Сұм ажалдың жан жарым Ораз Баймолдаұлын бұл жалғаннан мәңгі-бақиға алып кеткеніне 2015 жылдың 9 шілдесінде 20 жыл толды. Аяулы жұбайымның кенеттен келген қазасы сеңдей соғып, шаңырағымызды шайқалтты-ау. Сол қаралы күндері екі адамның айтқан сөзі әлі есімде. Бірінші азамат қолымды ұстап тұрып: “Жеңгей-ай, сіз тұрмақ, мен де жылап тұрмын. Ағай өте ақылды, парасатты және көркем адам еді ғой”, – деген. Екіншісі Моңғолиядан тарихи Отанына көшіп келген ағай болатын. Ол маңындағы қазақтарға: “Ал, ағайындар, енді сендерге қамқоршы болатын кісі де жоқ”, – деген.
Біз 1962 жылы екі кішкентай баламызбен кезінде Ашанино, одан кейін Трудовое деп аталған, жаңадан құрылған кентке көшіп келгенде 26 жаста ғана едік. Ораз сол кездегі тас алатын карьерде, одан кейін темір-бетон зауытында шебер болып, 1969 жылға дейін істеді. Сол жылы Куйбышев ауданы жаңадан шаңырақ көтергенде Ораз коммуналдық шаруашылықты басқаруға ауыстырылды. 1971 жылы жол құрылысы және пайдалану мекемесін, кейін аудандық автожол кәсіпорнын басқарды. Осы жұмыста ол үзбестен 1990 жылға дейін істеді. Жұмыс істегенде бар күш-жігерін салатын, уақытпен санаспайтын.
Солай тыным таппай істеген жұмыс денсаулығына нұқсан келтірді. Ақыры 1991 жылы жеңіл жұмысқа, яғни аудандық әкімдіктің жалпы бөлімін басқаруға ауысты. Дәл осы тұста Қазақстанның жеке мемлекет болып құрылуына байланысты көптеген жаңа проблемалар туындады. Денсаулығының мәз еместігіне қарамастан, сол мәселелерді шешуге өз шамасынша араласты. Әсіресе, аудан орталығында бірінші рет қазақ мектебін ашуға бар күшін салды. Бірінші сыныпқа баратын балалары бар жас ата-аналарды әкімдікке шақырып, үй-үйді аралап жүріп үгіттеді. Куйбышев ауданында сол кезде қазақ аз екенін ескерсек, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды болғаны айтпаса да түсінікті.
Сөйтіп, сол жылы үлкен еңбектенудің нәтижесінде аудан орталығында 19 бала бірінші қазақ сыныбының есігін ашты. Балалар оқитын кабинетке сол кездегі аудандық партия комитеті ғимаратының астыңғы қабатынан бір бөлме берілді.
Өзінің немересін бірінші етіп жазғызып еді. Сол немереміз осы қазақ мектебін үздік бітіріп, Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің ағылшын тілі факультетін де үздік аяқтады. Сөйтіп, үш тілді меңгерген маман болып шықты. Қазір Астанада бір министрлікте жауапты қызмет атқарып жүр. Сол қазақ мектебі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында 11 жылдық қазақ орта мектебі болып жұмыс істеп тұр.
Осы тұста (1991-1992 жж.) Моңғолиядан қазақ ағайындар көшіп келе бастады. Оларға жанашырлық жасап, жоғын жоқтап, істеген жұмыстары бір төбе. Сол кезде жергілікті әкім орыс ұлтынан болғандықтан, оралмандар жалпы бөлімге – Оразға келуші еді. Ал Ораз олардың тілегін әкімге жеткізіп, жеткізіп қана қоймай, бір қорытынды шығартқызып, кеңшарлардың директорларымен айтысып-тартысып: “Сендер неге кеңшарға келген бірнеше отбасыға жағдай жасамайсыңдар? Олар басқа жерден ауып келгендер емес, кешегі тағдырдың тәлкегіне ұшырап, осы Қазақстаннан көшкен қазақтар”, – дейтін. Әр отбасыға сауын сиыр, соғым беру, үйлерін жөндеуден өткізу, т.б. шаруаларды қадағалап отыратын.
Тіліміз бен дініміздің қайта оралуына байланысты енді аудан орталығынан мешіт салса деген ой Оразды мазалай бастады.
Әлі есімде, көршілес Сарыкөл (Урицкий), Сергеев (қазіргі Шал ақын) аудандарында болып, ондағы мешіттердің жобасын әкеліп, аздап өзгеріс енгізіп, жаңа жобаның барлық құжаттарын аудандық сәулетшілермен келісіп, облысқа барып, бекіткізген еді. Енді құрылыс материалдарын табу керек. Ол кезде әлі де болса жұмыс істейтін темір-бетон зауытынан іргетасы тік блоктар, төбені жабатын плиталар алатын болды. Сол кездегі элеватордан қабырғасына салатын қызыл кірпіш алды. Аталмыш мекемелердің директорларына барып: “Бізде ақша жоқ, Қазақстан жаңа құрылып жатқан жас мемлекет, бұл құрылыс материалдарын өздеріңнің есептеріңізден беріңіздер”, – деп келіссөз жүргізетін. Міне, қарап отырсаңыз, өзінің тікелей жұмысы бар, денсаулығы мәз емес адамға осының бәрі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті ғой.
Біздің ауданның орталығында мұсылмандардың зираты жоқ еді. Басқа жақтан жұмысқа келген адамдар өмірден өткендерді қайда қоярын білмей, дал болатын. Әсіресе, қысқы боранда алыстағы қазақ ауылына апару қиын еді. Бұл жағдайды да Ораз бейтарап қалдырмады. Аудан сәулетшілерімен келісіп, зират болатын жерді белгіледі. Новоишим ауылынан алыс емес зираттар осылай пайда болды.
Аудан орталығындағы көшелердің көпшілігі әлі күнге дейін орысша аталады. Бірнеше көшені қазақтың ұлы адамдарының атымен атаса деп армандады. Бірде үйге ауырып келді. Біраз жатып тыныққаннан кейін: “Поссоветтің сессиясы болды, үлкен көшелердің біріне Абылай ханның атын беру туралы ұсыныс жасадым, кейбір тұлғалар қарсы болды”, – деп мән-жайды түсіндірді.
Ораз сөйлегенде дәлелдерге сүйеніп, өте сауатты, тыңдарлықтай етіп тартымды сөйлейтін. Соның арқасында, әйтеуір, Новоишим ауылындағы көшелер Абылай хан бабамыздың, Ақан серінің, Абай атамыздың 150 жылдықтарына байланысты ұлы тұлғалардың аттарымен аталатын болды. Жергілікті тұрғындар бұл атаулардың қандай қиыншылықпен берілгенін біле бермейді. Өзінің денсаулығының нашарлығына қарамастан, осындай игілікті істерді істеп, халық үшін, келешек ұрпақтың қамы үшін өмірінің соңына дейін бар күш-жігерін, ақыл-ойын аямай жұмыс істеген Ораздың тындырған басқа да жұмыстары жеткілікті.
“Ораз-ау, денсаулығың шамалы ғой, неге осыншама дамыл таппайсың, тағы да ауырып қаласың ғой”, – дегенде:
“Әй, Сапура-ай, ағайынға, халқыма, еліме пайдам тимеген мағынасыз ұзақ өмірден еліме, қазағыма кішкентай болса да пайдам тиген мағыналы, қысқа ғұмырым артық”, – дегенді.
1995 жылғы 9 шілде күні 58 жасында екі-ақ күн ауырып, аяулы азамат, жан жолдасым бұ дүниеден өтіп кетті. Әңгіменің басындағы азамат айтқандай, “Неткен парасатты, неткен көркем едің, асыл азаматым! Артыңда балаларың, ағайын-туыс, ел-жұртың айтып жүретіндей, жақсы істерің қалды, толмастай болып орның қалды. Сен жасай алмаған ұзақ ғұмырды ұрпағыңа бере көр”, – деймін асыл жанды әрдайым еске алып…
Сапура РАМАЗАНҚЫЗЫ.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.