«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЙРАТТЫ ҰЛЫ ЕДІ

Мағжан Жұмабаевтың аты белгілі жерлестерінің бірі – Зейніш Шәріпов. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы ақын атындағы ауданның Сарытомар ауылында 1907 жылы дүниеге келген. Дәлірек айтсақ, Сасықкөлден (Мағжанның туған жері) 5 шақырым жердегі әкесі Рамазанның қыстауында туған.

“Ат аунаған жерге түк қалады” деген емес пе, атағы жер жарған ақын туған аймақта оған еліктеген жастар аз болмаған. Есімі алты Алашқа мәшһүр болған Мағжан ағаларын жерлестері қатты құрметтеп, жастар оған ұқсап өнерлі болуға тырысқан, өздеріне оны үлгі алатын аға тұтқан. Ақынның әсерімен бәрі де оқуға, білімге ұмтылып, өнер жолын қууды мақсат еткен. Сондай сергек жастардың бірі Зейніш Шәріпов еді. Ауыл арасы жақын, оның үстіне ағайыншылдық туыстығы бар болғандықтан, ол Мағжан туралы әңгімелерді жиі естіп, ақынның елге келген кездерінде оған жанасуды, әңгімелерін тыңдап, жақындасуды өзіне мұрат еткен жастардың бірі екен.

Ресми өмірбаянына қарасақ, Зейніш туған өңір кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда алдымен “Бейнетқор ауданы” деп аталады. Аудан орталығы “Шолақ Досжан” деп аталған қоныс болған. Осы жерге ағаштан үйлер салынып, мектеп ашылып, емхана бой көтеріп, ауданның кеңселері орнайды. Бірақ артынан, 1932 жылдардың аяғына қарай әкімшілік-аумақтық бөлініс ұлғайтылып, аудан орталығы 1893 жылы іргетасы қаланған “Булаев” стансасына көшірілген. Бұл кезде қазақ даласының тұрғындарының біршамасы аштықтан қырылып, біразы тайгаға қарай қопарыла көшкен еді ғой. Сондықтан аудан аумағы жалаңаштанып қалады. Осыны түзету үшін өкімет қазіргі Омбы облысының Есілкөл ауданынан Булаевқа бірнеше ауылдық кеңестерді аударған. Осының есесіне “Первотаров” ауылдық кеңесін Есілкөлге қосқан.

Зейніш Шәріпов сауатын алдымен ауыл молдасының алдынан ашады. Мағжанның әкесі Бекен болыстың ауылында білікті молдалар көп болған. Мағжан да өзінің сауатын алдымен осында ашқан ғой. Сондай бір молданың алдынан Зейніш те оқыған.

Ал жаз айларында Зейніш әкесі Рамазанмен бірге осы аудандағы “Пулеметовка” деген орыс селосы тұрғындарының малын бағыпты. Айта кететін бір жайт, Кеңес Одағының алдыңғы жылдарында қызмет еткен барлық белсенді азаматтар өз өмірбаянында кедей болғанын, жалшылықта жүргенін баса көрсетуге тырысқан. Өйткені, қызыл өкімет тек осындайларға ғана сенім артып, түгі жоқ “пролетариат”, тақыр кедей болғандарды ғана қолдаған. Зейніш те сол талапқа сай болмақ үшін анкеталық сауалнамасында өзін тақыр кедей етіп көрсетуге тырысқан сияқты.

1922-1925 жылдары ол “Шолақ Досжандағы” жаңадан ашылған мектепте білім алып, оқуын жалғастырады. Сол кездегі дәстүрмен ауыл жастарының ұйытқысы болып, белсенді комсомол да болады. Ал бастауыш мектепті бітірген соң жергілікті өкімет Зейнішті №4 ауылдық кеңес хатшысы етіп жібереді. Бұл 1925 жыл еді, ол кезде Зейніш 18 жаста ғана. Одан әрі Бейнетқордың болыстық “Кедей комитетінің” төрағалығына сайланады.

“Шолақ белсенді” атанып, осындай алашапқын қызметтерде жүре берсе жастығы өтіп, білімнен құр қалатынын ойлаған болуы керек, ол 1927 жылы бәрін тастап, Омбыда ашылған жұмысшы жастар факультетіне (рабфак) оқуға кетеді. Қазақ жастарының көбі алыстағы Орынборға (алғашқы рабфак сонда ашылған) жете алмай жүргенде ауыл іргесіндегі Омбыда да ашылғаны оқығысы келетін жастарға жақсы болады.

Жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын орта дәрежелі білім беретін мұндай факультеттерді Қызыл өкімет 1920-1930 жылдары көптеп ашқан болатын. Онда тек кедей табынан шыққан жастардың ғана оқу құқы болды. Алда-жалда шыққан тегі “дұрыс болмаған” жастар болса, шырылдатып дереу оқудан қуылатын еді. Сондағы бар айыбы дәулетті ортада туғандығы ғана.

1921 жылғы мәлімет бойынша КСРО қоластында осындай 59 “Рабфак” болып, оларда 25 мыңнан артық жас оқыған. Онда оқуға қабылдаудың шарты – 4 сыныптық білімнің болуы. Кейбір халықтар үшін дайындық курстары да ашылған. Соның бірі қазақтар, сөйтіп, оларға барлық оқу мерзімі 4 жыл болған. Сібірдегі “Рабфактар” Омбы, Том, Үркіт, Барнауыл қалаларында ашылыпты. Айта кететін жайт, бұл оқу орындарына ата-тегінде бір “шикілігі” болуына байланысты орталық ЖОО-лардан қуылған білікті профессорлар, үздік мамандар да сабақ берген. Олар орта дәрежелі оқу орындарының деңгейін көтеріп, оқыған жастардың жақсы маман болуына игі ықпалдарын тигізген. “Рабфакты” бітірген жастар ЖОО-ларға емтихансыз қабылданған. Осы оқу орнының тиімді екенін бақылаған өкімет 1930-1931 жылдардағы оқу жылында олардың санын 718-ге жеткізіп, елдегі барлық студенттердің жартысынан көбі осындай “рабфактарда” оқыпты.

1927-1930 жылдары Зейніш Шәріпов те Омбының “рабфагында” оқып, білім алған. Одан кейін “Бейнетқор” аудандық жастар ұйымының хатшысы болып істейді.

Кейін Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрі болған, қазақ өнерінің жанашыры, ұлтжанды ағамыз Әшімбек Бектасовтың “Лениншіл жас” газетінің 1967 жылғы 16 мамырдағы нөміріне шыққан “Екі кездесу” атты шағын естелігі бар. Онда автор өзінің Бейімбет Майлинмен екі рет қалай кездескендігі туралы әңгімелейді. Осы естелікте Зейніш туралы да айтылған.

Әшімбек Бектасов та Омбының “рабфагында” оқып, оны Зейніштен бір жыл кейін бітіріпті. Аталмыш естелігінде ол Омбы “рабфагының” соңғы курсында оқып жүрген бір топ студенттерді Қазақстан өкіметі 1930 жылы ауылды жерлерге аттандырып, ауыл шаруашылығын механикаландыру мәселесі бойынша үгіт-насихат жүргізуді тапсырғанын айтады. Осы сапарға шыққан автор “Бейнетқор” ауданында болып, онда жастар ұйымының хатшысы болып жүрген Зейнішпен кездескенін жазады. Енді осы естеліктен шағын үзінді келтіре кетелік: “Сасықкөлде бір қондық та келесі күні кешке Зейніштің үйіне жетіп қалдық. Ауыл қалың орманның ішінде: көпшілігі үстін темірмен жапқан үлкен ағаш үйлер. Біз бір көк күмбезді ағаш үйдің алдына келіп тоқтадық. Жап-жас, нәркес көз сұлу келіншек қарсы алды. “Бұл кісі біздің шүйкебас құрдасың болады, аты Қатша”, – деді.

– Е, осал емес екен шүйкебасың, бүкіл Омбының нелер кербезіне бұрылып та қарамаушы едің, осындай арудың иесі екенсің ғой, – деп күлдім.

Үйге кірдік. Зейніштің әке-шешесімен таныстық. Біраздан соң Зейніш күлімсіреді де: “Жүр, мен саған Қатшаның жұмыс бөлмесін көрсетейін”, – деді.

– Ол қандай жұмыс бөлмесі, қазақ қызында да жұмыс бөлмесі бола ма екен? – деп аң-таң қалдым. Қабырғаларына кілемдер ілініп, еденіне алаша төселген әдемі шағын бөлменің төрінде үстін қызыл шұғамен жапқан биік стол тұр. Оның үстінде қалам, қағаз, газет-журналдар жатыр. Кілем ілінбеген бір қабырғаны түгелдей кітап сөресі етіп қойыпты. Ол сөрелер қазақша кітаптарға лық толы екен.

– Осының бәрін оқыдыңыз ба? – дедім Қатшаға мойнымды бұрып.

– Мұның бәрін мен түгіл, Бейімбет ақын да оқып бітірмеген көрінеді. Түнеугүні сегізінші ауылға бара жатқанда ол кісі біздің үйге бір қонып кетті. Қайтарында тағы осында түспекші, – деді”.

Ал екінші күні Бейімбет Майлиннің келгені баяндалады. Зейніш онымен емен-жарқын араласып, тығыз қарым-қатынаста болғаны да суреттеледі. Бұдан оның бойына Мағжан ағасының әсерімен ақын-жазушыларға, жалпы өнер адамдарына деген зор құрметтің қалыптасқаны көрініп тұр.

Осы үзіндіден Зейніш Шәріповтың өзі ғана емес, әйелі Қатша да білімді болғаны білінеді. Тұрмыс-ахуалдары да сол кездегі күйлі халды көрсетеді. Ерлі-зайыпты екеуінің де сол кезде өте сирек болатын терең оқулы адамдар екенін сезесің.

Зейніш Шәріповтей білімді, оның үстіне алғыр әрі белсенді болып жүрген жасты өкімет ауыл арасында ұстап қалмайды. 1930 жылы оны Көкшетау қалалық комсомолының хатшысы етіп ауыстырады. Осында екі жылдай белсенді қызмет істеп, 1932 жылы партия қатарына өткен соң өкімет оны 1933 жылы Қарағанды облысы комсомолының екінші хатшысы етіп Петропавл қаласына ауыстырады. Ол кезде еліміздің солтүстігіндегі Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола және Қарағанды облыстары түгелімен “Қарағанды облысы” деген әкімшілік аумаққа қараған. Ал облыс орталығы Қызылжар қаласында болған. Облыс 1932 жылы құрылды. Кейін 1936 жылы оның аумағынан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары жеке отау тікті. Ал Көкшетау облысы 1944 жылы құрылды.

Бұл қазақ халқы үшін аса ауыр жылдар еді. Сталиндік-голощекиндік қолдан жасалған аштықтың кесірінен халқымыздың жартысына жуығы қырылып, біразы туған жерін тастап, босып кетті. Осындай кезеңде өкімет қызметін істеу өте ауыр болатын. Бірақ басқа салған соң амал бар ма, Зейніш Шәріпов те өкімет жұмысында жүріп, халқына қолдан келген жақсылығын жасауға тырысады.

1934 жылы Зейнішті партия солтүстіктен оңтүстік Қазақстанға бір-ақ “лақтырады”. Мұндай ауыс-түйіс болып тұрғанымен, бірден осыншалық қашыққа лақтыру ақылға сыйымсыз. Бірақ амал бар ма, партия айтса қайда бармайсың, Зейніш те отбасын алып Манкент МТС-нің (машина-трактор стансасы) саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметіне кірісіп кетеді.

30-шы жылдардың басынан ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру бойынша МТС-тер құрыла бастағанын білеміз. Олардың жұмыстарының тиімді жүргізілуін басқару үшін білікті кадрларды да өкімет сапырылыстыра беретін. Ресейдің орталық аудандарынан Қазақстанға 8 мың жұмысшы мен 1204 “жиырмабесмыңдықшылар” жіберілген. Олар бізде Ресейдегі ұжымшар жобасын қайталайтын қоныстандыру үлгісін орнықтырды. Өз ішіміздегі кадрларды да осы үрдіспен елдің оңынан солына немесе керісінше қуып бақты. Зейніш Шәріпов те осы үрдіске іліккен екен.

Келесі, 1935 жылы Зейнішті кезекті рет “лақтырады”. Бұл жолы ол оңтүстіктен батысқа жіберіліп, Ақтөбе облысы комсомолының екінші хатшылығына тағайындалады (Ол кезде сайлау деген тек аты ғой, сондықтан тағайындайды деген сөзді әдейі жазып отырмыз). Бұл жерде де ұзақ ұстамай, “Қазақ теміржол құрылысы” тресіне партиялық жұмысқа жіберіледі.

Бұл кәсіпорынның кеңсесі ол кезде Ақмола қаласында болатын. Сондықтан Зейніштің отбасы шиеттей баламен осы қалаға көшіп келеді.

Темір жол салудың барлық жұмыстары ол кезде қолмен істелетін. Жұмысшылардың қолында күрек, қайла, сүйменнен басқа құрал жоқ. Сонымен қыстың қара борандарында да жұмыс тоқтамай жүргізіле береді. Ол кезде шпалдарды топырақтың үстіне төсеп, рельстерді оған қолмен орнатады. Осының бәріне шыдаған халықтың қара күші 1931 жылдың 29 қаңтарында Ақмоладан Қарағандыға темір жолды жеткізген еді. Өкіметтің Қарағандыға жанталаса жол тартуының басты себебі – көмір екені белгілі. Осы жол тартылған күннен бастап жарыққа жылтылдап тұратын сапалы қара алтын Ресей зауыттарына ағылған.

Міне, осы жолды тартқан “Казжелдорстрой” тресіне 1936 жылы Зейніш Шәріпов те келіп, учаскелік партия ұйымының хатшысы қызметіне кіріседі. Бұл кәсіпорын үшін өте қиын, қатты алаңдаулы жыл болатын. Сталиндік қанды репрессия осы жылдан әрі өз күшіне ене бастаған. Сондықтан халық арасында бірін-бірі көрсетулер, ұстап берулер қатты еді. 1935 жылдың қаңтар айында осы кәсіпорынның басқарушысы С.Мрачковский ұсталып, ол “И.Смирновтың жасырын ұйымына мүше болып, оны қолдады” деген айыппен наурыз айында атылып кеткен еді. Енді НКВД сол ұйымға мүше болғандарды іздеп, қатты тінтуде болатын. Сондықтан жағдай барынша ауыр, сауысқаннан сақ болуды қажет ететін шақ.

Осындай моральдық-психологиялық ахуалы барынша ауыр, тұрмыстық қажеттіліктер қамтамасыз етілмеген қиын ұжымда біршама істеген соң Зейніш Шәріповті Қарағанды обкомына нұсқаушылық қызметке ауыстырады. Осы қызметте жүргенде Зейніш жол түсіп, Ленинград қаласында партия қызметкерлерінің сауатын жетілдіру курсына да барып, оқып келеді. Отбасы мүшелерінің саны да ұлғайып, кіші қызы, төртінші перзенті Қалқа да осында туады.

Соғыс басталған 1941 жылдың қыркүйек айында өкімет Зейнішті Қарағанды облысы Жезқазған ауданының бірінші хатшылығына тағайындайды. Сөйтіп, жігіт отбасын алып, аудан орталығы – Қарсақпайға көшіп келеді. Бұл өңірдің қазба байлығын академик Қаныш Сәтбаевтың ашқанын білеміз. Соғыс басталар алдында ол Қарсақпай тресінде геологиялық бөлімнің жетекшісі және бас геологы болып 1942 жылы Алматыға ауыстырылғанша істеген. Осы жылдары Зейніш Шәріпов ғалыммен тығыз араласып, достық қарым-қатынаста болған. Қанышты Алматыға да өзі шығарып салып, оның Жезқазған өңіріндегі еңбегі туралы: “Қаныш аға бас геолог бола жүріп бүкіл аймаққа әрі ақылшы, әрі сыншы, әрі кемеңгер басшы болды. Ауданның әлеуметтік хал-ахуалын көтеруде оның атқарған қызметі зор. Бүкіл Жезқазған-Ұлытау өңірі ұмытпастай болған 1931-1932 аштық жылдары жергілікті халыққа жұмыс беріп, нан тапқызып, аштықтан сақтады. Сондықтан да Қанеке қайда жүрсе де, біздің асыл ағамыз болып қала береді”, – деген екен.

Бұл сөздерді ақын Кәкімбек Салықов сол жылдары Қарсақпай аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Аллаяр Тәкеновтың өз аузынан жазып алыпты. (Салықов К., “К.И.Сатпаев и Большой Жезказган” жинағы, А-ты, “Жібек жолы”, 1999 жыл, 29-30-бб).

Жезқазған өңірі соғыс жылдарында КСРО металлургиялық комбинаттарының бәрін мыспен қатар марганец шикізатымен қамтамасыз етіп тұрды. Әсіресе, Қарсақпай мыс комбинатының өніміне деген сұраныс қатты болды. Өйткені, бұрын мыс алынатын Украина зауыттары енді жау қолында қалды. “Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан шикізатынан жасалды” десек, осының ішінде Қарсақпай мысының да үлесі бар. Сондықтан қазақстандық кеншілердің еңбегіне деген сұраныс шектен шығып, оларға белгіленген күндік нормалар мен жоспарлар үнемі арттырылып отырды. Соғысқа қатысу жасынан өтіп кеткен кексе ересектер мен балалар ғана жұмыс істейтін комбинат мұншалықты жүктемені көтере алмай, қатты қиналды. Ал өкімет оған қарап жатқан жоқ, тек “мыс бермыс бер” деп, бермегендер болса “жау” деп құртуды ғана білді. Осындай жағдайда ауданның бірінші басшысына жүктелетін шаруа да шексіз болатын. Отбасы, әсіресе, балалары оның үйде отырғанын естеріне түсіре алмайды. Үнемі жұмыста болатын ол үйге өте кеш келіп, таңертең балалар ұйықтап жатқанда қызметіне өте ерте кететін. “Жоспар-жоспар” деп дігерлеген өкімет оны орындамайтындарды тап, таппасаң өзің атыласың деген қорқытып-үркітуден бірінші хатшы әбден шаршайды. Сондықтан 1942 жылдан бастап өзін майданға жіберуді өтініп, бірнеше рет арыз жазады.

Соғыс жылдары мемлекеттік қорғаныс қорына халықтан қаражат жинау да қызу жүргізіліп жатты. Жезқазған ауданының бірінші хатшысы З.Шәріповтің Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы И.Сталинге ауданның 1 млн. 100 мың теңге жинап, өз үлестерін қосқаны туралы жіберген телеграммасы да сақталған. Соның соңғы азат жолында: “Тысячи трудящихся принимают активное участие в работе промышленных предприятий района, чтобы произвести дополнительное количество оборонной продукции. Месячник сбора средств продолжается” делініпті. Қолындағы еңбек қаруынан басқа түгі жоқ мыңдаған пролетарийлардан немізді аламыз, әйтеуір, олар қорғаныс өнімдерін шығаруда деген сөзді ұғу қиын емес… Бұған Сталиннің атынан алғыс телеграмма да келген екен.

Ақыры, 1943 жылдың тамыз айында Зейніш Шәріповті майданға алады. Алдымен Әндіжандағы 3 айлық офицерлер даярлайтын курсқа жібереді, оны аяқтаған соң майдандағы армияға аттандырады. Оның аға лейтенант атағын алып, формамен түскен суреті де сақталған.

Есіл ер Польшаның оңтүстігіндегі Варшава мен Краков қалаларының ортасындағы Сандомир қаласы маңында болған шайқаста қаза табады. Кейін отбасына Хамза Сәдуақасов деген азамат Зейнішті өз қолымен жерлегенін айтып келген екен. Ал Бекет Шәріпов деген ағайыны сол жерден 18 шақырым ғана қашықтықтағы әскери бөлімде болып, бір-бірімен телефон арқылы сөйлескенін, кездесеміз деп келіскен күннің ертеңінде Зейніштің оққа ұшқанын айтады…

Ағамыздың кіндігінен Кеңес, Сәуле, Марат, Қалқа есімді ұл-қыздар туған. Құдайға шүкір, бәрі де аман-есен ержеткен. Әкесі соғысқа кеткенде ең үлкені Кеңес 14 жаста екен. Одан кейінгі Сәулесі де есін біліп қалған, ал Мараты мен Қалқасы әлі тым жасты.

1944 жылы Зейніштің ерлікпен қаза тапқандығы туралы қаралы хабар келеді. Бұл хабар шиеттей баламен қалған жас анаға аса ауыр тиеді. Ол қайғыдан аурушаң болып, балаларға қарау қиындаған соң 1945 жылы Зейніштің әкесі Рамазан Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданындағы өздері тұратын ауылға көшіріп алады. Осы жерде Қатша 37 жасында қайтыс болады. Бір жылдан кейін Рамазан аталары да өмірден өтіп, жас балалар қиын тұрмысты кеше отырып, ағайындардың көмегімен жетіледі. Бәрі де оқып, жақсы білім алып, өмірден өздерінің лайықты орындарын тапқан.

Абзал әкенің басына барып, зиярат етуді ойлаған үлкен қызы Сәуле оның нақты қай жерде жерленгенін іздеп, Қорғаныс министрлігіне, Подольскідегі әскери архивке бірнеше рет хат жазады. Қарағанды пединститутында оқып жүргенде де, одан әрі Жақан Қошанов деген абзал азаматқа тұрмысқа шыққанда да әке жанын аңсаған қыз оған топырақ бұйырған жерді іздеуді жалғастыра береді. Алайда, “белгісіз” деген шығарып салма жауаптан басқа ешбір дерек ала алмайды.

Сәуленің жолдасы Жақан Қошанов 47 жасында Жезқазған облысы басшыларының бірі болып жүрген кезінде ауыр дерттен қайтыс болады. Ол туралы жазылған “Бір бәйтерек, бір шынар” атты кітапта азаматтың үлкен істері, халыққа, ұлтына жасаған жақсылықтары көп айтылады. Артында қалған үш баласын жетілдіріп, бәрін де оқытып, үйлендірген абзал ана – Сәуле Зейнішқызының өзі де 61 жасында өмірден ерте өтеді. Қайтыс боларында ол үлкен ұлы Ерланға атасы Зейніш Шәріповтің Польша жеріндегі зиратын табуды аманат етіп қалдырған екен.

Ананың сол аманатын ұлы Ерлан Жақанұлы орындап, Польшадағы Қазақстан елшілігінің көмегімен нағашы атасы Зейніш Шәріповтің қабірін 2005 жылы табады. Сөйтіп, Сандомир қаласындағы бауырластар зиратында 15487 нөмірлі болып жерленген аға лейтенант Зейніш Шәріповтің ұрпағы 60 жыл өткен соң оның рухына тағзым етеді…

Анасының аманатын толық орындаған Ерлан Қошанов нағашы атасының басына мұсылмандық белгісі бар тас орнатып, Варшава қаласының имамын ертіп барып, Құран оқытып, шағын ас береді. Анасы Сәуленің атынан иіліп топырақ тастап, оның рухына бас иеді. Сөйтіп, саналы ұрпақ ата алдындағы парызын орындайды.

Міне, “жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” дегендей, Зейніш Шәріповтің жарқын есімі бүгінгі күнге осылай жетіп отыр. Оның өмір жолынан “сталинизм” жылдарында қазақтың қызмет басында болған азаматтарының да қыл көпірден өткен ауыр тағдырлары мен көрген қиыншылықтары анық көрінеді. Солардың бәріне шыдап, халқына қызмет еткен қайсар ұлдардың есімдері мәңгі ұмытылмайтыны хақ.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp