«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚОЛДАДЫ

Бұрнағы күні бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті XXXX сессиясы өтті. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов қатысқан облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына кандидатураны келісу туралы мәселе енгізілді.

– Мемлекет басшысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында жергілікті полиция қызметін құру жөнінде тапсырма берген болатын. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полицияның қазақстандық жаңа моделі қолданысқа енгізілетін болады. Жаңа модельге сәйкес бұл құрылым қоғамдық тәртіпті сақтауда өңірдегі атқарушы органдардың рөлін, сондай-ақ, жауапкершілігін, қолдауын арттырады, қылмыстың алдын алу жүйесін дамытады. Жергілікті полиция қызметі атқарған жұмыстары туралы жылына екі рет өздері орналасқан аумақтағы әкімдердің, ал тоқсан сайын тұрғындардың алдында есеп береді. Еліміздің қолданыстағы заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл қызметке тағайындалатын кандидатураға жергілікті мәслихат депутаттарының келісімі керек, – деген Ерік Хамзаұлы Ішкі істер министрінің ұсыным хатын оқып берді.

Халық қалаулылары облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына ұсынылған полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, тиісті шешім қабылдады.

Қанат Айтбаев А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Құқық қорғау органдарында 1992 жылдан қызмет етеді. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ішкі істер бөлімін басқарған.

Сессияда халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Ерік Сұлтанов үстіміздегі жылғы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына қысқаша тоқталды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp