«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Бүгінде жас ұрпақты “Туым – теңдігім, Елтаңбам – елдігім, Әнұраным – айбыным” дейтіндей тәрбиелеу қажет. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен “Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын” деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей өскен жөн”, – деген болатын.

Президентіміз шетелдерге іссапармен барғанда және спортшыларымыз жеңіске жеткенде ғана Мемлекеттік Туымыз көтеріліп, Гимніміз орындалады. Ту көтерілгенде адамның рухы да асқақтайды.  

– Әрине, жеңіске жетіп, еліміздің Туы көтеріліп, Гимніміз ойнағанда сөзбен айтып жеткізе алмайтын тебіреніс, толқу сезімі болады. Көп жылғы еңбегіңнің жемісін көріп, еліңнің атын шығарып, халқың үшін мақтаныш болу – әр спортшының арманы, – дейді жеті жылдан бері жүзумен айналысып, мүгедектер арасында өтетін Бүкіл әлемдік ойындардың, Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман.

Тарихта туға қатысты мысалдар жетерлік. Қабанбай батырдың қолында қалмаққа қарсы жан аямай шайқасқан жас Қазымбет батыр ат үстінде қолындағы туын жықпай, сабына сүйенген күйі мерт болған екен. Қанды қырғында қазақ сарбаздарының жігері жасымас үшін көзі жұмылып бара жатса да осылай жасаған. Ал бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерді күнделікті өмірде талапқа сай таза, ұқыпты ұстаудың өзі қадірлеу болып табылады.

Кез келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Қазақ халқында соның бірі – жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған “Елім-ай” әні. Әнде айтылған қасіретті басынан кешірген қазақ бүгін әлемге жүргізіп отырған саясатымен де, айшықты мәдениетімен де, бай әдебиетімен де танылды. Оның бүгінгі Гимні – “Менің Қазақстаным”.

Облыстық филармонияның “Әлқисса” фольклорлық ансамблі әр жылдары Францияға, Түркияға барып, шетелдіктерді қазақтың ұлттық музыкасымен таныстырып, тамсандырып келді.

– Шетелге шыққанда, Туымызды міндетті түрде ала барамыз. Өзге елде өнер көрсеткен кезде жауапкершілікті ерекше сезінесің. Ұлттық музыканы насихаттап, қазақ халқының парасат-пайымын жеткізген кезде көрермендер тарапынан зор қызығушылық болды. Сол кезде сахна төрінде өзіміздің Туымыз желбіреп, қандай елден келгенімізді танытып тұрады, – дейді “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Руслан Асылхан.

Халқымыздың арманын асқақтатып, ел тарихының тереңінен тамыр тартып, шаңырағымыздың беріктігін паш еткен Мемлекеттік рәміздеріміз – қастерлі. “Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы”, – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp