
Жоңғар шапқыншылығы тұсында жүрек жұтқан батырлығымен көзге түсіп, қасық қаны қалғанша туған жердің тұтастығын сақтап қалуға атсалысқан Жанатай батыр Жәнкеұлының ерлігін елге мұра, ұрпаққа ұран ету мақсатында Есіл ауданының Өрнек ауылында былтырдан бері түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Игі бастаманың жалғасы ретінде жуырда Алматы ауылдық округі әкімшілігі мен елді мекеннің белсенді азаматтары Ұлттық Ұлан Әскери институтымен бірлесіп, жауынгердің ескерткішін киелі жерлер географиясына енгізу мақсатында мәдени шара ұйымдастырды.
“Рухани жанғыру” бағдарламасы еліміздің ұмыт қалған, зерттелмеген тарихи тұлғаларының есімдерінің қайта жаңғыруына септігін тигізіп келеді. Игі бағдарлама аясында былтыр Өрнек ауылының тұрғындары өз күшімен ауыл шетіндегі зиратта жерленген батыр бабаларының басына белгі тас орнатқан. Содан бері Жанатай Жәнкеұлы туралы ел аузында қалған шежіре мен аңыз-дастандарды жинап, бүгінде жауынгердің ескерткішін киелі жерлер картасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Іс-шараға арнайы шақырылған Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Анатолий Плешаков пен медицина ғылымдарының докторы Жанбатыр Сартаев батырдың сүйегі жатқан зиратқа барып, ауыл тұрғындарының аузынан Жанатай Жәнкеұлының өз заманының жүрек жұтқан батырларының бірі болғанын дәлелдейтін деректерді тыңдады. Бұдан соң құрметті қонақтар мектептің акт залында өткен шарада батырдың ұрпағымен, ауыл ақсақалдарымен тілдесіп, өз пікірлерін білдірді. “Жанатай батыр атақты Бөгенбай батыр жасақтарының құрамында түрлі шайқастарға қатысып, ержүректілігімен, қайсарлығымен көзге түскен. Сөйтіп аз уақыттың ішінде Абылай ханның сенімді батырларының біріне айналып, 500 адамдық әскерді басқарған. Ең қиын тапсырмаларды орындап отырған. Осындай батырдың ерлігін ұмытпай, оны жас ұрпаққа насихаттап келе жатқан азаматтардың еңбегін атап өтпеуге болмас”, – деді Анатолий Андреевич. Ал Жанбатыр Сартаев Жанатай Жәнкеұлын қазақстандық патриотизмнің символына балап, былай деп ой білдірді: “Жоңғарлармен соғыста ерен ерлік көрсеткен оғланның жерленген жері киелі орын саналады. Әскери институтта жастардың бойында Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру мақсатында батырлардың ерліктерін насихаттауға зор көңіл бөлінуде. Соңғы уақытта оқу орнымыз киелі жерлерді анықтауда белсенділік танытып, курсанттарға жергілікті тарихи деректер негізінде патриоттық тәрбие беруге ден қойған”.
Батырдың тікелей ұрпағы, ауылдың құрметті азаматы, зейнеткер Бейсен Құлшықов игілікті істі қолға алған ауыл белсенділеріне алғысын білдіріп, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысы басталған тұста майданға аттанған ауыл азаматтарының Жанатай батырға деген сый-құрметі ерекше болған. “Әкем соғыс ардагері Жанатай батырдың әр жорығын аңыз-әңгіме етіп айтып отыратын. Бертінге дейін әскери борышын өтеуге аттанғалы тұрған ауыл жастары зират басына барып, жауынгердің бейітіне тәу етіп келді. Батырға Құран бағыштап, бейіт басынан бір шөкім топырақты орамалдың шетіне түйіп алып, майданға аттанғандар қаншама?!”.
Қадірлі ақсақалдың сөзін дәлелді деректермен жалғаған ауылдың тумасы, ардагер журналист Болат Қожахметов өз сөзін батырдың бейітінің басына орнатылған тастың тарихынан бастады. Айтуынша, бұрынырақта зәулім тасты ауыл іргесіндегі “Қойтас” деген жерден алып тұлғалы Қарынбай деген кісі қыл арқанмен жалғыз өзі сүйреп әкелген.
Шара соңында Жанатай батырдың рухына тағзым етіліп, ескерткіш басында дұға оқылып, ас берілді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: шараға қатысушылар.