген мониторингті жүргізуді анықтау барысында және енгізілген ұсыным нәтижесі бойынша 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы мемлекеттің және әділет органдарының ең басты міндеті – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарымен қарым-қатынастарын ықшамдау мен жеделдету арқылы жетілдіру. Сондай-ақ, ақпараттық ресурстарды қолдану және басқару механизімін жетілдіру арқылы да бұл міндетті орындауға болады.
Үстіміздегі жылы облыстық әділет органдары 50 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Бүгінгі таңда, мемлекеттік қызметтің жартысынан көбі баламасыз негізде көрсетіледі. Әкімшілік тосқауылды қысқартуға байланысты апостильдеу және лицензиялау, жылжымайтын мүлік, заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы қызметтер электрондық түрде ұсынылды.
Бүгінгі күні бизнесті интернет желісі арқылы да ашуға болады. Бұл үлкен жетістік. Себебі, мемлекеттік аппаратпен байланыс болмайды, қызмет көрсету мерзімі қысқартылды және қағаз түріндегі құжаттарды ұсыну қажеттілігі жойылды. Осыдан он жыл бұрын кәсіпкерлікті бір сағаттың ішінде тіркеу мүмкін емес болатын.
Мемлекеттік басқарма жүйесіне реформа жүргізу аясында азаматтық хал актілерді тіркеу қызметі жергілікті атқарушы органдар құзыретіне берілді. Бірақ, оларды бақылау функциясы әділет органдарына бекітілген.
Тұрғындардың мемлекеттік құқықтық қызмет сапасына көңілі толуы әділет органдары үшін аса маңызды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік қызмет көрсетуде мерзім бұзушылық орын алған жоқ.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” – Ұлт жоспары бағдарламасында бес институттық реформаны жүзеге асыруды міндеттеген болатын. Аталған маңызды құжаттың 27-тармағында жеке сот орындаушылар институтын жетілдіріп, мемлекеттік сот орындаушыларды кезең-кезеңмен қысқарту керектігі айтылған.
Әділет департаменті жеке сот орындаушылар палатасының өңіріміздегі филиалымен бірлескен жұмысының арқасында, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысының аудандары жеке сот орындаушылардың қызметімен қамтылған.
Атқарушылық іс-жүргізушілікте маңызды әлеуметтік санат – алименттік төлемдерді өндіріп алу сот орындаушыларының кәсіптілігі мен көп күш салуын талап етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Осы орайда, үстіміздегі жылы адвокаттар саны 184-ке жетіп, облыс аудандары адвокаттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етілді.
Нотариалдық іс-әрекеттерде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау нотариат институтына берілген. Солтүстік Қазақстан облысында жеке нотариустардың жалпы саны – 83. Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысының әділет департаментінде 4 жеке нотариустың есептік тіркеуі жүргізіліп, 1 жеке нотариус есептік тіркеуден алынды. Барлық аудандарда нотариалды қызмет көрсетіледі.
Нарықтық экономиканың маңызды институттарының бірі – бағалау қызметі. Өңірімізде “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кәсіби бағалаушылар палатасы” қызметі жұмыс істейді. Оның құрамына 22 жеке және 6 заңды тұлға енген.
Жүргізіліп жатқан реформаларда құқықтық нигилизммен күрес, құқықтық мәдениетті көтеру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру басымдыққа ие. Осы орайда ендігі жылы Әділет департаменті құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда жаңа формалар мен тәсілдерді қолдануды жоспарлап отыр. “Заманауи Қазақстанда құқықтық нигилизмді қалай тыю” тақырыбында заң факультеттері студенттері арасында эссе-конкурсы; жаппай ақпаратты құралдарда, азаматтық институттар өкілдерінің қатысуымен нормативтік-құқықтық актілерді талқылау бойынша диалог алаңы; жастар мен халықтың құқықтық білім деңгейін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер; әлеуметтік маңызды міндеттерін түсіндіру бойынша жастармен үкіметтік емес ұйымдармен және “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалымен бірлесе акциялар өткізу көзделіп отыр. Мемлекет басшысының халыққа арнаған “Қазақстан – 2050″ Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіп, дамыған 30 елдің қатарына енуде нақты тапсырмалар берілген.
Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда түрлі сыртқы рейтингтердің маңызы зор. Оны халықаралық ұйымдар және рейтингтік агенттіктер жасайды. Оның ішінде ең беделділері “DoingBusiness” (“Бизнесті жүргізу”), Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ДЭФ ЖБҚИ) болып табылады. 2015-2016 жылдары Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабелеттілігі жаһандық индексінің жылдық есебінде Қазақстан Республикасы 42-ші орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 8 тармағын жақсартқан.
Әділет министрлігі – “Зияткерлік меншіктік қорғау”, “Меншіктік құқық”, “Заңдылықта таласты мәселелерді шешу тиімділігі”, “Заңдылықта әкімшілік тәртіпке салуды даулау тиімділігі” сияқты 4 индикатордың негізгі орындаушысы. Осы орайда, облыстық әділет департаментінде бекітілген жоспар бойынша ДЭФ ЖБҚИ көрсеткіштерін жақсарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облысы әділет департаменті өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастықты жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасымен және “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментімен, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалымен де осындай байланыс орнатты.
Сондай-ақ, біз Әділет министрлігінің ведомствоаралық мекемелерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес аумақтық әділет органдарының келісілген іс-әрекетін үйлестіру үшін құрылған Үйлестіру кеңесі тұрақты әрекет етуші орган болып табылады.
Үйлестіру кеңесінің арқасында барлық ведомствоаралық аумақтық әділет органдарының тоқсан сайын отырысы өткізіліп, онда жергілікті жерде туындаған мәселелерді, қолданыстағы заңнамаға жаңа енгізілген нормаларды талқылауға, сондай-ақ, атқарушылық, өкілдік, құқық қорғау органдарымен, соттармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе әрекет жасауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланып, ведомствоаралық мекемелердің қатысуымен құқықтық түсіндіру іс-шаралары бойынша бірлескен жоспар әзірленді.
Әділет жүйесінде осындай реформаның жүргізілуі – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің бізге зор сенім артып отырғандығының белгісі. Күн сайын әділет органдарының маңызы артып, сәйкесінше атқаруымыз тиіс қызметтер аясы кеңейе түсуде.
Руслан КАКТАЙ,
облыстық әділет департаментінің
басшысы.