«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ХАН МЕН ПАТША ҚАМАЛЫН ЕТТІҢ ОЙРАН»

Он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында тарих төріне көтерілген қазақ батырларының бірі – Қожық Мақашқажыұлы. «Қожық ұры», «Қожық қары», «Қожық жауыз» деген дақпырт атақ жылдан-жылға, ауыздан-ауызға жетіп, ақиқаты мен аңызы аңызғақ желдей халықтың жадында алакөбең күйде сақталды. Бірақ сол сұрапыл заманның салымын шала білген, айбынды мінезімен ғана емес, көкжиегі кең ақылымен болашақты меңзей алған адамдар болды десек, соның бірі – Қожық батыр.

Қожықтың тегіне келсек, Уақ-Қамбар Еркөкше-Ер Қосай-Жусан-Қылды батыр- Жантелі, Жангелді. Жантеліден-Ергенекті,Сарман, Шоға. Ергенектіден – Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз. Бұйдалы Уақтан – Қантай-Сәтібек-Құдайқұл- Қараман-Қасқаболат-Мақаш-Қожық. Қожықтан бес бала – Шоқатай, Текебай, Тәжібай, Жантөре, Байтөре (Балғожа). Шоқатайдан – Махамбет; Текебайдан – Ыбырай, Қамза, Қанапия; Тәжібайдан – Оспан, Жанахмет, Шалабай, Төлеген; Жантөреден – Қабдолла, Кәмел, Дулат, Бақыт, Мұрат, Бақытжан; Байтөреден – Сақатай-Көкен-Қуандық-Болат-Бастами- Сейтен-Дулат-Мұрат тарайды.

Қожық – Бидалы Уақтың басшысы, ел билігін ұстаған адам. Есілдің бойынан оңтүстігіне қарай Меңзей деген жерді жайлаған, қазіргі Куприяновка, Тоқсан би ауылдарына қарай, Қанжығалы жұртымен қатарлас отырған. Сол жерден Бетпақдаланың солтүстігіне дейін малын жаяды екен. «Кіпитанның» (Пресновканың) казактары Сексен батырды улап өлтіргесін, Тоқсан бидің соңына түседі, ебін тауып өлтіруді ойластырады. Бұл хабарды естіген Қожық Қарағашта отырған Тоқсан биді Меңзейге көшіріп алады.

Қожық – Кенесарының қарындасын алған күйеу баласы. Ол Кенесары қозғалысына 500 жылқы беріп, әскер қосқан. Қожықтың Бекежан дейтін баласы Шыңғыстың (Шоқанның әкесі) Рахия атты қызына үйленген, яғни Қожық – Шыңғыстың құдасы. Текебай дейтін ұлына Атығайдағы Жылғараның ұлы Әлібектің қызын әперген. Керей Шағалақтың Медебай атты атақты адамының Сексенбай, Шота, Шотбай, Құлғара, Мүк деген бес ұлы болған. Медебай Қожықтың қызы Нарқызды ба ласы Құлғараға алып берген екен. Бір аңызда Құлғараның өліміне себеп болған Нарқыз екені айтылады. Құлғара ашу үстінде әйеліне «Итжеккенге кеткен әкеңнің аузын…» деп Нарқызды боқтап, соққыға жыққан екен. Қатты назаланған Нарқыз қыстақтағы үйдің пешіне отынды көп салып, Құлболдыға меңдуана қосқан қымыз беріп ұйықтатып, сыртынан жауып, тұншықтырып өлтірген деседі.

Көнеден жеткен желаяңдау ақпаратта Қожықтың тоғыз қатыны, жиырма төрт ұлы болған дейді. Есенейдің ұйымдастыруымен Қожық балаларымен бірге «итжеккенге» айдалғанда өз әулетінен жетпіс екі әйел жесір қалды дейді. Тағы бір деректе 1863 жылы Есеней Қожықты ұстап абақтыға жаптырады. Алайда Атығай Жылғара, Қарауыл Кемел, Бидалы Уақтың байы Шәйтім, Шыңғыс, Уақтың старшыны Ықылас араға түсіп, Қожықты босатқызады.

Атақты Ерден әкесіне ас беретін болып, үш жүзге сауын айтады. Үш жүзден жиналған қонақтардың ішінде Керейден Есеней, Уақтан Қожық батыр шақырылады. Жан- жақтан келген қонақтарға ерекше көңіл бөлініп, жеке-жеке қотан тігіліп, жағдайлары жасалады. Есенейге арналып он екі қанат ақ орда тігіледі. Бірақ мұндай ілтипат Қожыққа көрсетілмейді. Бір күн, екі күн, бір жұма өзіне деген сый көзқарасты сезінбеген Қожық қатты назаланады да бір ойға келеді. Тіккен үйін түгел жығып, көшті аттандырып жібереді де қасына нөкерлерін ертіп, Ерденнің тойға деп семіртіп отырған бес жүз жылқысын бір түнде барымталап кетеді. Суық хабар Ерденнің басына түскен жайдай болады. Тез арада қол жинап, барымташыларды қумаққа шешім қабылдайды. Осы кезде Ерденнің шешесі баласына тоқтау айтады да, өзі қуып баратынын хабарлайды. Қожықтың қолының алдынан шығып, жол кеседі. Сонда Қожық:

«Ау, шешеке, шешеке, жолымды неге кесесің?

Ақ шаңдақ желдей құйындап кері есесің.

Ерден деген бос кеуде боқ жинаған,

Бопсалап алдым той малының есесін», – дейді.

Сонда Ерденнің шешесі:

«Әу, Қожық, еркесі Уақтың Ергенекті.

Ер едің қол жинаған терген епті.

Соншама той малына көз салатын

Алдыңды қалай кесіп Ерден өтті», – деп Қожықтан барымталанған малды қайтарып алған екен. «Ерденнің айыбы» деп отаулы қыз, үйір жылқы бергізген деседі. Ерденнің шешесі Шоға Уақтың қызы екен дейді шежіре.

Сол кездегі қазақтың көрнекті ақыны Қожамбет Ордабайұлының Әлібек батыр Жылғараұлы қайтқанда айтқан жоқтауына көз салсақ, онда Қожықтың Әлібек батырмен қарым-қатынасының ерекше болғандығы айтылады.

«Жиырма жасқа келгенде

Артық болып атадан

Ерегіскен дұшпанын

Шылбырменен матаған.

Жиырма беске келгенде

Ғаскер жиып, ат байлап,

Жолдас болып Қожықпен

Мұқатқан жауын айғайлап».

Бір үйде түстеніп отырған Асаубай шешеннің үстіне Қожық келеді. Қожық: «Дәмге кез келдім, жолым болады екен», – депті. Сонда Асаубай миығынан күліп: «Кезеген аяқ боқ басар», – дейді. Қожық Асаубайдың осы сөзіне кектеніп, біраз күн өткесін шешеннің бір үйір жылқысын айдап әкетеді. Қолды болған малдың соңынан қуып шешеннің өзі барады. Қожықтың үйіне кіріп келгенде: «Бұл кім-ай?» – дейді. Асаубай да айылын тартпай:

«Сұрасаң менің атым – Асаубай.

Жақсы-жақсы сөзім бар,

Жүк қып жиған жасаудай.

Өткір-өткір сөзім бар

Күпшекке салған қашаудай.

Жылқымды менің айдап кеп,

Шалқаясың аяғыңды баса алмай.

Тауды аударған зеңбірек

Уақыты жеткенде

Ол дағы қалар от алмай.

Атаң туған құмайдан,

Анаң туған лайдан,

Он жылқымды ұрлап кеп,

Қорықпайсың ба, құдайдан?

Үнемі атың келе бермес озып

«Ұрлық түбі қорлық» деген халық,

Түбінде сен де кетерсің, азып-тозып», – дейді.

Сөз батпаны қатты тиді ме екен Қожық шешеннің жылқысын қайтарып берген екен.

Кенесары қырғыз жерінде қаза тапқасын Қожық аман қалған сарбаздарымен бірге артта қалған ауылдарын жиып, Сыр бойындағы Қыпшақтарға аялдап, жапсарлас жатқан Қоқан хандығының көптеген малын олжалайды. Ол малдың ішінде Бошай Қыпшақ елінің сыйлы азаматы Әжібай датқаның үш үйір жылқысы да кетеді. Жылқысынан айырылған Әжібай мән- жайды барлап, Торы Қыпшақтағы Кезей тармағынан шыққан Досболға келіп мұңын шағады. Досбол шешен Әжібайды ертіп Қожыққа келеді. Қожық аттары әйгілі адамдарды екі-үш күн күтіп, қонақ қылады. Аттанарда «Бұйымтайларың бар ма еді?» – деп сұрайды. Сонда Досбол шешен:

«Хан мен патша қамалын еттің ойран,

Кене мен Науанға еріп, салдың сайран.

Ішінде Орта жүздің жақын едік,

Туысқа тимей тұр-ау, інім, пайдаң.

Әкең Мақаш, өз атың – батыр Қожық

Құрбыңнан дара шықтың болып озық.

Ас пен той шаһарлардың базарында

Бәйге алдың тұлпарларың келіп озып.

Сен жүрсің жау қамалын талай бұзып,

Дұшпаның тас-талқан боп кетті тозып.

Әрқашан көсемсілік көрсеткейсің,

Ағайын жәрдем күтсе қолын созып.

Осындай даңқың шығып тұрған шақта,

Кенеліп тұрғаныңда дәулет баққа

Алдыңа келгендерге көмек көрсет,

Барарын білмей тұрса қай тарапқа», – депті.

Істің мән-жайын ұққан Қожық: «Жауға деген жұдырық байқамай досқа тиген екен, жігіттер, жылқыларын жылдам қайтарыңдар», – деп сөзге тоқтаған деседі. Уақыт өткен сайын көптеген тарихи тұлғалардың тұғыры көмескіленіп, өз уақытының дерегі ретінде жиналған мәліметтер сортаң тарта бастайды. Өткендердің өмір жолы, ел басқарудағы қажырлы еңбектері, таланы мен талабы біз үшін таусылмайтын қазына, ендеше қаза берейік, қаза берейік.

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,

өлкетанушы, «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp