Қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан қаламгер, этнограф, баспагер, аудармашы Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелері Қызылжарға табан тіреді. Меймандар М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесуге қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының бастамасы негізінде қолға алынған жоба аясында еліміздің барлық облысын аралап, ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеу, рухани мұраны заман талабына сай жаңғырту, насихаттау көзделген. Экспедиция мүшелері өңірлердегі тарихи орындарды аралап, жергілікті этнографтар мен өлкетанушылардың еңбектерін жинайды.
– Зейнолла Сәнік – қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық этнографиясы туралы өндірте жазған қаламгер, ғалым. Бүгінгі кездесуден жастар ардақты тұлғаның өмір өткелдерімен етене жақын танысып, өздеріне қажетті мол дерек алатынына кәміл сенемін, – деген университеттің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев алдағы уақытта білім ордасы жанынан Зейнолла Сәнік атындағы аудиторияның ашылатынын хабарлады.
Сөз тізгінін алған көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов ауқымды жоба Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жүзеге асып отырғанын тіліне тиек етті. Университет ұжымына этнограф-ғалым, жазушы Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты құнды еңбегін сыйға тартты.
Этнограф ғалым Үзбен Құрманбай, алаштанушы Елдос Тоқтарбай, облыстың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, М.Қозыбаев атындағы университеттің оқытушысы Жазира Көкбас экспедиция жұмысын таразылап, З. Сәніктің қазаққа ортақ тұлға екенін айтты. Экспедицияны бастап келген Қасымхан Бегмановқа М.Қозыбаев атындағы төсбелгі табысталды.
Маңғыстау облысынан бастау алған экспедиция үш бағытта жұмыс істейді. Аққайыңдар өлкесіне ат басын бұрған жандар алдымен «Ботай-Арт» галереясын, облыстық тарихи-өлкетану музейін, «Абылай хан резиденциясы» музей-кешенін аралап, өңір тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Кейін түркі халықтарының жарық жұлдызы – Мағжан ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына (Мағжан Жұмабаев ауданы) ат басын бұрды. Аудандағы ақынның атын иеленген мектептің оқушыларымен, жергілікті өлкетанушылармен кездесіп, тарихи жерлер туралы әсерлі сөз сабақтады. Жиналғандарды жобаның мақсат-міндетімен таныстырған Қасымхан Бегманов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның экспедиция мүшелеріне жолдаған хатын оқып берді.
«Батыс өңірінен бастау алған сапар еліміздің барлық аймағын қамтымақ. Мәдениеттанушы ғалымдар, этнографтар, қолына қалам ұстаған қауым мен орындардың қазіргі жай-күйімен танысу. Облыс орталықтарында, аудандарда тұратын ақын-жазушылармен, өлкетанушы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинаушы көнекөз қариялармен, шежірешілермен жүздесіп, әр аймақтағы ұлттық құндылықтардың сақталуын зерделеу. Осының бәрі – ұлтты тұтастандыруға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға жұмылдыратын оң қадам, тың бастама», – делінген хатта.
Жиналғандарға Зейнолла Сәніктің ғибратты ғұмыры мен жазушыға арналған игі істер қамтылған деректі фильм көрсетілді. Аталмыш фильмде 2018 жылы құрылған мәдени қордың атқарған жұмыстары да кеңінен сөз етіледі.
Келесі күні экспедиция мүшелерін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қабылдады. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе атқаратын жұмыстар талқыланды. Қасымхан Бегманов Ақтөбе облысында қолға алынған «Әдебиет. Рух. Қоғам» деген әдеби форумды Солтүстік Қазақстан облысында да өткізуді, осы өлкеде туған классиктер Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды тұлғалар атындағы әдеби сыйлық тағайындау туралы ұсынысын айтты. «Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Қазақстан Жазушылар одағына мүше қаламгерлерге жылына бір рет қаржылай көмек көрсетілсе деген ойымыз бар. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қызылжар» қосымшасын шығаруды да қолға алмақпыз», – деді Қасымхан Бегманов.
Экспедиция мүшелері Абай мен Пушкин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Мағжан орталығын аралады. Түс ауа Қостанайға бағыт алды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».