
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні облыс орталығында сол зұлмат жылдардың зобалаңына тап болғандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Азалы әуен сол жерге жиналғандардың әрбірінің көңілін тебіренткені түсінікті. Себебі, мұндай қуғын-сүргінге ұшыратқан, аяусыз жасалған зұлымдық барша қазаққа қатысты болды десек, артық айтқандық емес.
1932-1933 жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллионнан астам адам ашаршылық құрбанына айналды. 1930-1950 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағына депортацияланған халықтар мен этникалық топтар 134479 адамды құрады. Олар шешендер, ингуштар, кәрістер, молдавандар, қалмақтар, эстондар, латыштар және тағы басқа ұлттардың өкілдері болатын.
Аза тұту күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Одан кейін жиналғандар жазықсыз жапа шеккендерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл жерде саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған қабырға осыдан екі жыл бұрын ашылғанды. Онда солақай саясаттың құрбаны болған 6800 адамның есімдері мәрмәр тасқа ойылып жазылған. Әрине, мұндай қасірет ұмытылмақ емес.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев ескерткішіне еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жиналды.
Олардың барлығын халқымыздың ұмытылмас қайғы-қасіреті, жазықсыз жапа шеккен арыстай азаматтар рухына тағзым ету ниеті біріктірді бұл күні.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов топырағы киелі Қызылжар жерінде туған ұлы тұлға – Мағжан бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Рәсімге ардагерлер мен жастар, діни қауымның өкілдері және осы күні барша қазақпен бірге боздақтарын тағы бір рет еске алуға келген қала тұрғындары қатысты.
Поэзия пайғамбары Мағжан бабамыздың туысы – қала тұрғыны Тасболат Бекенов та аза күні ескерткіш басына барып, жастармен жүздесіп, зобалаң жылдары қаза тапқан жақынына деген сағынышын бір ауыз өлең жолымен жеткізді. Бүгінде жетпісті еңсерген ақсақал ақиық ақынның Сәлімжан есімді інісінің ұлы. Өзі көзімен көрмесе де, Мағжан өмірі туралы әңгімені әке аузынан тыңдап, одан үлгі-өнеге алып өскен Тасболат Бекенов: “Бұл халқымыз үшін орны толмас қасірет. Оны әрбір қазақ баласы жадында ұстап, жан азабы толы тарих парақтарын ешқашан ұмытпауы керек”, – деді салтанатты шарадан кейін алаңға жиналған жастармен әңгімелескен кезінде.
Қошан ҚАЛИ,
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ