Ұрпағының бақытты болашағын елдің кемел келешегімен тікелей байланыстырған халқымыз нәрестені өмірге келмей жатып, ана құрсағында адал, шыншыл, мейірімді болуға баулыған ғой. Мысалы, бала дүниеге келмей тұрып басталатын “Құрсақ шашу”, бала дүниеге келе салысымен болатын “Сүйінші сұрау”, “Азан шақырып ат қою”, “Шілдехана тойы”, “Бесікке салу”, “Қырқынан шығару” – барлығының өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Осыдан кейін қазақ халқының ұлттық ұстанымдарының, түсінік-танымдарының, салт-дәстүрлері мен өмір сүру қағидаларының мән-мағынасын терең аңғарамыз.
Халқымыздың салт-дәстүрлері тек тәлім-тәрбиеге емес, бұлжымас тәртіпке де негізделіп отырған ғой. Мәселен, бала тәй-тәй басып жүре бастағанда жасалатын “Тұсаукесер” – баланың алғаш өмір жолына қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышы. Ал танымдық, тәрбиелік жағы кім көрінгенге емес, ауылдағы аса сыйлы, ел-жұрты құрмет тұтатын өсіп-өнген, ардақты аналарға кестіру арқылы адамның қадірін де үлгі ету болса, рәсімнің тәртіптік рөлі алдымен ала жіппен тұсап алып, соны кестіру, бала бұл өмірде біреудің ала жібін аттамасын, яғни ұрлық жасамасын, алаяқтықтан бойын аулақ ұстасын деген ұғым. “Баланы – жастан” дейтін қазақ, бес жасында баланы сүндетке отырғызып, азамат болды деп ашамай ерге мінгізеді. “Он үште отау иесі” деп көтермелей отырып, болашақ отағасы болуға санасын қалыптастыра бастайды. Одан қалды, халқымыздың қанатты сөздерінде де, мақал-мәтелдерінде де “Болар елдің баласы он үшінде баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын дер”, деп ескерткен. Демек, қазақ халқының салт-дәстүрі де, өнері де, адамды жақсылыққа үндейтін тұнып тұрған тәрбие.
Кеңес заманында жүргізілген солақай саясаттың әсерінен қымбат қазынадай асыл мұрамыздың болашағына өзіміз балта шапқан кезіміз болды. Содан барып игі дәстүрлерімізден ажырап қалдық. Ұрпақ алмасты, көп дүние көнекөз ата-апаларымызбен кетіп, көмескі тартты.
Тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері өшкенімізді жандырып, жоғалтқандарымызды қайта іздей бастадық. Әрине, оны қалпына келтірдік десек, артықтау болар, алайда, сағынып көріскен салт-дәстүрлеріміз салтанат құра бастады. Жоғарыда аталған “Шілдехана”, “Тұсаукесер”, көктем мезгілімен бірге жеткен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекеміз сияқты өзге де игі құндылықтарымыз бүгінгі заманға сай қайта түрленіп, ортамызға оралу үстінде. Десек те, дәстүрлеріміздің, салт-жоралғыларымыздың кейбірі жаңа сипатқа ие болған. Тіпті, кейбіреулерінің мағынасының да өзгергендігін аңғарамыз. Мәселен, қыз баланың тәрбиесіне, ибалы, инабатты, көргенді болып өсуіне ерекше мән берген халқымыз қыз – болашақ ана деп қараған. Сол себепті де, бойжеткен қызын тұрмысқа беру әр ата-ананың арман-тілегімен қоса парызы саналған ғой. Сондықтан да болар, қыз ұзату тойының кәдесі мен жөн-жоралғылары ұзын сонар. Бұл, бір қырынан алғанда, қазақ халқының қыз баланы ерекше аялап, құрмет тұтқандығының белгісі болса керек. Үйлену тойынан асып түспесе, кем түспейтін қыз ұзату дәстүрінен бүгінде көзге түрпідей көрінетін олқылықтарды байқауға болады. Көрер көзге өрескел көрінетін бірінші тұсымыз – қыз жолдас, күйеу жолдаспен бірге төрге отырғызып, үйлену тойы іспетті өткізетініміз.
Қазақтың салтында жеңгелері бойжеткеннің қолын ұстатып, күйеу жігіттен “қол ұстатар”, шашын сипатып, “шаш сипатар” жасап, арнайы сыйлығын алатын. Бұл, бір жағынан, жастар үшін сын болған. Осы сында қыздың ұяңдығы, ұялшақ, ибалы мінезі, тазалығы мен пәктігі, ал күйеу жігіттің тектілігі, жомарттығы көрінген. Бұл жоралғылар дүйім жұрттың көзінше емес, жас жұбайларға арналған оңаша отауда жасалған. Қыздың әкесі ол отаудың маңына жуымаған. Ал қазіргі тойларда әкелер қызын есік алдына дейін шығарып салып, күйеу баласының қолына табыстап жатады. Бір қызығы, бұл қазақтың көп отбасыларында орын алатын қалыпты жағдайға айналып барады.
Содан кейін “гүл лақтыру”, “қалыңдықтың аяқ-киімін ұрлау”, “торт жегізу” сияқты ұлттық мента-литетімізге жат әдеттер де көбейді. Мұндай салт біздің қазақта бұрын-соңды болмаған ғой.
Осынау жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, дәріптеп, келер ұрпаққа аманаттау болашағын қазақтың жерімен байланыстыратын баршамыздың, әсіресе, біз сияқты аға буын өкілдерінің қасиетті міндеті. Көп жылдар бойы ұлағатты ұстаз болған өзім зейнеткер, ана ретінде балаларыма, немерелеріме озық дәстүрлеріміз жайлы айтып отырамын. Ырым-тыйымдарымыздың шығу себебін әртүрлі мысалдар арқылы қызықты жеткізуге тырысамын. Кезінде сабақ берген шәкірттерімнің дені бүгінде әртүрлі оқу орындарын бітіріп, өмірдің барлық саласында жемісті қызмет етуде. “Ұстаз ұлағаты балаға мың жыл азық” дегендей, олармен ара-тұра кездесе қалғанда оқушыларымның халқымыздың айнасы іспеттес дәстүрімізді, салтымызды дәріптейтін өресі биік азаматтар болып қалыптасып келе жатқандығына қуанамын.
Роза ЕШАНҚҰЛОВА,
зейнеткер.
Мамлют ауданы.