«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ІЗДЕУШІЛЕР

Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан қаламгер, этног­раф, баспагер, аудармашы Зейнолла Сәніктің 90 жылды­ғына орай ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты респуб­ликалық экспедиция мүше­лері Қызылжарға табан тіреді. Меймандар М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен кезде­суге қатысты.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының бастамасы негізінде қолға алынған жоба аясында еліміздің барлық облысын аралап, ұлт­тық құндылықтарды жан-жақты дәріптеу, рухани мұраны заман талабына сай жаңғырту, насихаттау көзделген. Экспе­диция мүшелері өңірлердегі тарихи орындарды аралап, жергілікті этнограф­тар мен өлкетанушылардың еңбектерін жинайды.

– Зейнолла Сәнік – қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық этнографиясы тура­лы өндірте жазған қаламгер, ғалым. Бүгінгі кездесуден жастар ардақты тұлға­ның өмір өткелдерімен етене жақын та­нысып, өздеріне қажетті мол дерек ала­тынына кәміл сенемін, – деген универ­ситеттің басқарма төрағасы-ректоры Ер­бол Исақаев алдағы уақытта білім ордасы жанынан Зейнолла Сәнік атындағы ау­диторияның ашылатынын хабарлады.

Сөз тізгінін алған көрнекті ақын, Қа­зақстан Жазушылар одағы басқарма тө­рағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бег­манов ауқымды жоба Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының де­меушілігімен жүзеге асып отырғанын тіліне тиек етті. Университет ұжымына этнограф-ғалым, жазушы Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты құнды ең­бегін сыйға тартты.

Этнограф ғалым Үзбен Құрманбай, алаштанушы Елдос Тоқтарбай, облыс­тың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, М.Қозыбаев атындағы университеттің оқытушысы Жазира Көкбас экспедиция жұмысын та­разылап, З. Сәніктің қазаққа ортақ тұлға екенін айтты. Экспедицияны бастап кел­ген Қасымхан Бегмановқа М.Қозыбаев атындағы төсбелгі табысталды.

Маңғыстау облысынан бастау алған экспедиция үш бағытта жұмыс істейді. Аққайыңдар өлкесіне ат басын бұрған жандар алдымен «Ботай-Арт» галерея­сын, облыстық тарихи-өлкетану музейін, «Абылай хан резиденциясы» музей-ке­шенін аралап, өңір тарихынан сыр шер­тетін құнды жәдігерлермен танысты. Кейін түркі халықтарының жарық жұл­дызы – Мағжан ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына (Мағжан Жұмабаев ауданы) ат басын бұрды. Ау­дандағы ақынның атын иеленген мек­тептің оқушыларымен, жергілікті өлкета­нушылармен кездесіп, тарихи жерлер ту­ралы әсерлі сөз сабақтады. Жиналғандар­ды жобаның мақсат-міндетімен таныс­тырған Қасымхан Бегманов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның экспедиция мүшелеріне жолдаған хатын оқып берді.

«Батыс өңірінен бастау алған сапар еліміздің барлық аймағын қамтымақ. Мәдениеттанушы ғалымдар, этнограф­тар, қолына қалам ұстаған қауым мен орындардың қазіргі жай-күйімен танысу. Облыс орталықтарында, аудандарда тұ­ратын ақын-жазушылармен, өлкетану­шы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинаушы көнекөз қариялармен, шежі­решілермен жүздесіп, әр аймақтағы ұлт­тық құндылықтардың сақталуын зерде­леу. Осының бәрі – ұлтты тұтастандыру­ға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға жұмыл­дыратын оң қадам, тың бастама», – делінген хатта.

Жиналғандарға Зейнолла Сәніктің ғибратты ғұмыры мен жазушыға арнал­ған игі істер қамтылған деректі фильм көрсетілді. Аталмыш фильмде 2018 жылы құрылған мәдени қордың атқарған жұ­мыстары да кеңінен сөз етіледі.

Келесі күні экспедиция мүшелерін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұ­мағұлов қабылдады. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе атқа­ратын жұмыстар талқыланды. Қасымхан Бегманов Ақтөбе облысында қолға алынған «Әдебиет. Рух. Қоғам» деген әдеби форумды Солтүстік Қазақстан об­лысында да өткізуді, осы өлкеде туған классиктер Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды тұл­ғалар атындағы әдеби сыйлық тағайын­дау туралы ұсынысын айтты. «Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Қазақстан Жазушылар одағына мүше қа­ламгерлерге жылына бір рет қаржылай көмек көрсетілсе деген ойымыз бар. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қызылжар» қосымшасын шығаруды да қолға алмақпыз», – деді Қасымхан Бег­манов.

Экспедиция мүшелері Абай мен Пушкин ескерткішіне гүл шоқтарын қо­йып, Мағжан орталығын аралады. Түс ауа Қостанайға бағыт алды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp